ҰСТАЗ. ҒАЛЫМ. АЗАМАТ.

Профессор Алпысбай Сейдахметов туралы сыр

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек пен төккен тердің арқасында алған асу, бағындырған биік, жеткен жетістік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға, өнегелі өмір. Өзінің өнегелі өмір жолында сыйластық пен достықтың, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің айрықша үлгісін жасай білген азаматтардың бірі профессор Сейдахметов Алпысбай Сейдахметұлы десек артық айтқандық емес. Ол 1949 жылы қоңыр күздің тамаша күндерінің бірінде қарапайым шаруаның отбасында жарық дүние есігін ашты. 1967 жылы орта мектепті тәмамдаған соң Талдықорған (қазіргі Алматы) облысының Киров (қазіргі Көксу) ауданының В.И. Ленин атындағы колхозда колхозшы ретінде еңбек жолын бастады. Оның жалындаған жас жігері мен алға қойған айқын мақсатының арқасында Алматы халық шаруашылығы институтының студенті атанады.

1972 жылы аталмыш оқу орнын үздік бітірген соң, институт басшылығының шешімімен «Экономика және ауыл шаруашылығын жоспарлау» кафедрасына оқытушылық қызметке жіберілді. 1973-1974 жылдары әске қатарында болып, өзінің азаматтық борышын орындап келген соң білім мен ғылым жолын таңдап, ғылыми ізденістерге ден қояды. 1979 жылы Мәскеудегі беделді білім ордаларының бірі М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын сәтті аяқтайды. 1980 жылы Экономика және халық шаруашылығын ұйымдастыру, басқару және жоспарлау мамандығы бойынша «Суармалы жерлерде қызылша шаруашылығының өндірістік типтерін қалыптастыру мен дамыту» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап шығады. Осы сәттен бастап ғылыми-педагогикалық қызметке біржолата бет бұрып, еліміздегі экономикалық білім беру мен жоғары мектеп жүйесінің қалыптасуы мен дамуына белсене атсалысты. Өзі білім алған «Экономика және ауыл шаруашылығын жоспарлау» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент лауазымдарында педагогикалық қызмет атқарып, жас ұрпақты тәрбиелеуге өзіндік үлес қосты. Оқытушылық қызметпен қатар қоғамдық жұмысқа да белсене араласып, университет басшылығы тарапынан оң пікірлерге ие болды. Сондықтан да болар университ басшылығы 1986 жылы оған оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлердің кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін қатар атқаруды сеніп тапсырады.

Алпысбай Сейдахметұлы универси­теттің кәсіподақ комитетін үздіксіз 16 жыл басқарып, қаншама игі істерді жүзеге асырып көпшіліктің алғысын алған азамат. Атап айтқанда, ұжымдағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға, жұмыскерлердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, ұжым мүшелерінің демалысын ұйымдастыру мен денсаулығын жақсарту бойынша жұмыстарға көп күш-жігерін жұмсады. Сонымен қатар, жоғары білікті мамандар даярлауға ұжымды жұмылдыру мақсатында әр түрлі жарыстарды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлді. Оқу орнының басшылығының қолдауының арқасында 257 адам өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға қол жеткізді. Балқаш көлінің жағасынан 5 гектар жер телімі бар демалыс аймағы пайдалануға берілсе, Қапшағай су қоймасы жағасындағы спорттық-сауықтыру лагерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлерге бақша өсірумен айналысу үшін жер телімдерін беру бойынша кешенді іс-шаралар жос­пары жасалып, іске асырылды. Соның нәтижесінде институттың 270 қыз­меткеріне саяжайға арналған жер телімдері берілді. Бұл аталғандардан басқа да көптеген игі бастамалар қолға алынып, өз нәтижесін бергеніне білім ордасының ұжымы куә.

Өзіне жүктелген қоғамдық жұмыстарды мінсіз орындаумен қатар бірқатар басшылық лауазымдарды да абыроймен атқарғанын атап өту қажет. 1982-1985 жылдары Алматы халық шаруашылық институтының «Аграрлық-экономикалық факультетінің» деканының орынбасары, 2002-2005 жылдары «Менеджмент және маркетинг» оқу-ғылыми кешенінің деканы болды. Факультетте басшылық қызметте болған жылдары еліміздегі жоғары оқу орындары оқытудың Балондық жүйесіне өтіп, оқу үрдісін кредиттік технологияға көшіру кезімен тұспа-тұс келгендіктен маңызды міндеттерді орындауға тура келді. Ұзақ жылдар бойына жинаған тәжірибесі, білімі мен жоғары біліктілігінің арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ол факультет құрамындағы «Экономика», «Менеджмент», «Маркетинг», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша оқытудың кредиттік технологиясына өту және оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру мен үздіксіз жетілдіру мақсатында оқытушы-профессорлар құрамын дұрыс бағытта жұмылдыра білді. Әсіресе, нарықтық экономиканың даму тенденцияларын ескере отырып, заман талабына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ерекше көңіл аударды.

