Елорданың рухани ордасы - Ұлттық академиялық кітапхана
2019 ж. 11 қыркүйек
6509
0
Журналисттік зерттеу
Бүгінгі күні заманауи рухани даму мен ақпараттық кеңістіктегі өзіне лайықты орнын сақтап келе жатқан ұйымның бірі, ол ̶ Кітапхана! Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы ақпарат, мәдениет және білім орталығы ретінде жасампаз мемлекетімізді өркендету жолында қызметкерлердің атқарып отырған еңбектерінің нәтижесінде бүгінде лайықты бағасын алып отыр. Оған дәлел ̶ кітапхана жұмысы мен оның жетістіктері.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қорында 10.09.2019 ж. дейінгі мәліметтер бойынша – 1 499 270 сақтау бірлігі бар. Сонымен қатар, Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасында 53 228 контент бар, ол порталға жылына 90-нан астам мемлекеттерден пайдаланушылар кіреді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы еліміздің ақпараттық брендіне айналған Қазақстандық Ұлттық Электронды кітапханасының үйлестірушісі болып табылады. ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 3 шілдеде «Қазақстандық Ұлттық электрондық кітапханасын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» № 201 бұйрығымен шықты. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп осы бұйрыққа толықтырулар енгізіліп «Қазақстандық ұлттық электронды кітапханасын қалыптастыру және есепке алу, оған қолжетімділікті ұйымдастыру» Ережесі және «Қазақстан кітапханаларының Жиынтық электронды кітапханасын пайдалану» Ережесін дайындау жұмыстары жүргізілуде. Одан басқа, Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасына материалдарды іріктеу әдістемесі, авторлық құқық, биллинг жүйесі, бірыңғай оқырман билеті, бірыңғай іздеу терезесі бойынша ұсыныстар ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жолданды.
2018 жылғы кітапхананың негізгі көрсеткіштері: оқырмандар саны - 51235, келушілер саны – 556 065, кітап берілімі – 703100, өткізілген іс-шаралардың саны – 1406, оған қатысқандар – 51640 адам.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы қорын қалыптастырудың қайнар көздерінің бірі міндетті тегін дана алу болып табылады. Міндетті тегін дана бойынша 2015 ж.–542 дана, 2016 ж.–491 дана, 2017 ж.–2476 дана, 2018 ж.–1046 дана қабылданды. Кітапханалық өңдеуден кейін бұл кітаптар міндетті түрде қорда сақталады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының кітапханашы мамандарының штат бойынша/оның ішінде кітапханалық білімі бар бойынша көрсеткіштері: 2015 ж. - 141/56, 2016 ж. - 141/66, 2017 ж. – 41/70, 2018 ж. – 141/75, 01.09.2019 ж. дейін – 141/80.
Кітапханадағы «Абай» академиялық залы, «Жазушы» залы, «Ғалым» залы, «Құнды тарту», «ТМД және шетел әдебиеттері», «Өнер», «Рухани жаңғыру», «Мырзатай Жолдасбеков мемориалдық топтамасының оқу залы», «Жазушы Ә. Кекілбаевтің оқу залы», «Ғалым К. Нұрпейіс атындағы Ғылыми оқу залы», «Түркология» залы, «Электронды ресурстар залы» және басқа да көпшілік оқырман залдарында оқырмандарға тиімді және қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Қамқорлық» оқу залында Брайль кітаптары мен қосымша компьютерлік бағдарламалар ұсынылады. «Көркем әдебиеттер абонементі» бас қаланың оқырмандарына кітап оқу және оқу мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір орын болып отыр.
2018 жылы 6 желтоқсанда Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері «Жазушы Әбіш Кекілбаевтің оқу залы» ашылды. Оқу залында адамзат тарихы, мәдениет және өнер, ұлы тұлғалар туралы бірегей кітаптар, әлемдік көркем әдебиеттерінің топтамалары орналасқан.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттердің бірі түркі әлемін зерттеу болып табылады. 2018 жылы 24 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасын іске асыру үшін түркі тілдес халықтардың рухани мұрасын жинау, сақтау және пайдаланушыларға ұсыну, мәдениет пен көп ғасырлық тарихы бар түркі әдебиетін жаңғырту мақсатында «Түркология» залы ашылды.
2018 жылдың 23 сәуірінде ашылған Балалар кітапханасы балалардың рухани өсуі мен тәрбиесіне ықпал етуге, балаларға отандық және әлемдік мәдениет құндылықтарын насихаттауға, оқуға деген қызығушылығын ынталандырып еліміздің ертеңі болатын жастардың дамуы мен тәрбиеленуіне өз үлесін қосуда. «Қиял қанатында» ертегі терапиясы, «Поэзия қанатында» шеберлік оқуға үйрету, «Даналық кеңес» клубы, «Спорт, сен - бір әлем!» спорттық жобаларынан басқа 6 жастан бастап 14 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетеді.
Одан басқа, 2007 жылдан бастап өткізілетін республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биылғы жылы ел болып Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» - «Конец легенды» шығармасын оқудамыз. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана»,- деп айтқан классик жазушы Әбіш Кекілбаевтың қалдырған мұрасы мұхиттай терең әрі таудай биік.
Қазақстан Республикасы - туризмді қарқынды түрде дамытып келе жатқан мемлекет. 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкерлері «Кітапханалық туризм» жобасы бойынша бірқатар Қазақстан облыстары мен алыс және жақын шет елдерде болды. Атап айтқанда, Алматы және Алматы облысы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары және Армения, Венгрия, Македония, Өзбекстан, Ресей, Финляндия және т.б. мемлекеттерде болды. Жобаның негізгі мақсаты кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу және кітапхана мен кітапханашының имиджін көтеру болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы халықаралық аренада жылдан жылға өз мәртебесі мен беделін биіктете түсуде және Еуразия кітапханалар ассоциациясы (БАЕ), IFLA Кітапханалық ассоциациялар мен мекемелерінің халықаралық федерациясы, Түркітілдес мемлекеттері және туыстық қауымдастықтар Ұлттық кітапханалары одағының (TURKUBIR) мүшесі болып табылады.
[caption id="attachment_106036" align="aligncenter" width="573"] Токиодағы Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығының ашылуында[/caption]2016 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Елшіліктердің қолдауымен әлемнің 33 ұлттық және ірі ғылыми кітапханаларында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталықтарын ашты, атап айтқанда, олар ̶ Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасы, Корея Ұлттық кітапханасы, Сечени атындағы Венгрия Ұлттық кітапханасы, Түркия Ұлттық кітапханасы, Ресей мемлекеттік кітапханасының Шығыс әдебиеті орталығы, Финляндия Ұлттық кітапханасы, Армения Ұлттық кітапханасы, Қытай Ұлттық кітапханасы, Малайзия Ұлттық кітапханасы, Грузия Ұлттық парламенттік кітапханасы, Франция BULAC кітапханасы, Жапония Қалалық орталық кітапханасы, Швеция көпшілік кітапханасы, К. Охридский атындағы Македония ұлттық және университеттік кітапханасы, Чехия Ұлттық кітапханасы, Болгария астаналық кітапханасы, Венеция Ca-Foscari университетінің кітапханасы, Нью-Йорк көпшілік кітапханасы, АҚШ Конгресінің кітапханасы, Иран Ислам Республикасының Ұлттық кітапханасы, Саха Республикасының Ұлттық кітапханасы, Чуваш Республикасының Ұлттық кітапханасы, Румыния Ұлттық кітапханасы, Бразилия Ұлттық кітапханасы, Аргентина Ұлттық кітапханасы, Удмурт Республикасының Ұлттық кітапханасы, Берлин мемлекеттік кітапханасы, Испания AECID кітапханасы, Ә. Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасы, М. Чевалькова атындағы Алтай Республикасының Ұлттық кітапханасы, Латвия университетінің академиялық кітапханасы, Моңғолия Республикасының Баян-Өлгий аймағының Орталық кітапханасы, М. Ахундов атындағы Әзірбайжан Ұлттық кітапханасы. Шет мемлекеттерге апарылатын кітаптар кітапханамыздың кітап алмасу-резервті қорынан алынады. Кітаптарды іріктеуде Қазақстанға байланысты қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, саясат, экономика, әлеуметтік сала және салт-дәстүрге қатысты кітаптар мен қазақстандық авторлардың қазақ, орыс және шет тілдеріндегі әдеби шығармалары алынады.
[caption id="attachment_106038" align="alignright" width="473"] Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумы. Нью-Йорк.[/caption]2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Елшіліктермен бірлесіп Корея, Лондон, Германия, АҚШ-та «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» атты Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумы өтті. Форумның мақсаты қазақстандық мәдениетті әлемдік мәдени кеңістікке біріктіру болып табылады. Форумға Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеев, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, “Қазақ үні” газеті ЖШС Президенті Иса Қазыбек, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айт, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Алдан Смайыл, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова, ақын, Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев, кинорежиссер, сценарист, суретші, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Рустем Абдрашев, «Қазақстан» РТРК АҚ ақпараттық бағдарламалар дирекциясының корреспонденті, журналист Досымжан Ермуратов, суретші, ҚР Суретшілер және Дизайнерлер Одағының мүшесі Наталья Лигай, ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығы және Қазақстан журналистер одағы сыйлықтардың иегері Нұртөре Жүсіп, журналист, тележүргізуші Майя Бекбаева, ақын, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжан, әнші, ақын-жыршы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова және т.б. белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, журналистер, режиссерлер мен суретшілер қатысты. Форумға қатысушылар Сеул, Лондон, Берлин және Нью-Йорк қалаларының дискуссиялық алаңдарында шетелдік әріптестермен кездесулер өткізді және тәжірибелерімен алмасып мәдениетаралық және әдеби байланыстарды нығайтты. Форум аясында қазақ авторларының жаңа кітаптарының тұсаукесерлері өтті.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы Аккредитация туралы куәлігі негізінде ғылыми-ағартушылық жұмыстар атқарып келеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде Қазақстан тарихы, ғылымы және кітапхана ісі салалары бойынша бірқатар кітаптар жарыққа шықты.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы өз қызметінде құнды және сирек кітаптар мен Қазақстанда және шет елдерде сақталған ел тарихы, мәдениеті мен ғылымына қатысты көне қолжазбалар мен сирек кездесетін басылымдарды жинақтау, сақтау және зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Атап айтқанда, ғалым Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» туындысын профессор Тұрсын Жұртбай бастаған бір топ зерттеушілер тәржімалап «Шығыстың бес тарихы» атауымен жарыққа шығарды. Кембридж университетінің профессорлары Фируза және Чарльз Мелвилл құндылығын атап өткен «Джавахеруль-тафсир литхфатэль-амир» («Ценный тафсир (толкование) для амира») кітабы 2018 жылы Иран Ұлттық кітапханасында қайта өндеуден өтіп оқырмандарға жол тартты. Одан басқа, 1532 жылы адам терісінен жасалынған кітап мұқабасының құрылымы «Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа» электрондық-микроскопиялық зерттеуге беріліп нақты адам терісінен жасалынғаны туралы қорытынды алынды. Францияның Мәтіндердің тарихын зерттеу институтының қызметкері, медиевист Доминика Пуарел және М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Илья Аникьевтің пайымдаулары бойынша аталған кітап 1532 жылы шыққан Петрус Пуардустің нотариаттық кітабы деп аталды. Енді осы кітаптың оқылуы бойынша жұмыстар жалғастырылады.
Соңғы жылдары Қазақстан тарихы, этнографиясы және әдебиетіне қатысты бірқатар шығармалар шет тілдеріне аударылды, атап айтқанда, Қазақстанның Халық жазушысы, драматург, аудармашы Әбіш Кекілбаевтың «Жеті баллада» әңгімелер жинағы ағылшын, француз, қытай тілдеріне, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанды зертттеген алғашқы шетелдік зерттеушілердің бірі, Шығыс және Солтүстік Қазақстан туралы көптеген ғылыми деректер қалдырған ағылшын ғалым-зерттеушісі Томас Аткинсон туралы британдық жазушы Ник Филдингтің ағылшын тіліндегі «На Юг в Великую Степь: Путешествия Томаса и Люси Аткинсон в Восточный Казахстан в 1847-1852 годы» кітабы қазақ және орыс тілдеріне аударылды. Одан басқа, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың «Жамбыл» шығармасы ағылшын, испан, француз, араб, қытай тілдеріне, жазушы Сәуле Досжанның «Өгей жүрек» шығармасы испан, қытай, француз, араб, неміс тілдеріне, жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» шығармасы орысша, ағылшын, испан, француз, араб, қытай тілдеріне, зерттеуші Қалиолла Ахметжановтың «Боевые шлемы казахов», «Военные доспехи казахов» кітаптары ағылшын тіліне аударылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Заманауи қазақстандық әдебиеті» жобасы бойынша 2 томдық «Литературный Казахстан» кітабы орыс, ағылшын, испан, араб, қытай, француз тілдерінде шықты. Антологияға XIX ғасырдан бастап заманауи қазақстандық ақындар мен жазушылардың шығармалары енді. Авторлық құқық заңнамаларға сәйкес антологияға 102 ақын және 36 жазушының шығармалары басылып шықты. Шығармалар мәдениет критерийлеріне, әдеби талғамға сай жоғары кәсіптік деңгейде болуы шарт болды. Елімізге танымал ақын-жазушылардан құрылған арнайы комиссия ең үздік авторларды іріктеп алды. Комиссияның төрағасы ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет болды.
Осылайша, бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы қоғамда рухани сабақтастық пен ортақ құндылықтарды насихаттаушы білім, мәдениет және ақпарат мекемесі болып отыр. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында 1332 мақала мен жарияланымдар болды. Кітапхана өз пайдаланушыларына кітапхана қоры мен қызметі туралы кең ауқымды ақпараттандыруды кітапхананың дербес сайты http://www.nabrk.kz және Фейсбук, Twitter, Инстаграмм, YouTube әлеуметтік желілеріндегі кәсіби топтар мен көптеген аккаунттар арқылы жүзеге асырады.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы – ұлт байлығы дей аламыз. Кейінгі кезде кітапхананың қорлар қозғалысы жақсарып, жазба туындылар оқырмандарға ашық ұсынылуда. Осылай, кітапхана оқырмандары қалаған кітабымен танысуға мүмкіндік алды. Кітапханада монорельсті тасымалдау жүйесі — «Телелифт» іске қосылған және осы жүйенің арқасында кітап сақтау қорынан оқырмандар залдарына кітаптар мен басқа құжаттарды жеткізу бірнеше минутта жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақстанның және әлемнің ғылыми, әдеби және мәдени мұраларын сақтай отырып әлемнің кез-келген нүктесінен пайдаланушылармен қашықтықтан жұмыс жасау мүмкіндігін дамытып оқырмандарға қолайлы мүмкіндіктер жасап келеді.
Авторлық құқық қорғалған. Мақаланы көшіріп басу немесе деректерді пайдалану үшін "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің қағаз түріндегі рұқсаты керек! Г. Садық, qazaquni.kz