«ЯЛЛАНЫҢ» ӘЛӘУЛӘЙІ

     Жақсы әндер қазақта мүлде жоқ емес, баршылық қой. Бiрақ сол барды бағалау жағы нашар ма, қалай? Қазақтың қазiргi сазгерлерiнiң ел таныған әндерi бар. Бiрақ соны насихаттау керек. Мәселе сонда. Насихатсыз судан шығып қалған балық сияқты ауа жоқ, дем ала алмай қаламыз...

       Халық сусындап отырған ән өнерiмiздiң арнасын ашып, бұлағының көзiн үнемi тазартып отыратын, әрине, әдiл сын, өркендi насихат. Өкiнiштiсi сол, бұл салада өрелi де өткiр пiкiр айтып, жан-жақты талдау жасап, жаңа шығармаға өз бағасын беретiн бiрде-бiр музыка зерттеушi елiмiзде жоқ. Қазақстан композиторлар одағының тiзiмiнде бар көрiнедi. Ал үндерi естiлмейдi, сонда қайда олар? Әндi көп тыңдайтын жастар екенiнде дауыңыз болмас.
Осынау миллиондаған көрермендердiң көңiлiн өзiне аударған «Ялла» орындаған, сөзi қате орындалған «Қараторғай» әнi үшiн Фарух Закировке, Роза Рымбаева жиырма жыл бейнеттенiп жеткен «Халық артисi» атағын бере салған Қазақстан, мен сенi түсiнбеймiн?!
«Ялланың» орындауында:
«Құс болсаң, жiбектен бау тағар едiм.
Қолға алып, силап, сипап, бағар едiм.
Мойныңа сары алтыннан алқа тағып,
Қолға алып, силап, сипап, бағар едiм,
қыздар-ай...»

Ал Бисенғали Ғизатов құрастырған «Қазақтың халық әндерi» (1960) жинағында:
«Құс болсаң жiбектен бау тағар едiм,
Күмiстен тұғырыңды жабар едiм.
Мойыныңа сары алтыннан алқа тағып,
Қолға алып, сылап, сипап, бағар едiм...»
«Күмiстен жабылған тұғырды» – серiлiктiң мақтанышын Фарух Закиров қайдан түсiнсін?.. «Сылап бағар едiм» дегендi Закиров «силап» деп қолданады. Өзбекке қазақшалап емес, орысшалап түсiндiрсек, «сылап» – «гладить», «силап» – «уважать» боп шығады. «Қыздар-ай» деген қайырманың өзбекi жасандылығы көрiнiп тұр ғой. Өзбекше бiрталай ән орындаған Мәдина Ералиеваға, орысша бiр топ ән орындаған Мақпал Жүнiсоваға, түрiкше тынбай талай әндердi әкесi мен қызы қосыла орындап жүрген Омаровтарға неге сол елдердiң, яғни, Өзбекстан, Ресей, Түркия «Халық артисi» атағын олар, Закировке бiздiң бергенiмiздей, «солқ» еткiзiп бере салмайды. Өйткенi, бiз қазақтар, тым жалпақшешеймiз.
Бұл аздай, «На-На» – Бари Алибасовтың жүгермектерi «жорға, жорғалап», құйрықсыз кесiрткедей шала тiлде «Астана – бас қала» деп миды тесiп барады...
Бiздегi Қазақы Намыс қайда кеткен?!.

Мылтықбай ЕРIМБЕТОВ