Қазақ анимациясы, ҚАЙДАСЫҢ?
2012 ж. 06 наурыз
3491
3
Қазіргі таңда теледидар, интернет ойындарын, газет-журналдарды былай қойып, балалардың ойыншықтары мен киімдерін түгелдей шетелдік кино мен анимация кейіпкерлері жаулап алған. Қазіргі тілмен айтқанда олардың әрқайсысы – бренд болды. Жақсы жарнама арқасында олардың әрқайсысы өз елінде ғана емес, сонымен қатар дүниежүзіне тарап, үлкен сұранысқа ие болып жүр. Осындай жолдармен көрермендерді қызықтырып, өздеріне тартып, рейтингтік көрсеткіште үлкен жетістіктерге жетіп, өз жемісін көруде. Бұл, әрине, дұрыс та шығар, бірақ бізге қандай пайдасы бар? Біздің өсіп келе жатқан бүлдіршіндер шетелдік өнімдерден қандай өнеге алады? Жауап біреу – ешқандай. Себебі, олардың мәдениеті, салт-дәстүрі, менталитеті бізге жат екені айтпаса да түсінікті. Ал біздің өзімізге тән ұлттық мінезіміз, табиғат-болмысымыз, салт-дәстүріміз өзге тұрмақ, күннен күнге өзімізге де таңсық болып барады. Қазір біз «біреудің қаңсығын таңсық» көріп жүрміз. Біз өзгелерді олардың өз «қаңсығымен» қызықтыра алмасымыз айдан анық. Қазақ өзіне де, өзгеге де өз ерекшелігімен, ұлттық өзгешелігімен қызық та қымбат.
АҚШ немесе Еуропа елдерін алып қарасақ, олардың кино, анимация әлеміндегі кейіпкерлерінің дені ойдан құралған, қиялдан туған. Фантастика жанры бұл елдерде әлдеқайда алға озып кетті. Сол Гарри Поттері де, Өрмекші-адамы да, Шрегі де балалардың қиялын дамытады, ой-өрісін кеңейтеді. «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге» баулиды, ізгілікке, мейірімділікке тәрбиелейді. Мысалы, Өрмекші-адам – өз халқына жәрдемші, үнемі жаманшылықпен күресіп, адамдарға тек жақсылық жасайды, аяғында міндетті түрде жағымсыз кейіпкерлердің барлығын жеңіп, батыр болады. Шетелдің қай анимациясын, балаларға арналған қай фильмін алып қарасаңыз да, шамамен осындай сюжетке құрылған. Осы тәрізді көптеген туындылары, асып-тасып бара жатқан ерекшелігі болмаса да, кейіпкерлері ойдан құралса да, керемет танымалдыққа ие болған. Олардың ерекшелігі де осында, яғни, ең бастысы, сюжет аса күрделі болмау керек, балаларға түсінікті тілмен жазылуы тиіс және әзіл-қалжың араласуы қажет – міне, осы олардың басты принцептері. Анимациялары мен балаларға арналған фильмдерінің форматтары ұқсас, өте жеңіл формада түсіріледі.
Енді Ресей мемлекетінің анимацияларына көз жүгіртіп, ой тоқтатып көрелік. Олар көбінесе Крыловтың мысалдарын немесе тарихта болған батырларын кейіпкер ретінде алып, тамаша толықметражды анимациялар жасап шығарды. Қарап отырсаң, олар өздерінің «орыс деген ұлы халық» екенін, олардың мемлекеттері тамаша екендіктерін ұрпағының саналарына құйып отырады. Яғни, жас өркеннің патриоттық сезімін, өз елдеріне деген махаббаттарын осылай оятады.
Адам баласы – алып бәйтерек секілді. Бәйтерек тамырынан ажырап құласа, көп ұзамай бұтақтары мен жапырақтары қурап қалады. Ал адам баласының тамыры – оның өткені, тарихы. «Өткенсіз болашақ жоқ» деп данышпан ғұламалар тегін айтпаса керек. Адам өз тарихынан ажыраған кезде, болашағынан да айырылады. Сондықтан болашағымыз бекем, мемлекетіміз берік болсын десек, тарихымызды түгендеуіміз керек. Түгендеп қана қоймай, сол бай мұраны келешек ұрпаққа қалай аманаттаймыз, осы жағын тереңінен ойлауға тиіспіз. Тарих пен әдебиетке үңілер болсақ, нағыз мақтан тұтар, шын мәнінде кино, анимация сияқты өнер туындыларына да кейіпкер бола алатын батыл, жүрек жұтқан Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбат, Қабанбай, Бөгенбай сынды батырларымыз, Абылай хан, Тәуке хан сияқты хандарымыз, нағыз анимациялық кейіпкер бола алатын – Желаяқ, Таусоғар, Толағай сынды мықты образдар бар. Эпостық кейіпкерлер мен тарихи тұлғалар ғана емес, бала бойында отансүйгіштік мінез қалыптастыратын, елжандылық, ұлтжандылық қасиеттерді ұлғайтатын шынайы өмірде болған, заманауи қаһармандарымыз да аз емес. Атақты батыр Бауыржан Момышұлын, Ұлы Отан соғысында өз ерліктерімен көзге түскен Әлия, Мәншүк секілді батыр қыздарымызды экран арқылы жас жеткіншектерге танытсақ жаман болмас еді. Немесе 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінде өз ерліктерімен тарихта қалған Қайрат пен Ләззаттарды «мультиксүйер» балаларға өздерінің сүйікті жанрында таныстырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, олар туралы бірен-саран фильмдер бар. Бірақ ол аздық етері сөзсіз.
Ауыз әдебиетінде де жастарға үлгі болар қаншама кейіпкерлер бар десеңізші! Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек пен Төлеген» сынды ғашықтарды анимация жанрында көрсетсек, ұтылмаймыз. Шынында, неге бай мұрамыздағы ұмыт бола бастаған кейіпкерлерге жан бітіріп, кино мен анимациямызға қоспасқа. Біздің кейіпкерлер «Барби мен Кеннің» орындарын баса алатындығына, тіпті, шебер режиссердің қолынан шықса, олардан асып түсетініне еш күмәніміз жоқ. Жасөспірімдердің көңілдерін аулау үшін оларды қуыршақ ретінде шығарып, олар туралы видео-ойындар ойлап табылса керемет болады. Осы орайда «Бал бала» компаниясының басшысы, қазақ қуыршақтарын шығарып жүрген Қыдырәлі Болманов ағамыздың құлағына да алтын сырға дегіміз келеді. Осы салада ұлттық брендімізді қалыптастыруға жұмыла кірісер кез жетті. Өнерге бай ұлтымыздың ерекшелігін, салт-дәстүрімізді, ән-билерімізді, терме-күйлерімізді, ешкімде кездеспейтін ұлттық ойындарымызды экран арқылы өзімізге де, өзгеге де насихаттап, танытуға салғыртпыз. Оның орнына шетелдік өнер туындылары мен кино өнімдерінің, әндері мен клиптерінің насихаты артып, дәурені жүріп тұр. Бұл, шын мәнінде, үлкен мәселе. Мемлекетіміз гүлденіп, мәдениетіміз өркендеуі үшін, ең алдымен, өнерді қолға алуымыз керек. Ұлттық өнер мен ұлттық мәдениет қана жарқын болшағымызға кепіл болмақ...
Гаухар АСПАНДИЯРҚЫЗЫ
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық Өнер академиясының
4 курс студенті