Шетелдік саяхатшылар Тасбазға көз тігеді
2020 ж. 15 ақпан
2585
0
Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаев халыққа Жолдауында: «Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет. Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет» – деді. Міне, осынау тапсырманы ел арасында ешбір ың-шыңсыз өз бетімен орындауға талпынып жүрген отансүйгіш азаматтар жоқ емес. Мақала авторының кейіпкері – сондай жандардың бірі.
Егер ғарыштық биіктіктен қараса, орбита кеңістігінде сұп-суық ақ шулан бұлттарға оранып, ақырын ғана маңып бара жатқандай әсер қалдыратын алып глобус іспеттес ғаламшардың бір бүйіріндегі осынау үш үйлі қыстақ көрінер ме еді, жоқ әлде, көзге ілікпей ме мүлде?..
Ай, ілікпейді-ау. Жер бетіндегі екі жүздей мемлекетке қарайтын жеті миллиардқа жуық тұрғыны бар нөпір-тасқын елді-мекендердің ішінен құлазыған қу медиен даладағы сіздің шошайған үш үйіңіз назарға қайдан түсе қойсын.
Дегенмен, көрінер еді. Шын көргісі келген адамға, әлбетте. Шын іздеген кісіге. Оның үстіне қазіргі қиялға сыймайтындай ұшқыр техника ғасырында космостық кемеде отырып-ақ цифрлық фоткамералар арқылы жорғалап бара жатқан жәндіктің мұртына дейін мөлдіретіп суретке тартып алатын таңғажайып мүмкіндіктер көбейген.
Енді бір мезет сол зеңгір көктен құлдилап төмен түсіп, қыран қанаты жететіндей қашықтықтан қиғаштай келіп, айнала шолсаңыз, айдаладағы осы мекеннің сырт көрінісінің өзі таңдандырмай қоймасы анық. Жусанды-тырсалы жатаған жалдар мен өкпек жел өтіндегі теңіздей толқыған бетегелі, қызылселеулі қырқалар қойнауында бұйыққан аппақ жұмырқадай жайлардың сыртында әлемнің түкпір-түкпірінен хабар алдыратын спутниктік антенналар сораяды. Бір шеті іркес-тіркесе күмбез шоқылар көкжиегіне сіңіп барып жоғалатын ұзақ-сонар бағаналар да осы шайқурайы мен шегіргүлі желбіреген құба жондардың озық дәуір өркениеті көшінен ешбір қалмағанын байқатып тұр. Онымен бірге ток болмай қалған жағдайда қолма-қол қоса қоятын жел мен күн агрегаттары және дайын. Бұл аз десеңіз, қосалқы электрстанса ол тұр. Мұнда аңдап қараған адамды селт еткізерліктей басқа да тартымды көріністер жеткілікті секілді.
Ал әлдебір шаруасымен келіп қалып, бірер күн қоналқа жатқан мейман кенет шырт ұйқыдан оянса, өзін жапан түздегі «Тасбаз» деп аталатын алақандай ғана қыстақта емес, кемінде, үлкен қаладағы жұлдызды мейманхана ғимаратында жатырмын ба деп сезініп қалары сөзсіз. Себебі, жаңа заманғы дизайнмен безендіріліп, соңғы үлгідегі жиһаздарбен жабдықталған кең шаңырақ бірден, расында да, жайлы қонақ үйлерді есіңізге түсіреді.
Мән-жайды түйсінген соң, тұрған бойыңызда, кереует тұсында жатқан сүйретпелерді іле сала, жетіп барып, үлкен терезені айқара ашып жібересіз. Ішке лақ етіп құйылған саф ауаны рахаттана сіміріп, кеуде кере тыныстайсыз да, Арқаның таң шапағына малынып, өрттей алаулаған қылқанбозды қырларын көресіз. Сонда ғана алып мегаполистегі қонақжайда емес, ерке самалы лекіген салқын тау бөктерінде жатқаныңызды аңдайсыз. Бұдан кейін бүйірдегі әжетханаға кіріп мұздай душ қабылдағыңыз келе ме, жоқ әлде, керіліп, ыстық ваннада жата тұрасыз ба – өз қалауыңыз...
Осындайда ойға кезінде сонау жеке бір аймақтарда «Күн қаласын» орнатуды армандап өткен Томмазо Кампанелла, Томас Мор секілді әйгілі утопиялық социализм өкілдері орала қалады. Оларды көпшілік замандас ғалымдардың қатты сынап, тіпті, қиял қуған әумесерлер деп әжуалағанын ойлайсыз. Қазір кімнің қателескенін кім түбегейлеп тексеріп жатыр, әйтеуір, шын ұмтылса, жұмақ болмаса да, соған жетеқабыл жер жәннәтын жасайтындай жағдайлар жоқ еместей ғой. Иә, қатты ықыластанса, қарағаны мен тобылғысы, құмдағы мен тастағы аралас қуаң даланы да құлпыртуға болатын сияқты. Нақты ниеттенсеңіз, бұлдырап сағым ойнап, жұлқынып жел гулеген алқапты да гүл жайнатуға болады екен...
Бұл тұста, әрине, соншама асқақ сөздердің қаншалықты орынды екенін кім білсін, бәрібір, белгілі іске деген үлкен сүйіспеншіліксіз ешбір арманыңыздың орындалмайтыны өз-өзінен түсінікті.
Тасбаздағы сырт көзді елең еткізетін басқа да көріністер дегеніңіз сол – ауладағы тұғырда «тепсе жілік сындырған қыран бүркіт мен едім» деп Сейфолланың Сәкені жырлайтынындай, қайрат-күші таудай тұрқы мен қанжардай сойдиған тырнақтарынан-ақ сезілген мұзбалақ құс отыр. Сонадайдағы киіз үй көлеңкесінде мүлгіп тұрған есік пен төрдей кертөбел аттың тура алдында аяғына басын сүйеп, бір мезет мұңайып ойлана қалғандай аш күзенше бүгіліп, құбарлан құмай тазы жатыр.
Расында да, қызық емес пе, қала мәдениеті мен дала өркениетінің шыңы құла түзде түйісе қалуы қалай таңырқатпасын.
Бұл күні қожайын да таңалагеуімнен оянған еді. Жер-жаһанды шыжғырған қырық күн шілде аптаптың беті қайтып, қоңырсалқын леп ескен жаймашуақ мезгіл-тін. Күні-түні ойды серік еткен көкірегі ояу адамның ұйқысы да сергек. Қунақ тұрып, аздап қызарған аялы көзі шырадай жанып, жақсы оянды. Асықпай барып жуынып-шайынды да, баяғы сал-сері бабаларының салтымен қойған шағын ғана дөңгелек сақалын аз-маз баптап, қол сыртымен иегінің астын қағып, айна алдында өз кескініне өзі олай-бұлай біраз ажырая қарап тұрған соң, жұмыс бөлмесіне кірді. Сәл отырып, компьютерді қосты.
Есенбектің Тілеуғабылы дейді бұ кісіні. Кейінгі «лауазымы» – фермер. Әлдебір тілшілер газет-журналдарға кәсіпкер деп те жазып жатады. Отставкадағы офицер. Біреулер бүркітші атайды. Әйтеуір, есімі бүкіл Орталық Қазақстан аймағына, қала берді республикаға белгілі азамат. Кәнігі аңшы. Ал Сарыарқа өлкесінде ұлттың құсбегілік Салбыруын салтын сонау Абай дәуірінен кейін қайта тірілткеннен бері, тіпті, әлемнің бірталай жеріне танымал бола бастаған жан. Бірақ өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылам деген ешбір даңғаза-дақпыртқа құмарлығы жоқ. Кішіпейіл. Сабырлы. Сыпайы. Әйткенмен, әр қадамын санап басатындардың санатына да жатпайды. Тік келетін жерде тік келіп, мәселені төтесінен қоятын кезі де жоқ емес. Жасы жетпіске таяса да ажары сыртында; қызылшырайлы жүзінен нұр төгіліп тұратын ақжарқын, мейірбан мінездің иесі. Әдемі әзілі де бар. Көбіне ұлттық дәстүрге, тарихқа ден қойғанымен, кез келген құбылысқа мейлінше ұтқыр, жаңаша көзқараспен келетін, жан әлемі де дарқан, жарқын сананың адамы...
