Көш қуанышы
2019 ж. 15 желтоқсан
2676
0
1988 жылғы қаңтардың басқа жұрт үшiн жылдағыдан анау айтқан айырмашылығы болған жоқ. Ал, Ұзақбай үшiн бұл мәңгi есте қалған қаңтар едi. Жаңа жылдың басы ол үшiн айықпас азаптың басталған кезi.
Жиырма беске толар-толмас шағында Ұзақбайдың тiлi мүлдем байланып қалды. Не қыларын бiлмеген жас жiгiт iштей үгiтiлiп, басына түскен бұл жайды алдымен сүйген жары Құралайға сездiрдi. Олар мұны көпке жаюды жөн көрмегенмен, артынан бүкiл елге аян болды. Бiрер күн, немесе бiр-екi аптада қайта сөйлеп кетермiн деген сенiм ақталмады. Күдер үзiлiп, үмiт оты өше бастаған. Жастайынан сүйiп қосылған жары мен баласы бар екенiн медеу тұтудан басқа шара қалмап едi. Тағдыр салды, бiз көндiк деген тоқтам табан тiретпей қоймады. Ұзақбай өзiнiң көп күнiн бұл сұмдықтың қалай басталғанын ойлаумен өткiзетiн. Iш қазандай қайнағанмен, күресуге дәрменi болмады.
Өзi тұрып жатқан өзбек елiндегi Су шаруашылығы институтын тәмамдаған жiгiттiң отбасындағы жағдайға қараған жоқ, үйленiп бала сүйген Ұзақбайды әскер қатарына шақырған. Бұл 1986 жылдың мамыр айы болатын. Кеңес Одағының ұйытқысы болған Ресей жерiндегi Ульяновск қаласында Отан алдындағы борышын өтеп жүрдi. Әскер қатарында жүргенiне алты ай өткенде Қазақстанда демократияның қарлығашындай болып Желтоқсан көтерiлiсi бұрқ ете қалған. Оның қара күшпен басылғаны белгiлi. Алматыда көтерiлген дауыл жер-жердiң бәрiн шарпыды. Әскерде жүрген Ұзақбай да қазақ болғаны үшiн таяқтан көз ашпады. Өзi Өзбекстаннан барса да, Атамекенiндегi арпалыстың ащы дәмiн таттты. Кейбір безбүйрек «жолдастар» мұның ұлты қазақ болғаны үшін ғана оңдырмай соққыға жықты...
Ұзақбайдың басына тиген сол зардап iз-түзсiз кетпедi. Оқта-сонда тiлi күрмелiп, тұтығып қала беретін кеселге ұшырады. Алайда, қазақы мiнез ондайға бәлендей мән бергiзбеген едi. Әскер қатарында бiр жарым жыл болып, елге оралған кезде шешесi Оразбике ауыр жағдайға тап болды.
Ойламаған жерден тұла бойына қайнап тұрған ыстық су құйылып кетiп, бүкiл денесi күйiп қалған шешесi өлiм аузында ауруханаға түстi. Оқыс оқиғаны көзiмен көрiп тұрған Ұзақбай денесi тiтiркенiп, қатты шошып қалған едi. Сол сол-ақ екен, Ұзақбай кілт сөйлеуден қалды. Бұрын кекештенiп сөйлесе де, айтар ойын кәдiмгiдей жеткiзе алатын едi, мына күйiне ол қатты күйзелдi.
Кең көсiлiп, емiн-еркiн әңгiме айтып үйренiп қалған адамға тiл-аузының байланғаны ауыр соққы болып тидi. Күн сайын ертеңгi күндi асыға күттi. Таңертең ұйқыдан тұрып қалғанында бұрынғыша сөйлеп ала жөнелетiндей көрiнетiн. Бiрақ, олай болмады, арада ауыр азаптарын арқалаған айлар өттi, табандап жылжымай қойған жылдары ғасырларға бергiсiз болды.
Бұл да қарап жатпаған едi, тiлi өздiгiнен қайта шыға қоймайтынына көзi жеткен соң, Ұзақбай емшiлердi жағалап көрдi. Бiлiктi деген дәрiгерлерге де көрiндi. Тамыр ұстап байқайтын тәуiп-балгерлердiң де алдында болды. Олардың ешбiрiнен қайыр болмағанымен, обалы не, жылы сөздерiмен жебеп, Ұзақбайдың көңiлiне сенiм ұялатуға тырысты. Халық емшiлерiнiң бiразы тiлi бiр шықса, қырық жасқа толғанда шығуы мүмкiн екенiн айтумен шектелдi. Ұзақбайға бұл сөз жай ғана жұбатудай көрiндi.
Оның туған жерi де, тұрған жерi де қазақтың өзбекпен шекарасындағы Сардаба ауылы болатын. Бұл жердi 1963 жылы Қазақстан Өзбекстанға берiп жiберген. Дәл сол жылы қазақ болып туып, Қазақстанның мөрi басылған туу туралы куәлiк алған Ұзақбай Қонысбаев кейiннен Өзбекстан азаматы болып шыға келдi. 1975 жылы бiраз жердi Қазақстан өзiне қайта қосып алғанда, Сардаба сол күйi Өзбекстанда қалып қойды. Шекара мәселесi қозғалған сайын Ұзақбай ауылы Қазақстанға қайта қосылардай үмiттенетiн. Алайда, олай болмады, ауыл басыбайлы Өзбекстанда қалды. Бұндағы жағдай мүлдем қиындап кеткен едi, 2002 жылғы 26 желтоқсанда шекара анық жабылған соң, Ұзақбайлар амалсыз Атамекенге көшуге ниеттендi.
Шет елдерде жүрген қандастардың тарихи Отанына қайта оралуына мүмкіндік туғызған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларын бұрыннан қолдап, арқа тұтып жүретін Ұзақбай ақыры көшкен соң, Президенттің туып-өскен өңіріне көшіп барғанды жөн санаған болатын.
Әңгiмесiн қолымен көрсетiп ымдап айтатын Ұзақбай сәтi түскен бiр күнi шешесi екеуi жер жәннаты Жетiсу деп, Алматының түбiндегi Шамалған бекетiн көрiп, байқап қайтуға келдi. Ел-жұртты елеңдетуге құмар Еуропаның табиғатын он орап кететiн Жетiсу жерi кiмге ұнамаған. Ұзақбай ойланбастан көшiп келуге бел буды. Алатауына иек артқан жасыл желектi ой-қырының өзi неге тұрады. Көз арбағандай әдемi суретке қарап Ұзақбай шынымен толқыды, қатты тебiрендi.
– Көшш... шiп кел... лем...
Жүректi тербеген қуаныш көңiлдi толқытып, екi ауыз сөздi айтып қалғанын аңғармай да қалды. Мұндайды күтпеген шешесi Оразбикенiң аузы ашылып, не дерiн бiлмей аңтарылып қалған едi, көптi көрген қария емес пе, Мұрат ақсақал :
– Әй, кемпiр, жаңағы Қонысбай не деп кеттi өзi,– деп, Оразбикенiң көңiлiн өзiне аударды. «Назар аудармаған бол» дегендi ыммен түсiндiрiп үлгердi.
– Бүгiн Шаңыраққа барып, солардың үйiне түсетiн шығармыз.
Қонысбай деп отырғаны өздерiнiң жиенi, Алматыдағы Шаңырақ ауылында тұрады. Әуезов ауданындағы N8 өзiн-өзi басқару комитетiнiң төрағасы болып қызмет атқарады. Шаңырақтықтар оны бұлайша шұбатып айтып жатпайды, ауыл әкiмi дейдi де қояды. Жасы сексеннен асқан Мұрат ақсақалға Алматы жаққа көшiп келiңдер деп жүрген де осы Қонысбай Дүйсенов едi. Оған Ұзақбайының белдi бекем буғанын көрiп тұр. Төрiнен көрi жақын қарияға Атамекенге көшiп келгенi тiптi жақсы.
