Қалдыбек Құрманәлі: АВТОБУСҚА АҚШАМ БОЛМАЙ, ҚАЛАНЫ ЖАЯУ АРАЛАҒАН КЕЗДЕРДЕ ТАЛАЙ ӘН ЖАЗЫППЫН...
2012 ж. 07 наурыз
3670
1
Билік басында отырғандардың мемлекеттік тілге деген ниеті түзу емес.
- Елді дүрбелеңге түсірген Жаңаөзен оқиғасына қатысты саяси көзқарасыңыз қалай? - Мен ол оқиғаны өз көзіммен көргенім жоқ. Жаңаөзен қаласын картадан ғана білемін. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарынан, ғаламтордан көрсетіліп жатқан сюжеттерге қарағанда мұнайшылардың әлеуметтік құқығы тапталғаны анық сезіліп тұр. Бұл жұрт айтып жүргендей маскүнем, бұзақылардың ісі емес. Мәселенің анық- қанығын білу үшін комиссия да құрылды. 6-7 ай бойы тұрғындардың аштық жариялап, билікке хат жазып жатқанын білдік. Олар биліктен өздерінің маңдай терімен тапқан айлықтарын ғана талап етіп отыр. Жаңаөзен қаласы құм даланың арасында орналасқан. Онда тұратын мұнайшылардың айлықтан басқа табыс көзі жоқ. Сондықтан кез келген отбасы бір адамның айлығына ғана қарап отырады. Көтерілістегі сюжеттерді қарап отырып, бір байқағаным үшінші күштің араласуы да әбден мүмкін. Бірақ мұндай жағдайлар қай кезде де болған. Маған жеткен мәліметтердің бірі – қазіргі сондағы прокуратура, қауіпсіздік комитеті мен полициял басшылығындағы кейбір азаматтар кезінде қылмыстық әлеммен байланысты болғандар көрінеді. Кейіннен сәтін тауып жоғары лауазымды иеленіп алған. Олардың барлығы халықтың көтеріліп келе жатқанынан хабардар бола тұра, «Халықтың қолынан не келе қояр дейсің» деген немқұрайлылықпен қараған. Кейінен Президентіміз Ө.Шүкеевті комиссияның төрағасы етіп жібергеннен кейін біраз нәрсенің басын ашылды. «Құдайдан емес, Құдайдан қорықпайтыннан қорық» деген халық даналығы бар. Қаншама адамның қаны төгіліп жатқан кезде, бөлінген қаржыны талан-таржға түсірген қала әкімінің жасаған ісіне таңқалмасқа лаж жоқ. Қайтыс болған адамдардың қырқы өтпей жатып шенеуніктердің жасаған қылмыстарына қарап амалсыздан күйінесің... - Жақында үлкен сайлау науқаны болып өтті. Сайлауға араласып жүрген азамат ретінде жеке пікіріңізді білуге бола ма? - Жасыратыны жоқ, Е.Ертісбаев та өз сұхбатында: «Шаханов қай партияға барса, ол «Нұротаннан» кейінгі екінші партия болады деп айтып өтті. Алайда осы сөзі арқылы басқа партиялар ішіне «Сендер осы Шахановтан сақтаныңдар деп» от салғандай болды. Сайлауда барлығы ойдағыдай болып келе жатқан. Бірақ жеме-жемге келгенде Мұхтар Шахановты Парламентке өткізбеу үшін небір қитұрқы әрекеттер жасалды. Қазір қолында еш билігі жоқ Шахановтың өзі ұлт үшін қаншама игілікті істер атқарып жатқанда, қолына мандат тигенде ие бола алмай қаламыз ба деп қорықты. Сондықтан да олар өздерінің айтқанына көніп, айдауына жүретіндерді іздестірді. «Руханият» партиясы сайлауға қатыспайтын болғандықтан, екінші партия ретінде «Ақ жолдың» өткенін қаладым. Бірақ барлығы да өзгеше болып шықты. Әйтпесе тым құрығанда 8 адамның ішіне Амангелді Айталы мен Бөріхан Нұрмұхамедовті, Қазыбек Исаны қосса, ешкім өкпелемес еді... - - 2020 жылы Қазақстанның 95 пайызы қазақша сөйлейді деген жоспар бар. Миға қаншалықты қонымды? - 2020 жыл тым ұзақ қой... Оған дейін әлі 8 жыл бар емес пе?!. Елбасымыз, Үкімет басындағылар дұрыстап қолға алса одан да тез уақытта меңгеруге болады. Мысалы, өмірінде тірі ағылшын көрмеген қаншама қандастарымыз ағылшын, түрік тілдерінің 6 айлық курстарын оқып, шетелде 1 жыл тұрып, сол елдің тілінде сайрап келіп жатқанын өз көзімізбен көріп жатырмыз. Оның қасында 8 жыл өте көп уақыт. Мұндай жағдайда мүмкіншілік пен ниет деген нәрсе қатар жүргені дұрыс. Ал біздегі билік басында отырғандардың мемлекеттік тілге деген ниеті түзу емес. - Қазақ елінің болашағына үшін жұмыс жасап жүрген азаматтардың бірісіз. Ұлтшылсыз ба, патриотсыз ба? - Меніңше ұлтшыл деген сөзден қашудың қажеті жоқ. Баяғыда өзіміздің алаш арыстары қудаланып жатқан тұста «Қазіргі билік ұлтшылдармен күресіп жатыр, ал болашақта ұлтсыздықпен күресетін болады» деп айтқан екен. Билік