Қазақстан Тәуелсіздік жолында
2019 ж. 15 желтоқсан
2430
0
Алматыдағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған тарихи ғимаратта «Қазақстан тәуелсіздік жолында» деген тақырыпта жастармен кездесу өтті. Оған белгілі қоғам қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және «Құрмет» орденінің иегері Сұлтанәлі Базарбайұлы Балғабаев қатысты. Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша бұл шараны «Заман» парасатты және салауатты өмір» қоғамдық қоры ұйымдастырған болатын.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған қор директоры Тілеубек Дөрбетханұлы қазіргі таңда Қазақстан-Британ техникалық университеті орналасқан бұл ғимараттың кездесу орны ретінде кездейсоқ таңдап алынбағанын айтып берді. Сондай-ақ, тәуелсіздік жарияланғаннан кейін өмірге келген қоғамдық ұйымдардың бірі саналатын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі және онда 1992-2017 жылдары қауымдастық төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған С.Базарбайұлын кездесуге қатысып отырған студенттер қауымына таныстырып, сол кездегі тарихи оқиғалардан өз әңгімелерін баяндап беру үшін сөз тізгінін қонақтың өзіне тапсырды. – Тәуелсіздік жемісін бүгін сіздер көріп отырсыздар. Ол болмағанда мұнда былай отырмайтын едіңіздер. Бұл Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің үйі болған. Студент тұрмақ, аудан, облыс басшыларының өзі зорға кіретін. Мұнда көп жылдар бойы Дінмұхамед Қонаев отырған. Елдің қалыптасуы мен дамуындағы үлкен мәселелер шешілген жер. Тәуелсіздіктің ең үлкен жемісі сендердің жоғары оқу орындарында қазақша оқып жатқандарың. Оған дейін жоғары оқу орындарының 80-90 пайызы орысша оқытатын. Қазір олардың 70-80 пайызы қазақ бөлімдерінде оқиды. Ал енді өзімнің жұмысыма оралсам тәуелсіздіктің ең алғашқы жетістіктерінің бірі шетелдегі қазақтарды жинау болды. Оған дейін Қазқстандағы халықтың 37 пайызы ғана қазақ болған. Қазір 70 пайыз болды , – деді С.Балғабаев. Сұлтанәлі Базарбайұлының сөзіне қарағанда, Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаушы қайраткер ретінде ҚР Тұңғыш Президентінің айрықша көңіл бөлетін 2-3 нәрсесі бар. «Оның біріншісі шетелдегі қазақтарды жинау. Оны тәуелсіздіктен кейін бірден қолға алды. Алғашқы құрылтайды өткізді. Соның нәтижесінде 1 млн. қазақ елге оралды. Олар өсімімен 2 млн болды. Егер олар болмағанда республика халқының саны 16 млн. ғана адам болатын еді. Мұндай жұмысты көрші елдердің ешқайсысы қолға алған жоқ. Мәселен, 6-7 млн. өзбек шетелде тұрады. Өзбекстан әлі күнге дейін бірде-бірін ресми түрде әкелген жоқ. Ал мынау Қырғызстан Ауғанстанның Памир деген жерінде жүрген 2 мың қырғыздың өзін әлі әкеле алмай жүр. Н.Назарбаевтың екінші жасаған ісі астананы көшіруі болды. Бір кезде көшеден қазақша сөйлейтін адамды табудың өзі мұң боп кеткен бұл қала тұрғындарының 79 пайызын қазақтар құрайды. Үшіншісі, Түркістанның мәртебесін көтеріп, облыс орталығына айналдырғаны». Жалпы мәдениет пен руханияттың өзекті мәселелері талқыланған бұл кездесу пікірталмасу түрінде жалғасып, студенттер өздерін толғандырып жүрген түрлі жағдайлар бойынша сұрақтарына жауап алуға тырысты. Тәуелсіздік тағылымына қатысты ой көкжиектерін кеңейтіп, шарадан соң естелік суретке түсіп, үлкен әсермен тарқады.
qazaquni.kz