ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚАРАШАҢЫРАҒЫ
2020 ж. 15 ақпан
1608
0
Қазақ баспасөзі өз тарихында түрлі кезеңдерді бастан кешкені баршаға мәлім. Радио мен телеарналар атымен жоқ кездің өзінде арнаулы білімі болмаса да ұлт зиялылары баспасөз арқылы халықтың көзін ашып, санасын оята білді. Бүгінгі отандық бұқаралық ақпарат құралдары ғаламтор секілді заманауи жетістіктерді толық меңгерген. Дегенмен бұқаралық ақпарат саласына мамандар дайындау өз өзектілігін ешқашан жоғалтпайды. Білікті мамандар қай салаға болса да қашан да қажет. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті жетекші оқу орны болып табылады. Отандық БАҚ саласына бүгінгі күні кадрлар дайындау қалай іске асып жатқаны жайында университет профессоры Жетпісбай Бекболатұлының мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары үшін білікті журналист кадрлар даярлау мәселесі қашан да ғылыми және қоғамдық ортада күн тәртібінен түскен емес. Оның себебі түсінікті де: републиканың БАҚ индустриясы әлеуметтік институт және экономика саласы ретінде толықтай қалыптасқан соңғы жарты ғасыр беделінде ақпараттық технологиялардың шапшаң дамуы дәстүрлі журналистикаға деген көзқарасты түбірімен өзгертті. «Айшылық алыс» жерлерден көзді ашып-жұмғанша хабар алғызатын Интернет бүгінде баспагер, тележүргізуші, газет қаламгері мамандықтарының мазмұнын жаңа үрдістермен байытты. Бұл үрдістер қазақ қаламгерлерінің қарашаңырағы– әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне де тікелей қатысты. Факультет еліміздегі журналистер дайындайтын бірден-бір жетекші оқу орны болып табылады. Ол 1934 жылы ең алғашқылардың бірі болып құрылған, сонымен қатар ТМД елдері бойынша ең ірі факультеттердің бірі. 86 жылдық өзіндік тарихы бар факультет осы күнге дейін БАҚ-тың түрлі салаларына жоғары сапалы мамандарды даярлап келеді. Олар бүгінде еліміздің зиялы қауымының қатарында. Факультет түлектері отандық және шетелдік баспасөзде, республикалық, облыстық, аудандық мерзімді басылымдарда, баспаларда, радио мен теледидарда, орталық және жергілікті билік орындарында қызмет етуде.
Қаламгерлер қарашаңырағы қандай қиын кезеңдерді бастан өткерсе де, білікті профессор-оқытушылар құрамын сақтап келеді. Факультетте жоғары сапалы оқытушылар, белгілі ғалымдар мен БАҚ тәжірибелі журналистері дәріс беруде. Ұлттық журналистиканың ғылыми негізін қалаған Хабижан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов, Әбілфайыз Ыдырысов сынды ғалымдар еңбектері негізгі құндылықтар болып табылады. Қазіргі кезде факультетте «журналистика», «баспа ісі», «қоғаммен байланыс», «журналистика», «халықаралық журналистика», «дизайн» мамандықтары бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде дәрістер жүргізіледі. Факультетте ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар, доценттер мен тәжірибелі журналистер еңбек етеді. Бұрынғы журналистика тарихы, теледидар мен радио, баспасөз, әдеби редакциялау, халықаралық журналистика, баспа ісі және дизайн, ЮНЕСКО кафедралары ірілендіріліп, олардың орнын Баспасөз және электронды БАҚ; ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа; Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедралары басты.
Атын атап, түсін түстейтін болсақ, баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы газет және журнал редакцияларына маман даярлайтын басты орталық болып табылады. Кафедрада қаламының желі бар, стилі қалыптасқан, студенттердің шығармашылық қабілеттерін шыңдай түсетін білікті журналистер дәріс оқиды. Сондай-ақ кафедра электронды бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін ұстауға қабілетті талантты жастарды тәрбиелеуде. Кафедрада еліміздің тәжірибелі тележурналистерімен қатар тележурналистік шеберлік мектебі бар ұстаздар білім береді. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы болса халықаралық тақырыпқа жазатын журналистерді, білікті қоғаммен байланыс мамандарын, баспасөз хатшыларын даярлайды. Осы ретте «халықаралық журналистика» бағдарламасы заманауи әлемдік журналистика теориясы мен тәжірибесін еркін игерген мамандарды даярлауға бет бұрғанын атап өткеніміз жөн. Бағдарлама халықаралық қатынастардың қыр-сырын игерген, қазақстандық және шет елдердегі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеуге қажетті білім мен құзыреттілікке ие жоғары білікті тілшілерді, шолушыларды, редакторларды тәрбиелейді. Алған білім, дағды мен қабілет түлектерге шетелдік басылымдарда, халықаралық редакция бөлімшелерінде журналист ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы баспагерлік іс, дизайн және редакторлық қызмет саласына жоғары білікті кадрлар даярлау, кітаптану, библиография, шетелдік және отандық кітап басылымы бойынша теориялық білім негіздерін қалыптастыру, еліміздің редакторлық-баспагерлік нарығының және медиахолдингтерінің сұранысына сай мамандар тәрбиелеумен айналысады. Кафедра жастарды редакторлық баспагерлік іске, кітап өнімдерін көркемдік-техникалық безендіруге, тауарды тиімді жоспарлауға, кітап маркетингі мен менеджментінің экономикалық негіздерін меңгеруге, мерзімді басылымдар дизайнын жасауға баулиды.
Кеңес заманындағы әйгілі «Жизнь замечательных людей» сериясына ұқсастырып, университетте ұлттың тұғырлы тұлғалары туралы «Өнегелі өмір» топтамасы шығарылып келеді. Осы серияның факультетіміздің негізін қалаған Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов, Әбілфайыз Ыдырысов, Абдул-Хамид Мархабаев сынды ұстаздарымыз жөніндегі шығарылымдары жарық көрді. Соңғы жылдар беделінде ұлт тұлғалары Сағат Әшімбаев, Ербол Шаймерденов, Жұмабек Кенжалин атындағы арнайы дәрісханалар жабдықталып, студенттер игілігіне айналды. Жыл сайын түлектер күні өткізіліп, ұстаздар мен шәкірттердің сағыныса қауышуы, естелік шаралар өткізуі дәстүрге айналды. Мәселен, бүгіндері шаштарын ақ қырау шалған жетпісінші жылдар студенттері жуырда өз кураторлары Қабижан Пангерейұлы Құсайыновтың мерейтойына арналған республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өткізді.
Факультет журналистика тарихы мен қазіргі журналистиканың өзекті мәселелеріне, жарнама және қоғаммен байланыстың, телерадионың тиімділігіне, жаһандану жағдайындағы онлайн журналистиканың ерекшеліктеріне қатысты ғылыми зерттеулер жүргізіп, «ҚазҰУ Хабаршысы. Журналистика сериясы», «Қазақстандағы PR және БАҚ» ғылыми жинақтарын шығарып келеді. Студенттер мен магистранттар, докторанттар арналған «Жас ғалым» ғылыми журналында студенттердің республикалық және халықаралық деңгейдегі үздік ғылыми жұмыстары жарияланады. Факультет ғалымдарына ЮНЕСКО, Интерньюс, ЮНИСЕФ, АҚШ журналистикасын оқытушылар Ассоциациясы, журналистиканы зерттеушілердің Европалық Ассоциациясы, сондай-ақ Американың CNN, Ұлыбританияның BBC ақпараттық холдингтері және басқа ірі халықаралық ұйымдар қолдау көрсетіп отыр. Факультет оқытушылары мен ғалымдары АҚШ-та, Германияда, Швецияда, Польшада, Австрияда, Болгарияда, Түркияда, Қытайда және басқа елдерде өтетін семинарлар мен конференцияларға қатысуда. АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетімен, Пенсильвания мемлекеттік университетімен, Польшаның Адам Мицкевич атындағы университетімен және басқа шетелдік университеттермен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Тәжірибе шыңдау мақсатында оқытушылар мен студенттер алмастырылып, факультет ұстаздары шет елдерде ғылыми тағылымдамадан өту барысында жоғарғы оқу орындарында дәріс оқуда.
Осы ақпанның бас кезінде Одердегі Франкфурт қаласының жанындағы Польшаның Слубице шаһарында болған халықаралық ғылыми конференцияға қатысып қайтқан едім. Еуропа елдерінде журналист кадрлар әлеуметтік коммуникация, коммуникология мамандануы бойынша даярланатынынан хабардармын. Себебі, Батыста журналистика факульттері жоқ, олар Шығыс Еуропада сақталған. Дегенмен, бұл елдерде де мамандық өтпелі кезеңде тұр деп санауға болады. Мәселен, Чехия, Польша, Словакия сияқты елдердің университеттерінде журналистика бойынша білімді «Әлеуметтік коммуникация» кафедралары береді. Оскар сыйлығын иеленген «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмінің кейіпкері, телеоператор Родионның сөзіне құлақ түрсек, бір кездері «дүниенің бәрі тек теледидардан тұрып, кітаптың да, газет-журналдың да күні батады» деген пікір үстем болған. Бірақ, қазір баспа өнімдерінің көгілдір экранмен тайталаспай, бейбіт өмір сүріп жатқанына куәміз. Сонымен, теледидар тудырған пікір толқыны тарих жағалауына жетіп, ентігін басты. Ғаламды өрмекшінің торындай шырмаған Интернет дәурені туғалы «енді кітап атаулы келмеске кетеді, жұрт бірыңғай әлеуметтік желіге көшеді» деген пікір әлемнің қай түкпірінде де желдей есіп жүр. Бұл жерде бәрін де уақыт көрсетеді, деген уәжге сүйенеміз. Дуалы ауыздар журналистік кәсіп салалары мен мамандарды даярлау үрдісі дамып, жаңа мән мен мазмұнға ие болады, деп түйін түюде. Демек, қаламгерлердің қарашаңырағы да қанатын кеңге жайып, өркендеп, өсе бермек.
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
qazaquni.kz