Шал мен кемпiрдiң өз беттерiнше әңгiмелесiп кеткенiне Ұзақбай көңiл аударған жоқ, бұрын тiлi байланса да, құлағы еститiнiн медеу тұтушы едi, аузынан шыққан бiр-екi сөздi ендi құлағы құрғыры естiмейтiндей, өзiне-өзi сенбедi. Қанша дегенмен арада он бес жыл уақыт өттi. Ешкiмге тiл қатпаған он бес жыл! Мiне, ендi сөйлеп көрейiн десе де қорқады, бiрдеңе айтып көрiп едi, онысы құлағына естiлмей тұрған сияқты. Шынын айтса, қуануға қорықты.
– Мен сөйлей алатын болдым, – деп едi, шешесi:
– Елге келiп, куанғандікi шығар,– дедi де қойды. Қанша сабыр сақтап тұрса да, Оразбикенiң бетi алабұртып, iштегi қуанғандықтың белгiсi сыртқа теуiп тұр едi.
– Жарайды, қайтайық, кеш болып қалды.
Отбасын көшiрiп әкелуге Өзбекстанға қайта келгенде, Ұзақбайда бiр өзгерiстiң болғанын өзгелер де байқай бастады. Алайда, елдiң көбi Қазақ еліне көшердегi қуаныштай көрген. Бар жүктi жиып, атамекенге аттанар шақта мал сойып, құран оқытты. Осы кезде он бес жыл булығып келген тiл сайрап қоя бердi. Жиынға келгендердiң iшiнде Құдайдың құдiретiне таң қалмаған адам қалмады. Көз жасы пара-пара болған Ұзақбай не күлерiн, не жыларын бiлмедi. Сөйлеп жүр, сөйлеп жүр, не деп жатқанын өзi бiлмейдi.
– Жә, қойыңдар ендi. Қуаныш ұзағынан болғай, бұл да бiр Құдайдың бергенi шығар, – деп, Мұрат қария өзгелердi сабырға шақырып жатыр. Отырғандардың iшiнде көзiне жас алмаған адам қалмады.
Алғашында Ұзақбайға өз сөзiн өзi естiмегенi қиынға соқты. Өзiн-өзi естiмеген соң, даусы шығып тұрмағандай болады екен. Оның үстiне, он бес жылдай сөйлеуден қалған тiл қинала бұралып, аузындағы сөзi он оралып барып әрең шыққандай әсерге бөлейтiн.
Бұған дейiн төсектен басын көтере алмай, қарттықтың қайрымсыздау күндерiн бастан өткерiп жатқан сексендегi әкесiнiң де қуанышы адам айтып жеткiзгiсiз. Орнынан әрең көтеріліп, біреудің сүйемелдеуіне ғана үйренген қария атамекенге көшіп келген соң, таяғына сүйенiп жүрiп кеттi.
– Алла бүгiн алса да разымын, – деп, Мұрат ақсақал қайта-қайта мiнәжат етiп, Құдайға шүкiршiлiк айтып жүрдi. Артынан көп ұзамай ол кiсi дүниеден өткен едi.
Бұрын Ұзақбай көрiнген емшi-көрiпкелдер қырық жасында тiлi қайта шығарын шамалағанмен, оған не себеп боларын айта алмап едi. Атамекен үшiн әскерде таяқ жеп тiлi байланған Ұзақбай сол Атамекенге көшiп келерiнде, сөйтiп, қайтадан сөйлеп кеттi. Құдайдың құдiретi мен туған жердің киесінде шек жоқ деген осы екен...
Шіркін, ел азатты,ына не жетсін!
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК
qazaquni.kz