Бауыржан рухы қайта сілкінді
2019 ж. 31 желтоқсан
3713
0
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде Алматы қаласы Медеу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор, запастағы полковник Ким Серікбаевтың мұрындық болуымен Александр Бектің орыс тіліндегі «Волоколамск тас жолы» кітабының жаңа басылымының тұсаукесері өтті.
Батыр рухын қайта сілкінткендей дүбірлі іс-шара мазмұнды оқырмандар конференциясына жалғасты. Онда танымал тұлғалар сөз сөйлеп, әскери оқу орындарының курсанттары мен мектеп оқушылары кітап тараулары бойынша мазмұнды баяндама жасады.
Кешке құрметті қонақ ретінде әйгілі генерал И.В.Панфиловтың немерелері Айгүл және Алуа Байқадамовалар, сондай-ақ даңқты қолбасшы, Совет Одағының Батыры Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова мен Баукеңнің немересі Ержан Момышұлы қатысты.
Біз оқырман назарына мәслихатқа арнайы келіп естелік айтқан Халық жазушысы, Еңбек ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің лебізін қаз-қалпында ұсынуды жөн санадық.
– Бүгінгі әңгіме халқымыздың сүйікті перзенті Бауыржан Момышұлы жөнінде ғой. Бұл тұрғыда еске түсетін нәрсе – біздің кейінде «ұлы» деген сөзді көп айтып, қадірін кетіріп алғандығымыз. Осы дұрыс емес. Ұлылар қатарында Абылай, Шоқан, Абай, Әуезов және Бауыржан сияқты тұлғалар ғана аталғаны жөн.
Баукең – өте уникальный адам еді; мінезі жағынан да, қабілеті жағынан да, ойлау, сөйлеу жағынан да...
О кісіні түсіну өте қиын болатын. Былай қарағанда, подтянутый, стройный, твердый... С твердым решительным лицом... Сондай адам. Ал араласып кеткен кезде оның бойындағы даналығынан гөрі балалығы басым сияқтанатын еді. Мінезі тік... Ол да өз алдына, Баукеңнің өзіне өте үйлесетін, жарасатын қилы-қилы қызық мінезі де жеткілікті-тін. Әлбетте, сондай интеллигентный адам.
Москвадан жоғары, солтүстік-батысқа қарай өрлейтін теміржол бойында Калинин деген үлкен қала болды. (Қазіргі Тверь. Қ.М.). Сонда Әскери академия орналасқан. Баукең, міне, осында сабақ берді.
Жалпы, Бауыржанның таланты – полководческий талант. Яғни, ол полкті де, армияны да, корпусты да басқара алады. Бірақ адамның тағдыры деген біз біле бермейтін аса қиын нәрсе ғой. Ол пенде баласының өмірін қолма-қол өзгертіп жібереді. Иә, Баукеңде әскери санатта жоғары дәрежедегі елде жоқ айрықша талант болды. Ол әр кезеңде взводты да, ротаны да, батальонды да, полкті де, дивизияны да басқарды. Өкініштісі, Бауыржан әскер қатарынан ерте кетуге мәжбүр болды. Әйтпесе армияны да, фронтты да басқара берер еді.
Оны Куба елінің серкесі Фидель Кастроның арнайы шақыртқанын білесіздер. Куба – жан-жағын мұхит қоршаған кішкене ғана арал. Арғы жағында, қол созым жерде – ұлы держава Америка Құрама Штаттары тұр. Бұлардың Кубаны басып алу пиғылы болғаны да мәлім. Сол барған сапарында Баукең Куба әскері басшыларына: «Сендер қорғаныс шебінде шайқасу тактикасын қолдана алмайсыңдар. Себебі, шегінетін жерлерің жоқ. Ал совет өкіметінің жөні басқа. Шет-шегі жоқ, ұлан-ғайыр жері бар, орыстың сібірлік қысы дегендер болады. Олар бір кезең шегіне отырып, қайтадан ұтқыр шабуыл ұйымдастырады. Ал сендерге өйту мүмкін емес, шегінетін жерлерің жоқ. Сондықтан тек алға ұмтылып, үнемі шабуыл жасауларың керек.
Ойлап қарасаң, Бауыржанның осы сөзінде қаншама чисто стратегический шындық жатыр.
Бұл – бір. Екіншіден, Баукеңнің артында қалған нақыл сөздері, ғибратты жазбалары көп. Ол – сарқылмас рухани қазына. Міне, соны мына отырған жастар бойларына сіңірулері қажет.
Менің білетінім, сонау соғыс жылдарында Бауыржан Момышұлының аты әйгілі генерал Василий Панфиловтың фамилиясымен қатар аталды. Баукең – сол қиян-кескі соғыста белгілі ғана қару-жарақ көмегімен қол астындағы әскерін қаншама мәрте ажал тырнағынан аман алып шыққан командир.
Бірақ бізде жөн білмейтін, іші тар, пиғылдары нашар жігіттер көп қой. Олар Бауыржанның газеттен-газетке, басылымнан-басылымға шығып, Панфиловпен қатар аталған даңқын асырып, оны лайықты мақтан тұтып, көтермелеудің орнына үнемі етегінен тартып, басына нешеқилы пәленің бәрін үйіп-төгумен болды.
Бізде халық абыройын жер-әлемге асқақтатқан Баукеңдей тұлға жоқ. Бірақ біз оның жанын жаралап, адал есіміне күйе жағып, әлгіндей жамандықтың бәрін пасық ісімізбен доказали! Конкретно доказали!
Иә, сол елуінші жылдары оқуда жүрмін. Баукең кімнен, қалай естігенін білмеймін, мені тауып алды. Жаңа ғана үйленген кезім еді, бір кішкене бөлмеде тұратынбыз. Содан батырды қонаққа шақырдым.
– Ой, сен оны қой! – деп күлді. Қала орталығында «Прага» деген ең қымбат, ең сәулетті ресторан бар еді, менің өзімді соған алып барды. – Сен ашқұрсақ жүрген студентсің ғой. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» – менің арқамда бір тойып қал...
Сөйтіп, кейін онда бір емес, тағы да талай соқтық.
Бір күні біздің сабағымызға келіп, мені шақыртып біреуді жұмсапты. Жолдас жігіт құлағыма сыбырлап:
– Сені Бауыржан Момышұлы сыртта күтіп тұр, – деді. Лекциядан сұранып шығып, бардым.
Түріне қарасам, жүзінде әдеттегідей от жоқ, қатқыл, жігерлі, сұсты өңі сәл жасып қалғандай көрінді. Қабағында кірбің бар. Бірақ мұның не реніш екенін біле алмадым. Содан амандасқан соң ол:
– Қазір біздің гостиницаға барайық, – деді.
«Цветной бульвар» деген бар еді, соны бойлап, Қызыл Армия драма театрының сыртында орналасқан кілең полковник, генералдар тұратын қонақ үйіне тарттық. Келген соң Баукең «нөмірге әкеліңіз деп» шәй-пайға заказ беріп, екінші қабаттағы бөлмеге көтерілдік.
– Әбдіжәмил, – деді. – Бұрын өз қазағым етектен тартып, жағамнан алатын еді, енді орыс ағайындар да маған қаһар төге бастады. Мені досрочно пенсияға шығарды. Мен – бір ғана профессияның адамымын. Оны өзің жақсы білесің. Халық та біледі. Мен соғыста жаумен күресуге жаралған жанмын. Білетінім – осы. Ал мені мерзімнен бұрын пенсияға шығарып отыр. Енді не істеймін? Қайда барамын?! Халқымды білемін ғой. Ондағы жігіттерді білемін ғой. Енді, амал жоқ, өзімді сыртымнан қолдарын шошайтып көрсетіп, мазақтап, сықсыңдап күлетін адамдардың ортасына бармақшымын. Пойызға билет те алып қойдым...
Қалай жұбатарымды білмей, жаным ышқынды.
Шығарып салдым. Жолдастарым – Зейнолла Қабдолов пен Тахауи Ахтановқа Баукеңді жақсылап күтіп алыңдар деп срочный, обстоятельный телерграмма салдым.
Оқуды бітіретін жылым ғой. Май айының басында елге келсем, Баукең үй алыпты. Дзержинский көшесі... Гогольден төмен, үш бөлмелі үй деп естідім. Екінші қабат... «Енді өзі не істеп жүр?» деп сұрағанымда, жазушылық жолға түскенін, «Наша семья» деген кітабын шығарғанын білдім. Одан соң «Спина» деген әңгіме жазыпты. Чисто психологический әңгіме. Мұндай шығарма жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Қорқақтықтың бірінші белгісі адамның жон арқасы арқылы білінеді екен ғой. Осындай тақырыпта жазылған туынды...
Анда-санда телефон соғатыны болатын еді. Мен, өзі, Баукеңнің, Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың дауыстарын бірден ажыратамын. Бірде Баукең:
– «Ал-ло!» – деп хабарласып тұр.
– Бауке, ассалаумағалейкум!
– Тоқтағын!..
Батырдың кейбір сөздерді осылай бұзып айтатын мәнері бар еді. Мысалы, «больницаны» «бәлнісә», «милицияны» «мілисә» дейді.
– Тоқтағын! Мен Жамбылдамын ғой, – деп сөзін жалғады. – Туған жерім Бурный ауылына барып бір айдай жаттым. Бұл уақыт аралығында мені жоғары жақтан қыбыр етіп іздеген жан баласы болған жоқ. Енді Жамбылға келсем, обкомның бірінші секретары: «Бауке, ауылда жатқаныңызды білеміз. Енді мұнда келгеніңіз жақсы болды. Қазір обком мен облисполком қызметкерлерімен встреча жасаймыз» – дейді. – «Жоқ, қажет емес. Мен ешкіммнен кездеспеймін!». – «Жо-о, болмайды, Бауке! Халқыңыз ренжиді». Содан қойшы, зорлағандай қылып, мені Мәдениет сарайына алып келді. Облыстық атқару комитетінің предсетателі екеуі екі жағымнан қаумалап, президиумға отырғызды. Одан сөз сөйлеңіз деп, трибунаға шығарды. «Жоқ, қажет емес, сөйлемеймін!» десем де болмайды. Содан сөйледім. Не дедің десейші!
– Иә, не дедіңіз, Бауке?
– Мен былай дедім:
Қас-қабағым мұң тұнған,
Атадан жалғыз мен туған.
Бір дастан айтып берейін, –
Ояншы, обком, ұйқыңнан!
– Қалай ойлайсың, осы сөзім ұнады ма әлгі бастықтарға?
– Әй, сірә, ұнай қоймаған шығар...
– Иә, әрине, ұнаған жоқпын. Бірақ өздерінен көрсін. Менің жазығым не?!.
Міне, мен білетін Баукең осындай еді. Енді сөзімді аяқтайын. Басқалар да сөйлесін, – деді Әбдіжәміл аға.
Құлан САҒАТҰЛЫ
qazaquni.kz