Елордада Абайдың 175 жылдығына орай кітап көрмесі өтті

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 2020 Жаңа жылдың бастамасы ретінде бірнеше кітап көрмелері болып өтті. Атап айтатын болсақ, 2020 жылы аталып өтетін Алтын Орданың 750 жылдығы, әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына, «Волонтер жылына» және «Журналистика ─ дәстүр мен жаңашылдық жаршысы» кітап және фотокөрмелер ұйымдастырылды. «Абай тағылымы» атты иллюстративті-кітап көрмесінде ұлы Абайдың өмір жолы мен шығармалары, дүниетанымы мен баға жетпес мұрасымен таныстыратын 8 бөлімнен тұрады. «Қалың елім қазағым...», «Абай туралы», «Абайдың дүниетанымы», «Абай шығармалары туралы», «Қазақ халқының рухани асыл мұрасы», «Мерзімді басылымдар Абай туралы сыр шертеді», «Абай» романы – қазақ өмірінің айнасы, үлкен шежіресі», «Абайдың бейнесі суреткерлер көзімен» атты бөлімдерде ұлы Абай тек қазақ халқының ғана ақыны емес, әлемдік әдебиетке ортақ тұлға ретінде көрсетілді. Былтыр 2019 жылы Абай өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы мемлекет төңірегінде және шет мемлекеттерде басталған болатын. Ләйлім-Шырақ есімді 9 жасар оқушы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Абай өлеңін оқу эстафетасын жолдап, мемлекет басшысы бастаған Абай челленджі барлық ел болып қатысты. Дәл осы игі бастаманы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұжымы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызынан қабылдап алып, жалғастырған болатын. Сонымен қатар, дәл осы күні, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының жастары зиялы қауым өкілдерімен бірге Абай –Челлендж – ақындық эстафетасын бастады. «Әл-Фараби мұрасы» атты өте кітап көрмесінде Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен қызметін жайында баяндайтын 400-ден астам кітап, фотосуреттер, карталар мен дәйексөздер ұсынылды. Көрем 5 бөлімнен тұрады: Көне Отырар – өркениет бесігі, Ұлы Жібек жолымен, Шығыс пен Батыстың үнқатысуы, Әл-Фараби еңбектері – ақыл-ой қазынасы, Әл-Фараби және қазіргі Қазақстан. Сондай-ақ, аталмыш көрмеде ерекше кітаптар, түрлі-түсті альбомдар, уақыттың тынысы мен рухы, түрлі мәдениеттер мен діндер араласатын керуен жолдарының қиылысында орналасқан ортағасырлық Отырардың айрықша ахуалы, шуақты, көп қырлы түркі қаласы көрнекі түрде жеткізілді. Араб елдеріне жол тартқан жас әл-Фараби өз жеріндегі Отырар кітапханасындағы әлемдік әдебиеттің асыл қазынасымен танысу мүмкіндігіне ие болды (кітапхана тарихы туралы қысқаша ақпарат ұсынылған). «Айбынды Алтын Орда» атты кітап көрмесінде Алтын Орда мемлекетінің құрылуын, даму тарихын, күйреуін баяндайтын 160-қа таман кітаптар, фотосуреттер, карталар мен дәйексөздер ұсынылды. Көрме 3 бөлімнен тұрады: «Алтын Орда мемлекетінің құрылуы», «Алтын Орда мемлекетінің даму тарихы мен ыдырауы» және «Ұлытау - Алтын Орда бесігі» . «Әлемді жақсы жаққа өзгерт» атты кітап және фотокөрме де ұйымдастырылды. Кітап көрмесінің мақсаты – еріктілік бастамалардың қарқынды дамуына қолдау көрсету және ҚР-да волонтерлік мəдениетті дамыту мақстыннда ақпараттық қамтамасыз ету. Көрменің басым-бағыты: Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтерлар» жылы деп жариялаған болатын. Ерікті волонтер болу дегеніміз риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау, төрт қабырға ішіне қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандардың қызықты да əсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуы үшін көмектесу, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу, қолынан келгенше сүйеу бола білу деген сөз. Ол екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ерікті волонтерлер болу үшін адамдарға ниет білдіру, жаны ашып, есіркей білу, ашуды ақылға жеңдіре білу, командада жұмыс жасай білу ғана емес, адалдық, парасаттылық сияқты адамгершілік қасиеттер керек. Осы мәселелерге назар аударту мақстаында «Әлемді жақсы жаққа өзгерт» атты кітап және фотокөрме ұйымдастырылып отыр. Кітап көрмесінің мақсаты: Еріктілік бастамалардың қарқынды дамуына және ҚР-да волонтерлік мəдениетті дамыту мақстаында ақпараттық қамтамасыз ету. Кітап көрмесінің міндеті: Еріктіліктің әлемдік тәжірбиесін, қазақ даласындағы көмек көрсетудің дәстүрлік көрнісін, жастарға әсері мен оңтайлы жағын жекелеген тақырыптар аясында қазақ қоғамына көрме арқылы жеткізу. Ал «Журналистика ─ дәстүр мен жаңашылдық жаршысы» атты кітап және фотокөрмесінде оқырмандарды Ұлттық академиялық кітапхана қорындағы қазақ журналистикасының тарихы мен бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы жайындағы кітаптар таныстырылды.