Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ не үшін КОМПОЗИТОРЛАР одағынан ШЫҒАРЫЛДЫ?


Белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаев моральдық және материалдық зиян келтіргені үшін Композиторлар одағынан шығарылды. Бұл туралы Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Балғабекқызы хабарлады. Оның айтуынша, А.Қоразбаев одақ атына кір келтірген.

– Аттестациялық комиссияның өтінішіне сәйкес, Қазақстан Композиторлар одағының басқармасы Алтынбек Қоразбаевты Қазақстан Композиторлар одағы қоғамдық бірлестігі қатарынан шығару туралы шешім шығарды, – деді Б.Балғабекқызы.

Комиссияның бұл шешіміне А.Қоразбаевтың түрлі іс-әрекеттері мен негізсіз сөздері себеп болған. Бірлестіктің жарғысына сәйкес, Композиторлар одағы өз мүшелерін жылда аттестациядан өткізеді екен. Биыл одақ мүшелігінен Қоразбаевтан өзге тағы екі музыка зерттеушісі шығарылыпты. Одақ төрайымы белгілі сазгердің мүшеліктен шығарылуына белгілі сазгерлер Марат Ілиясов пен Мұратхан Егінбаевтың еш қатысы жоқ екенін айтады.

Ал Алтынбек Қоразбаев Композиторлар одағының бұл шешімімен келіспейді. Ол мұны көреалмаушылықтан туындаған іс деп санайды.

– Бір кездері Шәмші Қалдаяқов та осы Композиторлар одағына мүшелікке өте алмай кетті. Бірақ бәрібір кейін әндерімен әйгілі болды. Енді, міне, мені де одақтан шығарды. Маған айтпай, сыртымнан шешім қабылдады. Бұл сотта жеңіліп қалғаннан кейін істеп жүргендері, – дейді. Ол Композиторлар одағының бұл шешіміне қарсы болса да, сотқа арызданбайтынын айтады.

Алтынбек Қоразбаевты «ән ұрлады» деп айыптаған қазақтың белгілі сазгері Марат Ілиясов Композиторлар одағының аталған шешімін дұрыс деп санайды.

Бұған дейін Алматы қаласының Медеу аудандық соты композиторлар Марат Ілиясов пен Мұратхан Егінбаевтың арызы бойынша істі қараған болатын. «Сарыарқа сазы» және «Аңсаған ауылым» әндеріне қатысты авторлық құқықтарын қорғау үшін арыз берген сазгерлер ісін қарастырған Медеу аудандық соты М.Ілиясов пен М.Егінбаевтың талаптарын қанағаттандырмау туралы шешім қабылдаған еді.

Сазгер Марат Ілиясовтің айтуынша, сарапшылардың қорытындысын негізге алған сот «А.Қоразбаевтың туындыларында плагиат жоқ» деген қорытынды жасапты. Сондықтан олар қалалық сотқа қайта шағымданған еді. Сондай-ақ, сазгерлер Татарстан мен Украина Композиторлар одағының әнге жасаған сараптама қорытындысын ала келген. Сараптама жұмыстарын жүргізген өзге елдің Сазгерлер одағы «әндерде 85 пайыз сәйкестік бар» деп тапқан еді.

Алматы қалалық соты да Медеу аудандық сотының шешімін күшінде қалдырған. М.Ілиясов пен М.Егінбаев Жоғарғы Сотқа шағымданыпты. Енді кезекті сот отырысы ақпан айының соңында Астана қаласында өтеді.

Еске сала кетейік, былтырғы жылдың қаңтар айында композитор М.Ілиясов Астананың 10 жылдығына орай өткізілген байқауда жеңіске жеткен А.Қоразбаевтың «Сарыарқа» әні шын мәнінде оның «Сарыарқа сазы» әні болып табылатыны туралы мәлімдеме жасады.Ал композитор М.Егінбаев «сазгер А.Қоразбаев оның 30 жыл бұрын жазған «Аңсаған ауылым» әніне плагиаттық жасады» деп айып таққан болатын.

«Ендігі ісім Балнұрмен болсын»- деген Қоразбаев қоразданып отыр...

                                                                                                                                                                        А.Қыдыр