Абайдың 175 жылдығын тойлауға 3 миллиард теңге жұмсалады
2020 ж. 17 қаңтар
1795
3
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлауға 3 миллиард теңге жұмсалады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біз ақынның мерейтойын мерекелеуге арналған ірі іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Осыл шараларды өткізу қаражаты - үш миллиард теңге", - деді мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ОКҚ баспасөз конференциясында.
Мәдениет министрлігінің мәліметінше, Абай мерейтойының ресми ашылу рәсімі 2020 жылдың 21 қаңтарында Нұр-Сұлтандағы "Астана Опера" театрында өтеді. Абай шығармаларының жинағы 10 шет тілінде шығарылады, сондай-ақ Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы мен рөлі туралы үш деректі қойылымдық фильм түсіріледі. 2020 жылы тамызда Семейде "Абай мұрасы және әлемдік руханият" халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, оған танымал отандық және шетелдік ғалым-абайтанушылар, зиялы қауым өкілдері қатысады.
Сондай-ақ Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығын мұражайландыру, ақынның есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра нысандарын ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Оқу орындарында ашық сабақтар, тақырыптық шығармалар, баяндау және Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу байқаулары өтеді.
Республиканың барлық аймақтарынан "Абай жеріне саяхат" атты экскурсиялық турлар қарастырылған. Ғылыми конференциялар мен симпозиумдар, Абай оқулары, поэтикалық және әдеби фестивальдер, поэзия кештері, Абай шығармашылығын жақсы білуіне және оның шығармаларын орындауға арналған семинарлар мен конкурстар жоспарланған. Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан "Абай академиясы" ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Сондай-ақ, Абай шығармалары бойынша жалпыұлттық диктант өткізіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлауға арналған Жарлыққа қол қойды. Қазақ ақынының мерейтойын дайындау және өткізу бойынша жалпы республикалық жоспар әзірлеу тапсырылды. Бішкекте Абай ескерткіші ашылады.
Айта кетейік, Абай Құнанбаев 1845 жылы Семейден 180 шақырым жердегі Жидебай шатқалында дүниеге келген.