Электронды поштасына үш-төрт хат келіп түскен екен. Алғашқысын ашып еді, Хорватияда тұратын Бриджит ханымнан келіпті. Ақын әйел. Кезінде Қазақ-француз альянсының директоры болған. Қазақстан бойынша Әлемдік Банкінің басшысы қызметін атқарған күйеуі екеуі осы Тасбазға талай келіп апталап жатып, Тілеуғабылмен бірге құс салудың қызықтарын тамашалаған. Қыстақпен іргелес жатқан Қазығұрт, Қаракемер, Қотыр Қызылтау, Сақалбайдың қыры, Қызылқия, Қатымет, Қоянды Қойтас адыр-белестерінің түкпір-түкпірін түгел аралап, суретке түсірген. Ел мен жер тарихына қатысты көптеген деректерге қаныққан. Енді соның бәрін пайдаланып, француз тілінде осы өлкенің қайталанбайтын табиғатына, қазақтың таңғажайып құсбегілік өнеріне, өмір салты-тұрмыс мәдениетіне арнап керемет фотальбом шығарыпты. Қуанып, соны хабарлаған беті көрінеді. Кешіктірмей біраз данасын салып жібереміз депті. Қастерлі қазақ жерін, сол өлкені мекендеген ғажайып халықтың мәдениетін сағынамыз, атқа мініп, құс ұшыруды аңсаймыз депті. Зайыбы екеуін қонаққа шақырыпты.
Әрбір материалды пайдалы іске жаратуларына қарап, ұқыптылық, ұсынықтылық деген осы-ау деп риза болып қалды шетелдік жолдастарына...
Күн сайын мұндай хаттардың бірнешеуі келеді. Астана, Алматыны былай қойып сонау Мәскеуден, Токиодан, Вена мен Лондоннан, Берлиннен, Ригадан... Толып жатыр. Дүние жүзінің тұс-тұсынан хабарласып жататын тілектестері көп.
Бәрінің де елшілері мен хатшылары кезінде осы үйден дәм татқан.
Тілеуғабылдың өзі жел қондырғыларын қойғаннан кейін Тасбаздың түбінен үлкен плотина салды. Одан бері де алты-жеті жыл өтті-ау. Енді екінші тоғанды салсам деп әрекеттеніп жүрген жайы бар. Соны біртіндеп үлкен көлге айналдырсам дейді. Көл болған жерде береке бар. Құс ұшып-қонады. Балық өседі.
Расында, шағын Тасбаз қазірдің өзінде үлкен бір дәстүрлі мәдени орталықтың міндетін атқара бастағандай екен. Былайша айтқанда, этнографиялық-туризм бағытында да жұмыс істеп тұрған шағын шаруа қожалығы. Жақын және алыс шет елдердің саяхатшылары келіп жатады, түрлі елшіліктер мен өкілдіктердің қызметкерлері жиі соғады. Кешелері ғана Жапония, Англия, Словакия, Латвияның елшілері болып қайтты. Олар, әрине, мұнда шәй ішейін деп келмейді, жергілікті халықтың тұрмыс-салтымен жақынырақ танысуға ұмтылады. Қазақтар қалай отырады, қалай тамақтанады немесе немесе атқа қалай мінеді, құсты қалай салады дегенге қызығушылық танытады. Сондықтан, елді жерге қаратпай биік деңгейде көрінуге ұмтыласың. Кейде осындайда өзін мемлекеттік деңгейде атқарылатын жауапты міндеттерді жалғыз атқарып жатқандай сезінетіні де жоқ емес. Қоғамдық негізде. Әйтеуір, халықтың биік мәдениетін сыртқы жұрт тани түссе кен деген ниеттен де.