Профессор Алпысбай Сейдах­метов­тың еңбексүйгіштігін, жоғары ұйым­дастырушылық және басқарушылық қабілетін, маңызды міндеттердің тез шешімін таба білетіндігін, кез-келген лауазымды қызметті абыроймен атқаратындығын, ұжым мүшелерінің бірлігін қамтамасыз ете білетіндігін байқаған университет басшылығы 2005 жылы «Экономика» кафедрасының меңгерушілігі қызметін ұсынып, үлкен сенім артады. Өйткені, бұл кафедра осы оқу орнындағы ең ежелгі және іргелі кафедралардың бірі болды. Ол 2005-2014 жылдар аралығында кафедра меңгерушісі ретінде көптеген жұмыстар атқарды. Әсіресе, мамандар даярлаудың көпдеңгейлі жүйесін, үздіксіз білім беруді қалыптастыру мен дамыту, білім беру деңгейлерін әртараптандыру, «Экономика» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат, магистратура және докторантураның (PhD) жаңартылған жалпыға міндетті білім беру стандарттарын дайындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізді. Еліміздегі өндіріс орындарымен, танымал компаниялармен, жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық байланысты қалыптастыру мен дамытудың арқасында мамандар даярлау сапасы бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Нарықтағы жұмыс күшіне сұраныс пен жұмыс берушілердің пікірлерін назарға ала отырып «Еңбекті ұйымдастыру және нормалау» деп аталатын жаңа мамандықты ашып, оқу үрдісін ұйымдастыру, оқу жоспарлары мен типтік оқу бағдарламаларын дайындады. Бұл мамандық бойынша мамандар дайындау алғаш рет біздің оқу орнымыздан бастау алды және қазіргі кезде сұраныс артып, студенттер контингенті жылдан жылға ұлғайып келеді.

Алпысбай Сейдахметұлы қоғамдық, педагогикалық қызметте ғана емес оқу-әдістемелік және ғылыми бағытта да үнемі ізденіс үстінде жүреді. Оның ғылыми шығармашылығы Қазақстанның аграрлық саласының, агроөнеркәсіп кешенінің қалыптасуы мен дамуы, елімізде кластерлерді қалыптастыру мен дамыту және өзге де өзекті мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жүргізумен байланысты. Ол алыс-жақын шетелдерде (Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде) өткізілген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда өзінің зерттеу тақырыбы бойынша баяндама жасап, ғылыми ортадағы үлкен пікірталасқа белсене қатысты. Оның ғылыми -зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми -тәжірибелік конференцияның ғылыми еңбектер жинағында, еліміздегі беделді ғылыми журналдарда, Скопус мәліметтер базасына кіретін шетелдік журналда жарияланды. Қазіргі кезге дейін жүздеген ғылыми еңбектері, соның ішінде ондаған оқулықтар мен оқу құралдары студенттер, магистранттар, ізденушілер, аспиранттар, докторанттар және жалпы оқырман қауымы тарапынан үлкен сұраныспен қолданылып келеді. Мұның барлығы қоғам талабына сай жоғары білікті экономист – басқарушы мамандар даярлауға септігін тигізетіні белгілі.

Қоғамдық, ғылыми-зерттеу, педаго­гикалық қызметтегі ұзақ жылдық еңбегі ескеріліп «Қазақстан білімінің үздігі», «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіп­одағына сіңірген еңбегі үшін» кеуде белгісімен, сондай-ақ ҚР жоғары оқу орындары Ассоциациясының А. Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» төсбелгісімен, ҚазақССР жоғары және арнайы орта білім министрлігі мен Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы Кеңесінің мақтау қағаздарымен марапатталды.

Алпысбай Сейдахметов ұстаз, ғалым, азамат қана емес ардақты әке, аяулы жар, сүйікті ата. Ұлағатты ұстаз, дарынды ғалым, ардақты азамат Алпысбай Сейдахметұлын жетпіс жастық мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, мол табыс тілейміз. Оның жұбайы Мансия апайымыз да ғылым кандидаты, ұлағатты ұстаз. Өзгелерге өнеге боларлық өмір үлгісін қалыптастыра білген бақытты отбасы ретінде жұптарыңыз жазылмастан жүз жасаңыздар!

С.ӨМІРЗАҚОВ,

«Нархоз» университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы

А.СЕЙТКАЗИЕВА,

«Нархоз» университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы

Е.ӘМІРБЕКҰЛЫ,

«Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы,

профессор

Р.ЕЛШІБАЕВ,

«Нархоз» университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты