СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНЕ ШЫҚҚАН МЕРЕЙТОЙЫҢЫЗ МЕРЕЙЛІ БОЛСЫН!

0
1123

Қазақтың көрнекті жазушысы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Халықаралық Шолохов сыйлығының  иегері,

Махмұд Қашқари атындағы 

«Түрік әлеміне сіңірген еңбегі үшін»

Халықаралық сыйлығының лауреаты,

ҚР Еңбегі сіңген қайраткер

Сәбит Аймұқанұлы ДОСАНОВ мырзаға

 

Қадірлі Сәбит Аймұқанұлы!

Сізді  сексеннің сеңгіріне шығуыңызбен құттықтаймыз!

Ердің  мерейтойы -Елдің  ерен тойы деп біліп,  Сізге толағай табыстар тілейміз!

Еліміздің мерейін асырып отырған қазақтың көрнекті жазушысы – Сіздің қаламыңыздан туған ондаған шығармалар оқырман қауым рухани сусындап келе жатқан сүбелі туындылар болып табылып, Сізді өмірдің өзекті мәселелерін көтерген, өткір көркем сөз шебері ретінде танытты.

Таудай талантыңызды танытқан «Тау жолы», ел іздеп оқыған «Екінші өмір» романдарыңыз, Мемлекеттік сыйлықты иеленген, бес кітаптан тұратын  «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеяңыз қазақ әдебиеті қазынасына қосылған құнды дүниелер.

Әсіресе, көптеген шетел тіліне аударылған «Ақ аруанаңыз» қаншама жылдан бері әлемді аралап келе жатқанына куәміз. Міне, соның жарқын көрінісі, бірнеше жыл бұрын Парижде француз тілінде шықса, 2016 жылы  Бакуде туысқан әзірбайжан халқымен қауышты.

Сіздің  Қазақстандағы ең өнімді де, жемісті шығармашылық жұмыс істеп келе жатқан еңбекқор жазушы ретіндегі өнегеңіз елге  үлгі болады деп білеміз.

Қадірлі Сәбит Аймұқанұлы!

«Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы Сіздің өткір мақалаларыңыз арқылы бүгінгі заман мен Тәуелсіз Қазақстанымыздың маңызды мәселелерін көтеріп,  қоғамдық-саяси әлемге де үнемі үн қосып отырғаныңызды жақсы біледі.

Енді есігін ашып отырған Жаңа жылда  Сізге зор шығармашылық табыс, деніңізге саулық, шаңырағыңызға шаттық пен шапағат, бақ-береке тілейміз!

Тағы да Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойыңыз мерейлі болсын деп құттықтаймыз!

Өзіңізге әрқашан Алла жар болсын деп, Ақ жол  тілейміз!

Зор құрметпен, Азат ПЕРУАШЕВ,

«Ақ жол» партиясы төрағасы,

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.

 

 

 

БҮГІНГІНІҢ  СӘБИТІ

 

Терең теңіз жүзген алып кемесің,

Мерейтойың – мерейі асқақ белесің.

Өрге тартып келе жатыр өр есім-

Біздің қазақ атты тегін қоймаған,

Ұлы Сәбит жолын жалғап келесің.

 

Төрге өрлеткен төккен тер мен төзім шын,

Шығармаңды шырайлы еткен сезім шын.

Әуезовтен кейін мынау қазақта,

Үлкен сыйлық алған қазақ өзіңсің.

 

Ұлылардың талайынан бата алдың,

Басыңа да туды бір кез қатал күн…

Аман қалып апатынан ұшақтың,

Әдебиетте Ақсақ Темір атандың…

 

Өзісің ғой өрге жүзген дүлдүлдің,

Қанша еңбекпен келіп отыр бұл бір күн.

Шығармаңды оқымай-ақ сынайтын,

Сыншылардың барлығын да сындырдың…

 

Сапарларға шығасыз ғой сан әлі,

Ағамызды қыздар өзі табады…

Мәскеулерде қалған мәйкі көбейіп,

Туа берсін… туындылар бағалы…

 

Қаламыңмен Парижге де жеткенсің,

Қазақ-орыс арасында өткелсің.

Олжас аға құрметтейді көптен шын.

Насыр акам нағыз тауып айтқандай,

Сұлулардың Сәбитпазы көп болсын…

Құралайдан асқан бірақ жоқ болсын!

 

Жазушылық  із қалдырар ізгі өнер,

Кітабыңды жүре берсін  іздеп ел.

Аруанаңмен шарлап бүкіл әлемді,

Бүгінгінің Сәбиті боп Жүзге кел!

 

Қазыбек ИСА

2010 жыл.

Qazaquni.kz

Qa

Q

Q

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз