Әңгіме өзегі – Абай Ренессансы

Алматы облысы Іле ауданының орталығы – Өтеген батыр ауылындағы №24 лицейде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі, әдебиет зерттеуші, профессор Серікқазы Қорабайдың «Абай­дың тілі мен тағылымы – адамзатқа аманат» тақырыбындағы кездесу кеші болып өтті. Кездесуде оқушылар Абайдың өмір жолы мен шығармашылығы жөнінде тың мағлұматтар алды. Кеш қонағы С.Қорабай қазақ қоғамы Ренессансының бастауы болған Абай шығармашылығының Адамға көңіл бөлу, Адамды дәріптеу сияқты басты ерекшеліктеріне тоқталып, ұлы ақын поэзиясының саналы Адам, толымды Адам тұжырымдарын ашып берді, Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық барысы туралы әңгімеледі, оқушылардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Абай тұлғасына байланысты көптеген сұрақтарына жауап қайтарды. Кеште оқушылар Абай өлеңдерін оқып, әндерін орындады, Энергетик ауылдық округінің әкімі Бауыржан Жұмабаев, лицей директоры Гүлжан Ерубаева сөз сөйлеп, тартымды кездесудің маңыздылығына тоқталды. Бақтылы Құрбанбаева qazaquni.kz