Әмірхан Меңдеке: Тіл тағдыры таңбаға да қатысты
2020 ж. 29 қаңтар
3783
7
Адам баласы өзіне дейін жасалған, іске асырылған, өмірге енгізілген игіліктердің бәрін табиғи деп қабылдайтын мінезге ие. Сондықтан да болар, қазір қазақ қоғамында қаріп ауыстыруға қатысты пікірлер екіжақты. Әрине, дамуға ұмтылған қоғамда жалғыз пікірге бас шұлғып, «сенікі жөн» дей беру жөн емес. Бәрін де ортақ кеңеске салып, кеңінен талқылап шешкен абзал.
Қазақ әліпбиін латын нұсқасына көшіру мәселесі күн тәртібіне шығуы бүгін ғана емес. Бұл мәселе Тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдары-ақ көтерілді. Түркі жұртының басым бөлігі, бүтін Батыс осы жазу үлгісін тұтынады. Әрине, әрқайсысы өзінің тілдік иммунитетіне, дүниетанымына, ерекшеліктеріне лайықтаған. Күллі әлем байланыс құралы ретінде ағылшын тілін игеріп, соның таңбасын қабылдап жатқан уақытта, іргелі қазақ жұртының дүние көшіне ілесуге ұмтылысы әбден құптарлық нәрсе.
Сөз жоқ, кирилл қарпі өмірімізге дендеп енді. Соңғы сексен жыл ішіндегі тарихи, мәдени, әдеби мұраларымыздың бәрі осы қаріппен таңбаланды, мұрағаттарға сақталды, күнделікті қолданыста да жүр. Бірақ бұл қаріп қазақ жұртын тамырынан едәуір алшақтатқанын да мойындауымыз керек. Кирилл әліпбиі негізінде біз тілімізде мүлде жоқ дыбыстар мен таңбаларды қабылдауға мәжбүр болдық. Олардың күнделікті өмірімізге кіріккені соншалық, қаріп ауыстыру туралы мәселе көтерілгенде, қандай мәселеге болсын сергек қарайды деген зиялы адамдардың өзі өре түрегелді. Әсіресе, орыстілді бауырларымызда біржақты көзқарас басым. «Кирилл қарпінен бас тартса, қазақ күн көре алмайды, ұйыққа батқаны – батқан» дегенді осы күні дауылдатып айтып жатыр.
ХХ ғасыр басында қазақтың жазба тіліне орыс тілінің ықпалы жаңа байқалған кездегі қазақ зиялыларының реакциясы сүйсіндіреді. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ең алдымен ғылым көшіне ілесуі қажет екенін терең түсінді. Жасампаз ғалым бір өзі ғылыми айналымға мыңдаған сөз енгізді. Осы күні қазақ тіл ғылымының негізіне айналып отырған терең теориялардың бастауы Ахаңда жатқаны сөзсіз. «Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ, теңізде қалқып жүрміз көшпесі жоқ» деп алаңдап қана қоймай, өзі нақты әрекетке көшті. Мысалы, кейбір деректерде Ахаңның коммунистер сөзінің баламасы ретінде «ортақшыл» деген сөз ұсынғаны айтылады. Әрине, бұл сөз термин ретінде кіріккен жоқ, дегенмен қазақ тілінің мүмкіндігі мол екенін, кез келген терминді ұлттық таным негізінде туындатуға болатынын аңғартады.
Жалпы, мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. ХХ ғасырдың ортасына дейін, тіпті 1970 жылдарға дейін қазақ жұрты тілдік иммунитетін көп жоғалта қойған жоқ. Орта жастардағы адамдардың өздері кісі аттарын – Шодыр (Федор), Жәгор (Егор) деуді, ай атауларын – ғинуар (январь), октәбір (октябрь), техника атауларын мәшін (машина), тірәктір (трактор) деуді еш сөлекет көрмейтін. Кейінгі 30-40 жылда, әсіресе тәуелсіздік жылдары тілдік иммунитет қатты әлсіреді. Осы күні орысша акцентпен сөйлесек, қысылатын, ұялатын дәрежеге жеттік.
Мұның негізгі себебі – ұлттық жазу үлігісінің кирилл нұсқасына әбден бейімделуінде. Әрине, латын қарпін енгізу арқылы қазақ тілі әуелгі қайнар көзіне бірден оралады деу қате. Дегенмен осы бастан тіл заңдылықтарын қайта қарап, құрылымы мүлде бөлек орыс және ағылшын тілдерінің ықпалынан алшақтатып, нақты қандай дыбыстар мен таңбалар қалуы қажет екенін анықтап, іске нақты кірісу қажет. Қазіргі қазақ баласы ю және я дыбыстарының қос таңбамен (й+у, й+а) берілуін аз уақытта сіңіре алар, бірақ үш таңбамен (й+ұ+у) берілуін қабылдамасы анық. Сондықтан қазақ тілінің ХХ ғасырдағы даму эволюциясын да ескере отырып кіріскен дұрыс.
Жаңа ғасыр бізге тілімізді реформалауға, дыбыстық жүйемізді жаңғыртуға тамаша мүмкіндік беріп отыр. Ендеше, соны орнымен пайдаланайық. Қолданысқа енген күннен ортақ игілікке айналып жүре беретін әліпби жасай алсақ, қанеки...
Әмірхан Меңдеке,
жазушы, сыншы,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты