Смағұл ЕЛУБАЙ: Билік пен халық арасындағы алтын көпір
2019 ж. 04 қазан
2105
0
Жыл басындағы Президенттік биліктің ауысуы Қазақстан халқы үшін тарихи өткел болғаны белгілі. Оның себебі, әрбір жаңа ұрпақ өкілі билікке келген сайын, жаңалығын ала келетіні анық. Егер де жаңа билікпен бірге өзгеше бір өзгеріс, жаңаша бір леп келмесе онда бізге ауыс-түйістің қажеті де болмас еді.
ҚР Президенті болып сайланған Қ-Ж.Тоқаев ел күткен үдеден шығып, Ұлттық кеңес құрып, қоғамның пікірімен санасуға қадам жасады. Бұл кеңес бүгінгі ұрпақтың үнін тарих сахнасына алып шығуымен ерекшеленді. Әйпегенде, түгел бір ұрпақтың үні тасада, қалтарыста қалған болар еді. Ұлттық кеңеске өзіндік ой-пікірін ашық білдіре алатын, әрі нағыз кемеліне келген белсенді азаматтардың мүше болуы көңілімізге қуаныш ұялатқаны сөзсіз.
Атап айтқанда, Қазыбек Иса, Айдос Сарым, Берік Әбдіғани, Мұхтар Тайжан, Ермек Тұрсынов сынды ел азаматтары Ұлттық кеңеске үлкен серпіліс туғызды. Осындай атпал азаматтардың үні дәл бүгінгі уақытта біздің қоғамға аса қажет еді. Осы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында ел Президентіне ұлт жанашыры, Қазыбек Исаның мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы өткір ұсыныстарды айтып, бүкіл қазақ зиялы қауым өкілдерінің үнін жеткізе білгені – әрбіріміздің кеудемізде үміт отын жақты. Тартқатып айтқанда, Конституциядағы қазақ тіліне кедергі келтіріп отырған баптарды алып тастау, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдау сынды ұсыныстары – ұлтымыздың ұпайын түгендей түсетін батыл қадам деп білемін. Басқа-басқа тіл мәселесімен ойнауға болмайтынын билік те түсініп отыр. Қазақ тілінің жағдайы оңалмаса, бүкіл Қазақстанның жағдайы оңбайтыны да белгілі. Ендігі жерде билік, қазақ тілі мәселесін өз қолына алып, бүкіл елді артынан ертуге бекініп отыр. Бұл тұрғыда ең бірінші, еліміздің 73 пайызын құрап отырған қазақтардың мемлекеттік тілі – қазақ тілі туралы дербес арнайы заңды көп күттірмей, қабылдауға мұрындық болса, ел мұратының орындалғаны. Болашақ Қазақ Парламенті бүгінгі Ұлттық кеңестің рухында құрылса, айымыздың оңынан туғаны дер едім. Ендеше, ҰЛТЫМЫЗДЫҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙТЫН ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС жұмысына толағай табыстар тілейміз. Билік пен халық арасындағы алтын көпірге айнала бергей!
qazaquni.kz