Астың шапағаты – ауылға жол салынады
2019 ж. 07 қыркүйек
4041
0
Жақында жер жәннаты Жетісуда, жазиралы Жаркент өңірі, қоңыржай Қоңырөлеңнің ырысты Ынталы ауылында дүрілдеген ас өтті.
Ас Рақымбай Мырзаұлына арналды. Атамыздың әруағын тербеткен асқа алыс-жақыннан 250-дей ел қатысты. Алдымен Рақымбай атаға арнап имам Тұрлыбек Қорғасбек Құран бағыштады.
Аста алғашқы болып сөйлеген белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы қазақ халқының ас беру дәстүрі еш елде кездеспейтін зор құндылық екеніне тоқталды. Ынталының бар жақсылыққа ынталы халқына ризашылық білдірді. Асқа қатысып отырған Алматы облысы Панфилов ауданы әкімі Темірлан Бектасов мырзаға қаратып: «Жаңа анау үлкен жолдан осы Ынталы ауылына дейін 12 шақырым жол қиын екен, екеуміз де қиналып жеттік. Енді осы екі араға жол салып берсең, ел риза болар еді», – деп ынталылықтардың аманатын жеткізді.
Одан кейін сөйлеген аудан әкімі Темірлан Бектасов астың ел рухындағы ерекше рөліне тоқталып, аудандағы Рухани жаңғыру саласындағы істерді тілге тиек етті. Ынталыға салынар жолды алдағы уақытта жоспарға кіргізуге күш салатынын айтты.
Белгілі ғалым, филология ғылымы докторы, профессор Сәрсенбі Дәуіт ас беріліп жатқан Рахымбай Мырзаұлының бабасы, әйгілі Қожбамбет бидің Тезек төренің бас биі болғанын, Бақтыбай ақынды Тезек төренің қаһарынан сақтап қалып, ақындық жолына бата бергенін әңгімеледі.
Содан соң сөйлеген Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, біраз жыл Қазақстан Суретшілер одағын басқарған Байтұрсын Өмірбек, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, биология ғылымының докторы, профессор Айып Ысқақ, ел ағалары Ақан Оспанов, Тұрлықожа Морынбаев, Сатымбек, Нұрилла т.б ел ішіне келіп ас өткізіп отырған Әсет Мырза мен Рахымбай әулетіне алғыстарын айтты.
Өз сөзінде ақын, таяуда құрылған ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары, «Қазақ үні» газеті президенті Қазыбек Иса да ұлттық дәстүрлердің зор құндылығын айтты:
«Тезек төренің бас биі Қожбамбет бидің аты көрнекті жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы «Ақ боз ат» атты романында аталады. Иә, жер жаһанды аралаған ұлы Шоқан тек жер жәннаты - Жетісудан жар таңдайды. Мен де Жетісуға күйеу баламын, өзім Оңтүстікте, Түркістан облысы, Шардара ауданында туып өскемін. Оңтүстіктік жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың кітабын осы Қоңырөлеңге, қайынжұртқа келгенде Мырзаның алты баласының бірі, кезінде арғы бетте Сүйдінде қазақтың әйгілі әншісі, досы Дәнеш Рақышты түрмеден шығарып алған қайынатам Ботайдың үйінен қалың кітаптың ішінен тауып алып оқыған едім.
Анау жылы Қоңырөлең ауылындағы жалпы мектепке Қожбамбет бидің аты берілгенде арнайы шақырумен келіп қатысып, құттықтап қайтқан болатынбыз.
Қожбамбет би туралы Сәрсенбі ағамыз толық, жақсы айтып кетті. Мен енді «Мың жылқылы Мырза» атанған атамыз туралы қысқаша тоқтала кетейін.
Мырзаның мың жылқысы өзенге суға құлағанда аяқтағы елге су жетпей қалады екен» деген сөз ел ішінде тегін тарамаған болса керек. Өйткені Кеңес үкіметі орнамай тұрғанда осы жерді зерттеген ресейліктердің картасында «Мырза қыстауы» деп сақталғаны анықталды.
Біз алғаш осы елге күйеу бала болып келгенде аппақ кимешек киген ажарлы апа-әжелер қаз қатар тізіліп отырып ескіден есті әңгіме қозғайтын. Сонда жазда жайлауға Мырзаның алты баласы кілең жүйрік аттармен серуенге шыққанда әдемі орамалдарымызды тартып шығып, қарайтынбыз» дейтін.
Алладан рақым күткен Мырза атамыз алты баласының төртеуінің атын Рақымжан, Рақымбай, Рақымберді, Рақымберген деп қойыпты. Екеуін Бейісбай, Зейнелғабиден атапты. Сондай-ақ иман жолында болып, өнегелі өмір сүрген Рақымбай атамыз да өзінің және інілерінің балаларына Исламнұр, Исламжан, Исламбек, Исламбай деген аттар қойыпты. «Алтау тапқан ананы, ханым десе болады» дегендей, Күлжамал апамыз екеуі бес ұл, бес қыз – он бала тәрбиелеп өсірген. Ұлдары ұяда, қыздары қияда, әрқайсысы өз несібесін теріп жеп жүр. Әулеттің үлкені Әсет ағамыз Панфилов ауданында басшылық қызметтерде болып, Денсаулық сақтау министрлігінде құрылыс саласын басқарды. Кейін Президент Іс басқармасына қарасты емханада басшылардың бірі болып, зейнет демалысына шыққан ел ағасы.
«Жақсыдан шапағат» деген, міне, Рахымбай атамыздың асында да ауылға шапағаты тиіп жатыр. Жаңа қазақтың әйгілі жазушысы Бексұлтан ағамыз бастап берген ауылға жол салу мәселесі де құдай қаласа шешіледі деп отырмыз. Қазір үстел басында әңгімелесіп отырғанда аудан әкімі Темірлан бауырымыз Ынталыға жол салу жоспарының техникалық негіздемесін қолға алып жатқандарын айтты. Ендеше, ынталылықтар, ауылдарыңызға айнадай жол түсіп қалуы да ғажап емес. Біз осы асқа Рақымбай атамыз туралы мақала бастырып алып келген елге белгілі республикалық «Қазақ үні» газетімізге енді «Бексұлтан ағамыз айтты-аудан әкімі Темірлан темірдей уәдесін берді» деп жазып жіберетін боламыз. Шегінерге жол жоқ!
Осы Қоңырөлең ауылынан үш аудан әкімі шыққанын ел жақсы біледі. Олар Әділшайық Ыбыраймолдаев, Ермек Келемсейітов, Бердәулет... Сол үшеуі де ауданды басқарып тұрып, ауылдарына сала алмаған жолды Темірлан бауырым, өзіңіз салсаңыз тарихта қаласыз! Қазақта айтылатын «Қасым салған қасқа жол, Есім салған ескі жол» дегендей, енді құдай қаласа, «Темірлан салған тегіс жол», – дейтін боламыз.
Ақын Қазыбек Исаның сөзін асқа жиналған қалың ел бірауыздан қолдап, зор ризашылығын білдірді.
Ас соңында Әсет Мырзаұлы алыс-жақыннан арнайы ат арытып келген елге рахмет айтты.
Астан кейін көкпар тартылды. Көкпардың батасын көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржеке берді .
Рақымбай Мырзаұлы атаның асы ел рухын көтерген ерекше дүбірлі, Рухани жаңғырған игілікті іс-шара болды.
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz