ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ
2019 ж. 28 қыркүйек
2205
0
Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті театр және кино актрисасы Әмина Ерғожақызы Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына арналған XXVII Республикалық театр фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Мәдениет және спорт министірлігі Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан театрлары ассоциациясының ұйымдастыруымен 6 күн бойы елімізге танымал 12 театр ұжымы үздік қойылымдарын сахналап, дүйім көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында Әмина Өмірзақованың сахнада ойнаған 30 рөлінен үзінді қойылып, қысқаша өмірбаяны баяндалды.
Өнерпаздар мен өнер ұжымдары 13 аталым және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы жүлдесімен марапатталды.
«Үздік көркемдік шешім» номинациясы бойынша Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театры «Періште» спектаклі үшін;
«Үздік режиссура» номинациясы бойынша «Жан дауысы» спектаклі үшін Фархат Молдағали;
«Әмина Өмірзақова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша «Ләйлі-Мәжнүн» спектакліндегі «Ләйлінің анасы және кемпір» рольдері үшін Ботагөз Мақсұтова;
«Үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша «Әлиханның аманаты» спектакліндегі «Әлихан» ролі үшін Медғат Өмірәлиев;
«Қазақстанның театр өнеріне қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Абай» спектакліндегі «Абай» ролі үшін Бақытбек Темірбеков;
«Үздік актерлік ансамбль» номинациясы бойынша М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Евгений Онегин» спектаклі;
«Тарихи тақырыпты игерудегі ізденістері үшін» номинациясы бойынша Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры «Ахметтің аманаты» спектаклі;
«Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясы бойынша «Қанды азу» спектакліндегі «Бораш» ролі үшін Елдос Масалимов;
«Ең үздік екінші пландағы әйел адам бейнесі» номинациясы бойынша «Театр 180º» спектакліндегі «Дотти» ролі үшін Гүлмира Жакилина;
«Үміт» номинациясы бойынша «Балалық шаққа саяхат» спектаклінің режиссері Жангелді Садықов;
«Үздік дебют» номинациясы бойынша «Театр 180º» спектаклі үшін «Nomad» театры;
«Шығармашылық жетістіктері үшін» номинациясы бойынша «Дауыс. Дау іс» спектаклі, «Дариға-ай» жастар театры марапатталды.
Ал, «Ең үздік спектакль» номинациясы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Адам-зат» спектаклі үшін берілді. Жүлде қоры 1,500 000 теңге.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлде қоры 1,000 000 теңгені құрайтын арнайы жүлдесі «Дариға-ай» жастар театрына табысталды. Айта кетейік, осындай ауқымды шараның Семейде өтуі заңдылық. Себебі, елімізде алғашқы театр өнерінің шымылдығы түрілген рухани астанасы саналады. Сонымен қатар, Семей қаласы театр өнерін дамытып, талай өнерпаз театр саңлақтарын ұшырған қасиетті мекен.
Әділғазы КЕРЕЕВ
qazaquni.kz