Секен Тұрысбек: «Күй – біздің халыққа ғана тән өнер»
2019 ж. 19 қазан
2064
0
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, көрнекті күйші-композитор Секен Тұрысбек Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне шеберлік сыныбын өткізді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Өнер және мәдениет факультетінің студенттері қатысқан шарада мәдениет майталманы бабадан балаға мұра болып келе жатқан күй өнері хақында, ұлттық музыка төңірегінде салиқалы ойларымен бөлісті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген болатын. Ал түйсіне білген адамға ұлттық кодымыз қазақтың сөз өнерінде, классикалық әні мен күйінде жатыр. Секен Тұрысбек жастармен кездесуде әңгіменің әлқиссасын осы төңіректен бастады.
– Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қазақтың өнеріндегі ең күрделісі, толғаулысы, сырлысы ол – күй өнері» деген сөзі бар. Тағы да Мұхаң «Қазақтың ұяты мен қасиеті тек қана күйінде қалды» дейді. Расында да, күй –біздің халыққа ғана тән өнер. Дәл қазақтай күйді құрметтейтін ел жоқ. Мәселен, біздің батысымызда да, шығысымызда да, Арқада да күй мектептері қалыптасты. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз. Кейбіреулер қазақта бес мың немесе жеті мың күй бар деп жатады. Тіпті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында арнайы санақ жүргізіліп, 5030 күй деген сан шыққан. Өз басым тыңқылдатқан дүниенің бәрін күй деп танымаймын. Шыққан мың күйдің ішінен он бес-жиырмасы жанымызға жылылық әкелсе, жүрегімізді қозғаса, ой салатын болса, иірімі, формасы, диапазоны, бояуы сай келіп тұрса, міне – нағыз күй, қалғандары қатардағы дүниелер. Мәселе санында емес, сапасында. Мәселен, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйінен не ала алмайсың, не қоса алмайсың. Нұрағамыз сияқты жүрегіңді, жаныңды қозғайтын дүние шығады-ау деген күйді дамытып, соған өзіміздің үлесімізді қосып жатсақ, ол халықтың ертеңгі игілігіне айналады, – деді Секен Тұрысбек.
Сондай-ақ шеберлік сынып барысында дәулескер күйші бірнеше шығарманы төгілте орындап, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.
Басқосуда студенттер өнер иесіне өздерін қызықтырған сауалдар қойып, шығармашылық жоспарлары туралы сұрады.
Қыздар университетінің ресми өкілі Жандар Асанның айтуынша, бұл шара «75 жылға – 75 игілікті іс» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.
qazaquni.kz