Суретші Мағауия Аманжоловтың альбом-кітабы жарық көрді
2019 ж. 26 қыркүйек
3224
0
Қазақта Мағауия Аманжолов деген ғажап дарын иесі болды. Осы жерде «болды» деуімнің себеп-сыры бар. Қайталанбайты монументальды полотноларымен жарқ етіп, қазақ бейнелеу өнерінде жарылыс жасаған суретші 1995 жылдың жарқын жазының бір күні әдеттегідей шеберханасына кетеді; кетеді, содан біржола оралмайды. Міне, 24 жыл өтіпті, одан ешқандай хабар-ошар жоқ. Аяулы жары Гүлбайраш пен артында қалған үш қызы әлі күнге дейін үміт үзбей, сарыла күтіп жүр.
Әрине, ауыр... Ал, шүкіршілікке келтіретіні – артында мәңгі ұмыттырмайтындай портреттері, пейзаждық суреттері, ғаламат кәсіби шеберлікпен жазған үлкен көлемді, сан қырлы фигуралы картиналары қалды. Олардың бәрі дерлік республикалық, одақтық, халықаралық көрмелерге қатысқан, өнерзерттеушілер тарапынан айрықша бағаланған. Сонау 90-жылдардың халыққа қатты тиген кезеңінде Суретшілер одағына билік еткен басшылық, «ол енді жоқ, шеберхананы басқа біреуге береміз» деп тартып алады. Осылай өздері қан жұтып жүрген отбасын одан бетер қинайды. Сол уақытта арнайы орында сақталуға тиісті суреттер үшін Гүлбайраштың ашпаған есігі, жалынып, жалбарынып хат жазбаған министрі, әкімдері қалмады. Ол осылай шырылдап жүріп халықтың қазынасына айналған суреттерін аман сақтап қалып еді.
Сондай қилы күндердің бірінде Павлодар облысында әкім болып жүрген Даниал Кенжетайұлы Ахметов әдейілеп іздеп келіп, Мағауияның қасиетті қаламынан туған шығармаларына қайран қалған. Сурет өнеріне деген ілтипаты керемет екен, өзінің талғампаздықпен жинайтын жеке коллекциясына 3-4 картинасын сатып алады. Ол кісі осылай Шығыс Қазақстан облысында әкім болып жүріп те назарынан тыс қалдырмай, үлкен көлемдегі 8 картинасын облыстық музейге алдыртады. Алматыға жолы бір түскенде Мағауияның тұңғыш қызы белгілі суретші Құралай Аманжолованың шеберханасына бас сұғады. Сонда Гүлбайраш азаматының 2019 жылы 70-ке толатынын аузына алыпты.
– Сіз оған алаңдамаңыз, мерейтойын атап өтеміз. Мағауиядай суретшіні бүгінгі ұрпақ білуге тиіс. Альбом-кітабын шығарамыз, жеке көрмесін өткіземіз, – депті Даниал мырза.
Әкім сол айтқан сөзінде тұрды. Таяуда альбом-кітабын да керемет етіп шығартты. Шығыс Қазақстан облыстық музейінде суретшінің 70-жылдығына арналған «Шексіз кеңістік, шетсіз кеңістік...» атты көрмесін де ұйымдастырды. Оған әйгілі суретшінің жары Гүлбайраш, қызы Құралай, жиен немересі Қасымхан және альбом-кітаптың әдеби жазбашысы ретінде мен де қатыстым.
– Алла берген өнерімен халқына қалтқысыз қызмет еткен Мағауия Аманжоловты ардақтап, осыншама тірлік жасаған Даниал Кенжетайұлы, Сізге мың рахмет! – деп ризашылық көңілін білдірді кітаптың тұсаукесер тойында Гүлбайраш Молдабаева.
Талғат Айтбай, Фейсбук парақшасынан