Көшпенділер тарихын баяндаған «Ақсарбас»

«Көрікті мекенді» тудырушылар қазақ кинематографиясының қоржынын тағы бір туындымен толықтырды. Осы жолғы картиналары «Ақсарбас» атауын иеленіпті.
2008 жылдың жазында көрiктi Қанас сахарасында түсiрiлiмiн бастап, 2009 жылғы Алтайдың қақаған қысының аязымен тәмәмдалған картинаның режиссері қытайлық Гау Фың мен сценарийін жазған ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, жазушы, аудармашы Еркеш Құрманбекқызы, продюссері ҚХР кинофильм жасау орталығының меңгерушісі Шың Зы Жүн. Түсірілім уақыты бір айдан аса уақытты қамтыған.

Фильмде шекара сыртында қалып қойған қандастарымыздың ертедегі өмір салтымен қатар, сахара мәдениеті, қала берді, махаббат, мұң, адамдардың ғана емес, жан-жануарлардың да қайғы қасіреті болатыны кино тілінде баяндалады. Басты оқиға – бар қажыр-қайраты мен болмысына қазақтың салт-дәстүр, рухани құндылықтарын жинақтаған қарапайым қыз тағдыры аясында өрбиді. Дала өркениетiнiң көшпелi тiршiлiгiндегі еркiндiк, адалдық пен аналық сүйiспеншiлiк сынды адами қасиеттердi сiңiре дамытқан жан тебiрентерлiк бұралаң жолды тағдыр талқысымен өрiлген. Кейiннен Қылыш пен Сұлтан әулеттері арасындағы оқиғаларға ұласады. Картина кейіпкерлері өз кезiнде махаббат үшiн еркiндiк пен iңкәрлiктi таңдаған болса, өмiрiнiң соңында тектiлiк пен жауапкершiлiктi таңдайды.
Сонда мұндай таңдауға мәжбүрленген басты кейіпкерлер кімдер? Ақтай салды ұнатып, ұзатылғалы отырған жеріне бармай, сүйгенімен қашып кеткен Үкібала ма? Әлде қазақ сал-серілерінің жиынтық бейнесі іспеттес болған Ақтай ма? Кейде картинаның өн бойында басты рөлде арманшыл Қалидың өзі көрінеді. Кейде, тіпті, ақсарбас қозыны да басты кейіпкер қылады бәзбіреулер... Расында да, басты кейіпкерді анықтау қиындау...
Ал көрермендерді терең­дігімен тәнті еткен рөлдің бірі – Қастел образы. Бұл образды Алтай ойын-сауық үйірмесіндегі, қазақ тілі мен салтын жақсы білетін Әбдуайт атты ұйғыр азаматы сомдады. Әбдуайт дәл осы образды ұтымды шығару үшін, арнайы жайлауға барып, бірнеше күн бойы ер-тұрман жасауды, шабылып жатқан ердің қаңқасын білегіне салып өлшеп көруді, қазақ жігіттерінің атқа міну ерекшеліктерін, қара жұмысты қалай істейтіндігін үйреніп келген екен. Ару қыз Үкібаланың рөліне де талай дарынды жастар кастингке келіпті. Алайда, таңдау Маржан Байтөкенқызына түскен көрінеді. Ақтай серінің рөлін еліміздегі белгілі жас актер Нұрлан Әлімжан ойнаған. Оның бұған дейін негізінен театрдағы рөлдеріне, одан бөлек кинематографиядағы бірді-екілі образдарына қанық болсақ, енді алғаш рет қандастарымыз түсірген картинадан көріп, көңіліміз толды. Қазақстаннан басты кейіпкерге Нұрлан Әлімжаннан да бөлек біраз актер-актрисалардың шақырылып, іріктеу сыннан өтпей қалғанын ескерсек, Нұрланның бұл жеңісі мақтауға тұрарлық-ақ...
«Ақсарбастағы» бұдан да өзге образдар арқылы ғасырлар қойнауынан шыққан уақыт керуенін анық көруге болады. Себебі, осы керуенді құрап отырған Үкібала (келін) мен Сараның (ене) екеуі бір ананың образын сомдағандай. Осы бір әйел образы үш мың жыл алдында өмір сүрсе керек. Тіпті, одан да бұрын тірлік кешті десек қателеспейміз. Ол бүгін де өмір сүріп, қасымызда жүр... Фильм экспозициясындағы жартас маңындағы қарттың жас Қалимен болған диалогы соны меңзейді. Бірі – ақындық өнерімен сүйгеніне қосылып, бала-шағасының қызығын көруге жазған сахара әйелінің кейуана кейпіндегі бейнесі болса, екіншісі тағдыры шәлкез болып жолыққан шарасыз жан. Бұл сценарийдегі өзінше жасалған құрылымдық шеберлік. Ұлттық характерлерді беретін образдарды кино әлемінде сомдағанда халықаралық додаларда шы­ғыстық алғырлықпен алатын ұтқыр құрылым осы. Жалпы, бұл іспеттес образды одан бөлек қазақ киносындағы «Келін» картинасынан да көруге болады. Тек бір айырмашылық – Ермек Тұрсынов картинасындағы ене келінге деген көзқарасы қатал бола тұра, астарында жылылық пен жанашырлық жатыр. Ал Гау Фың туындысындағы ене келінге деген көзқарасын ашық-жарқын бұқпасыз білдіреді.
Фильмнің музыкалык ше­шіміне келер болсақ, Үкібала Ақтайға деген сезімін қобызда «Ерден» күйін тарту арқылы жеткізеді. Сол сәттегі күйіне байланысты үлкен жиында Үкілі Ыбырайдың әнін де айтып береді. Бұл дәстүр басқа ұлттарда жоқтың қасы. Өйткені, қазақтың сахаралық мәдениеті, заңы, мұрасы бар. Бір нәрсені төтесінен айтса, бірін қалжыңға сүйеп айтады. Міне, осы тұста режиссер осынау бір музыканың құдіреті арқылы шешім тапқан. Бұрынғы арда қазақтың ұрпағын жатқа бермеуі, ғашықтардың домбыра, қобыз үнімен сырласуы, боталы інгеннің басындағы күй – осының бәрі «Ақсарбастың» ішкі лейтмотиві. Дәстүр демекші, қазақ салт-дәстүрлерінің ішіндегі ең қызық жәйттардың бірін осы фильмнен аңғаруға болады. Жайлауға жаңа келіп жатқан Сара апа көршілерінен от алып келу үшін бала Қалиды жұмсаған сәтіндегі эпизод, ауыл ішіндегі ақпараттардың ғаламтор желісінен де тез тарайтынының үздік көрінісі болды десек, артық айтқанымыз емес.
Ең басты ерекшелік, фильм­нің таза қазақ тілінде түсірілуі, кейбір актерлердің кәсіби шеберлігі болмаса да, өз рөлдерін ойдағыдай сомдай алғаны қуантады. Кейіпкерлердің өз даусымен боямасыз берілгендіктен, дауыс тазалығы, дикция ақсап жатқан жері де бар. Мұны режиссер киноның жасандылықтан ада болуы үшін солай еткендіктерін түсіндіріп өтті.
Расында да, бұдан да бөлек біраз қателіктерді де айналып өте алмаған. Фильм желісінде ширақылық жоқ, шұбалаңқы, бата беруде, сөз мәнерлерінде жұтаңдық, қарабайырлық байқалады. Сөздiк қолданыстар, iс-әрекеттерде мүлт кетiп жатқан тұстар менмұндалап қалады. Мысалы, мал бауыздарда атам қазақ түлiктiң көзiнше пышақ қайраған емес және «сенде жазық, менде азық жоқ» дегеннен гөрі «бісміллхи рахмани рахим... аллаһуәкпар» айтылатыны ақиқат. Сөз саптаудағы қарабайырлық фильмнiң еңсесiн біраз түсіріп тұрғанын жасыра алмаймыз. Десе де, ұлтшыл адамдардың көңілінен шығатынына дау жоқ. Себебі, бұл фильм көшпенділердің тарихын дәлме-дәл суреттеуімен құнды болып бағаланады.
Кино көз өнері болғасын, режиссер оны оңтайлы пайда­ланып, көрерменді әсем табиғат аясында арбайды. Экран алдындағы адамдарды жа­лықтырмай, оқиғаларды әртүрлі декорацияланған ортада түсіреді. Қазақстан территориясынан сырт жерде түсірілгендігіне қарамастан, қазақи атмосфераны бере білген.
Картинаның шарықтау шегінде Ақтай сал Үкібаланы алып қашып кетеді. Қызының бұл қылығына төзе алмаған ата-анасы көз көрмес қиянға қоныс аударады. Дәл осы жерде драматургиядағы 33 нұсқаның бірін анық көруге болады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» архитипіндегі «көшіп кету», яғни кеңістікке сіңіп кету сияқты әфсаналық тұсы анық байқалады. Мұны фильм сценарийін жазған Еркеш Құрманбекқызы дастандардан деталь енгізгісі келгендігімен түсіндіріп өтті.
Фильм шешімінде ауылына қайта келген Үкібаланы, «жүзіқара, Ақтай салдың топырағы суымай жатып» дегендей ауыр сөздер айтып, жаза ретінде үкімшіл топ таудың мұздай суына әкеліп салады. Бұл тұс қазақ оқырмандарына «Шолпанның күнәсі» повесінің экрандағы тағы бір нұсқасы іспетті көрінді.
Бір жарым миллион доллар қаржыға түсірілген аталмыш картинаның аяқалысы әзірге жаман емес, Канадада өткен халықаралық кинофестивальде үздік фильмдер қатарынан көрінді.
Бастысы, фильм соңында жазылғандай, «адамзаттың қуанышы мен жұбанышын арқалап, ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі ұласатын» ақсарбасымызды аяласақ болғаны...

Айдана АЛАМАН