Қазыбек Иса: Әмірхан әлемі басталды (фото, видео)
2019 ж. 27 қыркүйек
4841
0
Бүгін сағат 11-00-де Алматыда қала әкімдігі көрнекті ақын, әдебиет сыншысы, ойшыл Әмірхан Балқыбек тұрған үйге ескерткіш тақта орнатты. Еске алу шарасына қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек ағамыз бен Әмірхандай дара дарынды дүниеге әкелген анасы Тұрсын апамыз сөйлеп, ескерткіш тақтаны ашты. Алматы әкімдігі жауапты қызметкері, шардаралық Бақыт Қалымбет сөйлеп, Әмірханның туған жері Шардарадағы еңбек жолдарын айтты. Сонымен бірге белгілі ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, "Қазақ үні" газеті президенті Қазыбек Иса сөйлеп, жыр оқыды. Соңынан "Көктүрік" кафесінде ас беріліп, Әмірханның аруағына құран бағышталды. Аста Шардара қаласы әкімі Ережеп Бекет шардаралықтардың ризашылығын жеткізді. Белгілі композитор Әшірхан Телғозиев, ақын Бауыржан Қарабек, ақын Жарас Сәрсек, жазушы Дидар Амантай, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, жазушылар Думан Рамазан мен Гүлзат Шойбек, Болат Шарахымбай және тб сөйлеп, өздерінің жүрекжарды сөздерін айтты. Еске алу жиынын осы шараға белсене атсалысып, басы-қасында жүрген белгілі ақын, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты Маралтай Райымбекұлы жүргізді.
Қазыбек Иса: Әмірхан әлемі басталды
Осыдан 5 жыл бұрын Әмірхан бауырымыз жайбарақат жүрген бәріміздің төбемізден жай түсіріп, жарқ етіп құйрықты жұлдыздай ағып өмірден өте шыққанда мен "Ел сені енді іздей бастайды!"деп жазып едім... Міне, ел іздеп келеді.
Әмірхан 2000 жылы мен "Қазақ үні" ("Жас қазақ үні") газетін ашқанда бір топ жастарға бас болып, жанымда жүрді. Әдебиет бөлімі меңгерушісі болды. Газеттің алғашқы беташар номеріне қазақтың біртуар тұлғаларының құттықтауын бердік. Әмірхан әйгілі батыр, Қазақстанның Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновпен сұхбаттасып, жақсы құттықтау жазып әкелді. Әдеби-мәдени әлемге өзгеше тыныс әкелген соны дүниелерін жариялай бастады. Сондықтан оған "Қазақ әдебиеті" газетінен шақыру түскенде, ол оны маған қысылып, қиналып жеткізді. Мен бірден батамды беріп, Ақ жол тіледім.
Әмірхан баладай ақ көңіл, бар адамға сенгіш еді... Сол кезде, бізде істеп жүргенде ол бір таныс жылпос жігітке сеніп қалып, жатақханадан бір-екі бөлме алып беремін дегеніне сеніп, 3 мың долларын ұстата салған ғой. 4-5 мыңдай долларға бір бөлмелі пәтер алуға болатын кез. Ақша да жоқ, баспана да жоқ, қатты қиналып жүрді. "Ол жігіттен қолхат алып па едің, заң орындарына берейік" дедім мен бірде. Ол болса қысыла күлімсіреп: "Таныс жігіттер ғой араласып жүрген, қалай қолхат аласың, ұят емес пе?!"-деп қарап тұр...
"Қасқыр құдай болған кез" кітабын шығарарда маған еркелеп келіп: " Қазаға, елге барып, бар тапқаным осы боп тұр. Қалған жетпегенін өзіңіз бірнәрсе қылып жеткізерсіз. Осы кітабымды өзіңіз шығарып берсеңіз" деп келді. Кітабына қарасам, 40 баспа табақтай, 600 беттей алып кітап. 1996 жылы менің 15 баспатабақ тұңғыш жыр кітабым "Керімсалды" көргенде қазақтың көрнекті ақыны Темірхан көкем: "Мұндай үлкен тұңғыш кітапты бірінші рет көруім. Мынауың ұрса, адам өлтіретін кітап қой!"-деп қалжыңдап еді. Ал Әмірхан інімдікі "адам өлтіретін" емес, атан өлтіретін алып кітап еді. Бауырымның базынасын жерге тастамай, "Қасқыр құдай болған кез" кітабын өзіміздің "Тұран" баспасынан шығарып бердім. Иә, ол кітаптың шын мәнінде, көлеміне сай көркемдігі де зор еді. Әдебиетке де, әдеби ғылымға да қосылған асыл қазына еді. Сондай әдеби әлемге құбылыс болған дүниені Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық Алаш сыйлығына сын саласынан ұсынылғанда құлатып жіберді... Ол бұған қатты қиналып жүрді...
Әмірхан оқуға түсе алмай қалып, ауылда аудандық "Өскен өңір" газетінде істеп жүрді. Сол кезде Қызылқұм ауылында мектепте сабақ беріп жүрген мені іздеп келді. Екеуміз Қызылдың құмын аралап, шабыт құшағында шалқып жүрдік біраз күн. Сол кезде-ақ жанары ұшқындаған сары баланың саңлаққа айналар сарыны айқын аңғарылып тұратын...
