Тәуелсіздікпен келген тәуекел
2020 ж. 15 ақпан
1230
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы қыркүйектің 2-сі күнгі Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» деген еді. Бұл бағытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кезінде зор міндет қазіргі қолданып жүрген кириллицадан латын әліпбиіне көшу ісі арқылы атқарылатынына баса көңіл бөлгені мәлім.
Латын әрпіне көшу – елдік еркіндіктің, тәуелсіздіктің жетістігі. Сананың еркіндігіне, тәуелсіздігіне жасалатын шешуші қадам. Бүкіл түркі әлемі мен ынтымақтастыққа, әлемдік өркениетке бастайтын дара жол. Қазақстандықтардың ғана емес, әлемнің әр пұшпағында тұрып жатқан қазақ атаулының санасында рухани сілкініс туғызатын, Атажұрт үшін ерен маңтаныш сезімін шыңдай түсетін айтулы кезең.
Түйіп айтқанда, бүкіл қазақтың ұлт болып ұйысып, біртұтас халық болып жұдырықтай жұмылып, дамудың жаңа биігіне апаратын тағдырлы тәуекелдің алдында тұрмыз.
Не түрлі қиындыққа, тәлкекке ұшыраған асылымыздың – ана тіліміздің табиғи таза тұнығына жеткізетін латын әрпіне көшуде барлық қазақ бір кісідей жұмылатын кез келді. Тәлкек емей немене, күштеп енгізілген бір ғана жіңішкелік белгісі (ь) қосылып, қала көшелерінде жиі көрінетін «гульдер» сөзі қазақты мазақ етіп тұрғандай. Жаров, Житомир сияқты қазақ тілінде ж дыбысынан басталатын атау сөздерді орысша «Джамбул Джабаев», «Джезказган» деп жазғанға көндік. Алматы қаласының қақ ортасындағы Қазақ университеті қалашығында студенттер ғимараты төбесіне аспандата «Джолдасбеков сарайы» деп айғайлатқан атауды оқыдық.
Айта берсек, мұндай көп мысалдан сүрініп жығылатындай, айтылуы да, жазылуы да бұзылып, екпіні шатаса бастаған ана тіліміз туған топырағында, өз Отанында кең қолданысқа жарамайтын тіл атанып, шеттетіле бастағанына шыдадық. Қазаң ұлтының төлқұжаты іспетті асыл ана тіліміздің төрден есікке бұдан әрі сырғи бермей, мәңгілік елдің мәңгілік тілінің мемлекеттік мәртебесіне көтерілетін кезеңін күттік.
Міне, сол сәт туды. Әуезі де, әрі де ерекше, қайнары гауһардай таза, сөздік қоры аса бай қазақ тілін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін Елбасы латын әліпбиіне көшіруге тапсырма берді. Енді өткен кеңестік кезеңнің сананы улаған ескі салты мен жарға жығатын, «мен, мен» дегізетін дау-дамайы көп айтыс-тартыстан аулақ болып, ұлттың мүдде мұратына жетейік. Ұлттық үлкен сынақтан сүрінбей өтейік.
Халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Қазаң тілінің латынша әліпбиін құрастырушыларға біз сияқты қарапайым тіл жанашырларынан бір тілек – жаңа әліпбиіміз қазақ фонетикасындағы бір дыбыс бір символ, яғни бір әріп, ал ерекше дыбыстар пернетаңтадағы (мәселен, Qwerty) апостраф белгілерімен таңбаланып, екі символдың (үш емес) диграфтар екі-үштен аспаса екен.
Иә, латын әрпіне көшуде басты меже – қазақ тілінің дыбыс жүйесінің заңдылықтарының бұзылмауына жету екені түсінікті. Шапағаты мол Жаратушымыз қолдап, бұл меженің асуына абыроймен жететін күн жаңсылығымен келсін.
Қазақ тілінің латын әрпіне көшуі – мемлекеттік және жалпыхалықтық деңгейде атқарылатын аса жауапты әрі игілікті сан түрлі іс-шаралардың басы болмақ. Елбасы 2016 жылы жариялаған «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінің «Туған тілдің тұғыры бөлімінде: «Бізде әлі де бойымыздан арылмай келе жатқан бірі жаман әдет бар. Ол әуелі бастамаға бірден үн қосып, дүркіретіп әкетеміз, сосын уақыт өте келе істің аяғын сұйылтып,... іс аяғын ақсатып кететініміз бар. Осы кемшіліктен арылу керек...», «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халңы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында» – деді.
Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Елбасы толғанысы дайындығы 2012 жылдан басталып шешуші сәтіне жеткен осынау тарихи кезеңде бүкіл қазақты, ғалымдарды, депутаттарды, мемлекеттік барша қызметкерлерді ана тілімізді әлемдік дамудың даңғылына бастайтын латын әліпбиіне көшірудің бүге-шігесін бүгіннен ойластырып, жоғары білімділік, біліктілік, жауапкершілік биігінен көрінуге шақырып тұрғандай.
Мектепте бірінші сыныптан сабақ кестесіне енгізілетін 2022 жылға қазірден-ақ жан-жақты дайындықтың бағдар-жоспарлары түзіліп, жалпы жұрттың белсенді қатысуымен жүзеге асырылуы алдын ала ойластырылса, нұр үстіне нұр. Бұл орайда атқарылар іс ұлан-ғайыр.
Қазақ тілінің латын әрпімен әліпбиі қабылданғаннан кейін мән-маңызы ерекше үлкен қадам – асқан жауапкершілікпен, артынан өкініш, реніш туғызбайтын оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар кешенін жасау.
Бұл – ана тіліміздің саф қалпында ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жетуінің мәңгілік желкенінің үзілмейтін желбауының берік тұғыры болмақ. «Атың шыңқаса, жер өрте» дегендей, басқа айтар жаңалығы болмағандай, кезінде Білім және ғылым министрлігінің сонау жиырмасыншы ғасырдың басында ашыла бастаған жаңа мектептер мен бірге өмірге келген білім көзінің бастауы іспетті «Әліппе» атауын «Сауаташу» деп алмастырғанына таңғалып болғандаймыз.
Қазақ тілінің жаңа әліпбиінің оқу-әдістемелік құралдары қазақ және оқу орыс тіліндегі мектептерге қатар шығуы тиіс. Оңу орыс тіліндегі мектептердің сабақ кестесінде қазақ тілі пәні барын бәріміз білеміз. Оқу орыс тіліндегі мектептердің оқушыларының 70-80 пайызы қазақ балалары екенін әсте естен шығаруға болмайды. Олар өздерінің ана тілінің жаңа әліпбиін қазақ мектептеріндегі құрдастарымен қатар меңгерсін. Ағылшын, түріктілді мектептердегі қазақ балаларын да бөліп тастай алмаймыз. Өзбек, тәжік, ұйғыр, тағы басқа тілдерде оқитын күндізгі және кешкі мектептер шәкірттері де мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиімен шыққан оқу құралдарын асыға күтетіні күмәнсіз.
Ата-аналар балаларына көмектесуге даяр болуы үшін жалпы көпшілікке, үлкендерге арналған жаңа әліпби кітаптары мектеп оқулықтарынан көп бұрын шықса, тіпті жақсы.
Мұғалімдерді даярлау мәселесі де жедел қолға алынса, ләзім. Иә, бүкілхалықтық қолдауға жеткен, тәуелсіздікпен келген тарихи бастаманың көші түзу болса игі.
Сайраш Әбішқызы,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
qazaquni.kz