қауіпті бұрында ұлшылдардан күтсе, енді ұлтсыздықтан күтеді. Ұлтшылдар – болашақтағы халық қамын ойлайтын адамдар. Ал патриот дегеніміз – жай өз елінің бүгінгімен ғана өмір сүреді. Жеңіл-желпі қолданыла берілетін термин. Ұлтшылдарға қарағанда патриот ұғымының аясы әлдеқайда тар. Негізі Қазақстан халқының барлығы өзін осы елдің патриотымын деп ойлайды. Мысалы, жалпы ұлттық мүддеге еш қатысы жоқтар сенатор Ғани Қасымовтан бастап, барлығы өздерін патриоттармыз деп есептейді... - Толстой «Адамдардың екі тобы бар. Бірі айтарын алдын-ала ойланады, ал екіншісі, айтып болғасын бірақ ойланады» деген екен. Өзіңізді қай топқа жатқызасыз? - Өмірі өзімді-өзім кінәлаған емеспін. Егер біреудің шығармашылығын ұнатып қалсам, қай кезде болмасын пікірімді сол сәтте ашық айтамын, сосын ешқашан өкініп көрген емеспін. Осыған қарағанда ешкімге артық әңгіме айтпадым ғой деп ойлаймын. - Ал француздар айтады екен «Тіл адам ойын жасырып қалу үшін керек» деп. Жалпы осы тактиканы ұстанып көрген кезіңіз бар ма? - Айтылуға тиісті, бірақ айтылмай қалған нәрселердің болғаны рас. Себебі сол сәтте айтуға болмайтындығынан ішкі түйсігім хабар береді. Ал кей кезде айтылуға тиісті нәрсені 10 жыл бұрын ертерек айтып қоямын. Мысалы адамның болашақтағы орын алатын қасиеттері жайында дегендей... Үлкен қызметтегі адамдар болғасын кейде жақтырмай да қалып жатады. Алдыма көмек сұрап неше түрлі әншілер келеді. Ештеме шықпайтындарға «Сен бұл кәсіпті қой» деп бетіне айтамын. Олар «әнші боламын» деп ерегісіп кетеді. Мен ондайларға: «Кейін ғайыптан-тайып танымал өнер адамы болып кетсең, азар болса бетіме келіп түкіріп кетерсің» деймін. Осы мінезіме айналамдағылар да үйреніп қалған. Көңілдеріне алмайтын да болып кеткендері бар. Кейде тіпті әншілерді сынатып алу үшін де арнайы алдыма алып келеді. Пікірімді білдіргенде «Ол қай аймақтан келді?» деген сұраққа емес, «Қазақ ұлтына, мәдениетіне, ұлттық мүддесіне қаншалықты үлес қоса алады ?» деген оймен жауап беремін. - Журналистер қауымы сізге әнсүйерлігі де, әпенділігі де, әпербақандылығы да, әзілқойлылығы да итжығыс түсетін адам деп баға берген екен. Келісесіз бе? - Әпербақан деген маған келіңкіремейді. Ол жай қалжыңдап айтылған теңеу болса керек. Ал әпенді ұғымына келер болсақ, ол не істеп жүргендігін өзі де білмейтін, артында зілі жоқ адамға айтылады. Ал мен осы күнге дейін не істегенімді, болашақта не істейтінімді, барлығын бағдарлап отырамын. Әзілқойлылық жағына келер болсам, қалжыңдасатын адамдарымның алды 90-да болса, арты 10 жаста. Бірақ соның ішінде де кіммен әзілдесу керек екенін білемін. - Биік таудың басына қиялай ұшып қыран да шығады, жер бауырлап жылан да шығады. Ал сіз қалай шығып келе жатырсыз? - Ешқашан жер бауырлап көрмеппін. Көп нәрсені түсім арқылы жоримын. Бірде көріпкел кісі базардың қасынан тоқтатып алды. Ал мен ондай кісілерді жақтыра бермейтін болғандықтан: «Апа, сізге керегі ақша болса былай-ақ берейін» деп едім, ол кісі бас тартты. Менің өнер адамы екенімнен хабары да жоқ екен, бірақ тағдырым жайлы біраз нәрселер айтты. «Сен талай қиыншылықтарды өткеріп жүрсің, себебі отың сақтап жүреді екен» деді. Расында түсімде ылғи от көретінмін. Егер биікке шығып келе жатсам, сол оттың арқасы ғана деп білемін. - Бір сұхбатыңызда қазақы ырымдарға сене бермеймін деп едіңіз... - Жоқ, ырымның да ырымы бар ғой... Түс көріп, оны жорығанды дұрыс көремін. Мысалы, үлкен іссапарға шығарда, үлкен жобаларға кірісер кезде түсімде тұлпар көремін. Ол сәйгүлік әркезде әртүрі болып келеді. Бірде жайдақ келсе, енді бірде әбзелдерімен. Ояна салып түнгі сағат үш болса да әйелімді оятып жеті нан пісіртемін. Жайдақ келген атты көргенде «Осы істі бастамай-ақ қойсам қалай болады?» деп ойланамын. Алайда алдын-ала келісім шартқа отырып қойғасын жасаймыз. Түбінде ойдағыдай шықпай жатады.
Ал мен автобусқа да ақшам болмай, қаланы жаяу аралап жүргенде талай ән жазған екенмін...

Сұхбаттасқан
Айдана АЛАМАН