Зиялылар қауымын бірден жалт қаратқан жалынды жас Әмірханның өзімен ала кеткен ұшан-теңіз білімі - асыл қазынасы үлкен өкініш тудырады.
Қазақ поэзиясына қосқан өзіндік өрнегінен өзге ғылымда зор туындылар қалдырар дарыны бар еді...
Әмірханның әкесі Жұмабек ағамыз әл үстінде жатқанда тапсырып еді. "Артыңнан еріп Алматыға келген ақын ініңе бас-көз болып жүр" деп. Біз сені сақтай алмадық! Қапыда айрылып қалдық. Адамның дегені болмайды-Алланың дегені болады! Өмір өз дегенін істейді-өкініш қалады... Шырылдап іздеп едің... Сол кезде мен Бішгекте емес, Алматыда болып, мен шақырғанда сені шақырған өзге әлемнің құшағынан құтылып шығып, құрақ ұшып келер ме едің, аман қалар ма едің деп ойлаймын, бауырым!
Биыл Қырда қызғалдақтар қаптады. Қызылқұмда өскен ақындар секілді сен де ерекше жақсы көрдің қыр қызғалдақтарын! Сол жылы қайта-қайта айта бердің "қызғалдақ шыққанда ауылға барамын" деп... Ал қызғалдақ шыққанда шалқып жүрген Алматыңнан Шардараға қарай сені қызғалдаққа емес, қызыл кілемге орап алып шықтық...Биыл көктемде Шардараға барғанда, Қырда жатқан басыңа барғанда түсіндім, өрттей қаулап шыққан қып-қызыл қыр қызғалдақтары өзіңді іздегенін...
Әмірхан балқыбектің 50 жылдығына байланысты Түркістан облысы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастымен Шардарада жас ақындар мүшәйрасы, Әмірхан оқулары өтті. Өзі оқыған М.Әуезов атындағы мектепте Әмірхан Балқыбек кабинеті ашылды. Көшеге көрнекті суреті ілінді. Міне, Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Әмірхан Балқыбек тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Бұл кезінде Иманғали Тасмағамбетов кілең әдебиет пен өнер өкілдеріне үй беріп, құралған "Құлагер" ауданындағы тұңғыш ескерткіш тақта болуы керек.. Осынау іс шаралар басында жан досы үшін жанұшырып жүгіріп жүрген марқасқа ақынымыз Маралтайға, Сәкен інілерімізге, ағайындарды бастап келген Асхан Пердебек бауырларымызға алғыс айтамыз. Әдебиет әлеміндегі жарқын құбылыс Әмірхан Балқыбектің атын мәңгілікке қалдыру шаралары енді басталды, ол жалғаса береді деп сенеміз. Әмірхан бауырымыздың жатқан жері жайлы болып, артында қалған отбасына ұзақ ғұмыр бергей.ҚҰБЫЛЫС
Әмірхан Балқыбекке
Дүбірімен шығаратын жыр атын, «Мен өлгенде қуанса екен бір ақын…»- дейтін едің, ал жүз ақын жылады, Орындалса, мұратың…
Күтіп жүрген секілді бір ел үзбей, Кеткеннен-ақ бастады ғой сені іздей… Кеңістігің – көз жетпейтін көкжиек, Тереңдігің – түбі шексіз теңіздей!..
Шардарадай жарға соққан кемері, Шалқып жүрдің, шабытты ойдың кенені. Ақадал ең, көңілің де кең еді… Соңғы сәтте іздегенің шырқырап, Жүрегімде шырыл қағып келеді…
Туған жердің тартылысы бар білсең, Аңсағанда еріп кетер әрбір сең… Қызылқұмның қызғалдағын күтіп ең, Қызғалдақты қырда мәңгі қалдың сен!..
Күйбеңдікпен өтетұғын көп күнге, Бір түкіріп, қалам қудың тек мүлде. Маңдайына біткен елдің маңдайлы ұл, Маңдайына сыймай ақыр кеттің бе?!.
Тап басушы ең ғаламдық ой тамырын, Таланттының білді ме ел қадірін?!. Құбылмалы дүниені құр қалдырып, Құбылыс боп кете бардың дарыным!
Ей, ғұлама бауырым-ай, не білдің?!. Жаужүрек ең, жеңдің, әлде, жеңілдің… Өзгермейтін дерті қалды еліңнің, Өкпең болып өрті қалды өмірдің…
Мынау дүние шырқ айналып қас қағым, Арманшыл ұл іздеп кетті аспанын… Қатарыңның алды ең, қапы қалдырып, Ажалға да алдыменен бастадың…
Жарық әлем қызыл-жасыл шамдары, Сиқырымен сыйдыра да алмады… Ғарыш та бір шақырудан талмады... Бәрін тастап кетіп қалдың, Өйткені – Жер бетінде Сен істер түк қалмады!?.
Қазыбек ИСА 04.04.2015. Астана-Шардара