Келешекте жақсы жол салуды армандап қояды. Жылқышыларға жылжымалы қос жасап берсем дейді. Әдемі. Жайлы. Ыңғайлы. Жатар орны жылы. Жарық. Содан соң оларды Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратса.
Қос дегені – вагон ғой. Жылжымалы. Тек іші-сыртын оймақтай қылып жабдықтау керек. Ток желісін тарту қажет.
Бұл – БҰҰ қаржысы арқылы атқарылатын үлгілік жоба. Ел игілігі бағытында осындай істер көбірек жолға қойылса, азаматтар ақылдырақ болса, әр мүмкіндікті тиімді пайдаланса деп тілейді. Кейінде ілгері басу үшін небір жағдайлар жасалып-ақ келеді. Дербес мемлекетпіз. Ешкім кедергі келтіріп отырған жоқ. Үкімет жақсы-жақсы заңдар шығарып жатыр...
Рас, кемшілік жоқ емес шығар. Бәрібір қолға алынып жатқан керемет шаралар бар. Соны пайдаланып, мемлекет іргесін нығайтуға, жеке жағдайымызды түзеуге жетесіздік танытып жүрген тағы өзіміз емеспіз бе деп те күмәнданады. Бір-бірімізді күндеп, бір-бірімізді етектен тартуды қояр емеспіз. Ай, қашанға дейін барар екенбіз бүйтіп?! Әйтпесе, атқарылды небір тәуір жұмыс. Мысалы, осыдан недәуір бұрын заң шығарды. Жаңадан шағын және орта кәсіппен айналысатын болсаң, үш миллион теңге ақша береді. Қайтарымсыз. Немесе жөндеу шеберханасын ашасыз ба – онда да үш миллион теңге және дайын тұр. Егер бұл қаражат жетпейді десең, алпыс миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік жасалған. «Сыбаға» деген таратылды. Қанша миллион алсаң да қолыңнан қақпайды. Үстемесі алты-ақ пайыз. Екі жыл каникул дегені бар. Бұл уақыт арасында ақша төлемейсің деген сөз. Міне, осыған сиыр сатып ал, қой ал. Керемет көмек емес пе.
Бірақ қолдағы дүниені орнымен іске асыру ақылға байланысты.
Бір таңырқайтыны – кейде қатардағы жұртты былай қойып, араласып жүрген кейбір ірі шенеуніктердің, білікті кәсіпкерлердің өздері әлгіндей Қаулылардың шыққанын білмейді. Сондайда амалсыздан: «Ей, расында, қайда бара жатырмыз?!» аңтарылмағанда қайтесің...
***
Сөйткенінше, қалта телефоны шырылдаған. Қараса, қоңырау шалған жапондық жолдасы Тацуо Ито екен.
– Тілеуғабыл, қал жақсы ма? Біз өзің білетін Гото досым екеуміз сенің Тасбазыңа барып қайтсақ, қарсы емессің бе? Құс салғаныңды көрсетсең... Біраз тау-тас арасын аралап, бой жазсақ, – дейді.
– Ойбай-ау, әрине! – деді қуана тіл қатып. – Қандай әңгіме болуы мүмкін. Келіңіздер!..
Расында, несіне тартынады. Бір қазан ет бар ғой үйде, әйтеуір. Табиғат тамашасына ынтыққан сергек көңіл адамдармен кең далада бір сәт саят құрудан аяна ма.
Телефон тұтқасын қорабына салып жатып тұғырда таудай болып отырған қыран құсқа қарады. Иесінің көңіл күйін аңдағандай, бүркіті Айсары да: «Иә, меймандарың келсе келсін, біз де көк жүзінде құмардан шыға самғап, өнерімізді бір көрсетіп қалайық!» дегендей саңқ-саңқ етті.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қарағанды облысы,
Шет ауданы.
qazaquni.kz