Смағұл Елубай: Бүгінгі тіл саясаты қазақ ұлтының мүддесіне сай емес
2019 ж. 13 тамыз
30131
6
Бәрі бақытты болғысы келеді. Сол анық. Біз де бақытты болғымыз келеді. Ертең емес, арғы күні емес, бүгін. Бірақ бақыт дегеннің қос қанаты болады екен. Адами бақ, азаматтық бақ деген. Осы қос қанаттың бірі болып, бірі болмаса қиын. Соныңмен, бірінші бағың – адами, жекебас бақытың. Ол түсінікті. Ал екіншісі бағың – азаматтық бағың. Бұны қалай түсінеміз? Мысал термелейік. Мысалы, біз қазақтың қараша үйінде дүниеге келіппіз.Тал бесікке бөленіп, тіл бесікте тербелдік. Балалық шағымыз тіл қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өтті. 14 жастан бастап тіл маржанын теретін болдық. Өз тілімізді өлердей жақсы көрдік. Тіліміз Тәңірден кейінгі табынарымыз болды. 16 жастан мектепті Алматыда оқыдық. Сонда Алматыда тұңғыш рет түрі қазақ, тілі орыс қазақты көрдік. Көрдік те екі басты адамды көргендей түршіктік. Бұл құбылысты қабылдай алмадық. Алматыны сүйеміз. Бірақ бұ қаладағы орыстануды қабылдай алмадық. Алайда, ол деген сөз, орыстанғанның бәрі тіпәй деген сөз емес. Олардың арасында да ұлт мүддесін қорғап жүргендер бар. Ол бөлек әңгіме. Бірақ бүгінде төңірек толған тілсіздікті көргенде қолымызды төбеге қойып қаңғып кеткіміз келеді. Бірақ ешқайда кете алмайсың! Күрсінесің де қоясың. Тірлігіміз осы. Тіптен тіл білетін қазақтардың өзі бүгінде қазақ тілін қарадүрсін сөйлейтін болды. Қазіргі қазақтар, қарап тұрсаң
/қаламгер, тілшілерді есептемегенде/ қазыналы тіліміздің тек үштен бірін ғана қолданады. Адам адам болғалы, қазақ қазақ болғалы халық ана тірнектеп жинаған, «Қиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған» тілінің қомақты қоры сонда қайда қалмақ? Айналымнан шығып қалған сол тіл қазына тоғанда тұрып қалған судың кебін кимей ме?? Осы сұрақ бізді күнде мазалайды. Қазақ тілінің аспанындағы осы бұлт қашан, қашан серпіледі деумен келеміз? Серпілер күн болса бұ дүниеде бізден бақытты жан болмас еді! Азаматтық бақыт дегенді осылай түсінеді екенбіз. Ендеше, біз тек адам ретінде ғана емес, азамат ретінде де бақытты болғымыз келеді!
Тағдыр біздің пешенемізге ата-бабаларымызға 250 жыл арман болған Қазақстан Тәуелсіздігін көруді жазыпты. Бүгінде Жер бетінде үлкенді-кішілі 6 мыңдай халық болса, соның 180-і ұлттық мемлекетке ие. Миллиондаған халқы болса да бас билігі өзгенің қолында отырған, күндердің-күнінде жеке мемлекет болуды армандап отырған халықтар қаншама? Өйткені, соңғы уақытта жаһандану аз ұлттардың жойылу үдерісін үдетті. «Тіл ажалы» атты зерттеу авторы ағылшын Дэвид Кристалл үстіміздегі ғасыр аяғында қазіргі әлемдегі 6 мың тілдің 90 пайызы құрдымға кетеді деп отыр. 600-і ғана аман қалатын көрінеді. Бұл нені көрсетеді? Бұл бүгінгі әлемде тіл майданында жүріп жатқан шылқымбай соғысты көрсетеді. Бұл соғыстың өзге соғыстардан өзгешелігі сол, жеңілген тілдердің күні мәңгіге батады, жеңген тілдердің таңы мәңгіге атады. Жеңген тілдер, әрине, үлкен тілдер, империялық. Тіл майданындағы бұл жеңіске үлкен тілдер қалай жетіп жатыр? Мәдени майданда атом бомбасынан да әлеуетті – қаржы, кино, телевидение, интернетті ұтымды пайдалану арқылы жетіп жатыр. Осындай қан шығармай жан шығаратын қаруға ие тілдер жетіп жатыр. Олар бүгінде Жер бетінде ақырзаманда пайда болатұғын тура тажалдың өзіндей тайраңдап жүр. Ойнақ салып өзге тілдерді ойрандап жүр. Кернейлетіп, сырнайлатып, жалғанды жалпағынан басып жан-жағын жалмап жүр. Өрттей қаптап өзінен өзге тілдерді торғайдай тоздырып, тұқымын тұздай құртып келеді. Тою, тоқтау, қанағат дегенді білмейді. Араны апандай ашық. Жұмыр жерді жұтса да жұмырына жұғын болар түрі жоқ. Өйткені ол – тажал. Империялық тіл. Аз халықтардың тілдеріне қарсы империялық тілдер ашқан осынау соғыс ақырзаманда болады дейтін тажалдың жер бетіндегі соңғы соғысы іспетті. Тіл тажалының түпкі мақсаты түгел тілдерді тып-типыл ету. Дүниені дара билеу. Бұл адамзатқа атамзаманнан белгілі ниет - империялық ниет. Тілдерге тиген топалаң. Бүгінде көз алдымызда жүріп жатыр. Мемлекеті жоқ, қорғаны жоқ қаншама тілдер сол империялық тілдер тұтатқан жаһаннамда жанып жатыр. Талайының күлі баяғыда көкке ұшқан. Біздің, бүгінгі ұрпақтың көз алдында, осылайша, халықтардың қанын шығармай жанын шығаратын қиямет-қайым ғаламаты жүріп жатыр. Шынжыр балақ, шұбар төс тіл тажалы талай тілдерді жаһаннамның отында бытырлатып шыжғырып жатыр. Қорғансыз тілдер шыңғырып жатыр. Өкінішке қарай, тажалға қарсы тұрып қайрат қылудың орнына кейбір тілдер сол өртке ұмтылған көбелектей өздері түсіп жатыр.
Зерттеуші Кристалл болса бұның бәрін бұлжытпай сырттай бақылап, тіл өртінде күйген көбелек тілдердің тізімін тізіп отыр. Ғасыр аяғында осы жаһандық өртте қанша тілдер жанып, қанша тілдер талып, қанша тілдер қалады, соны хаттап отыр.
Әрине, аяқталмайтын соғыс жоқ. Күндердің күнінде тіл соғысы да аяқталады. Жанатындар жанып, қалатындар қалады. Дүниежүзілік тіл майданы да түбінде тынышталмақ. Ғасыр шайқасында жеңіске жеткен тілдер мен елдер күндердің бір күнінде алдағы ғасырда дуылдасып бас қосып ұлы жеңіс тойын тойлары хақ. Сол ғаламдық тілдер тойының төріне өз туларын тігері хақ. Жүздеген миллион сөйлеушілері бар тілдердің, сөйтіп, бағы жанады. Тулары жайнап сол ұлы той төрінде тұрады. Тәуелсіз мемлекеті бар елдер тулары да сол той төрінде желбіреуге тиіс. Өйтпесе ол тәуелсіз мемлекет бола ма? Сол себептен де, сол тілдер тойының төрінде қазақ туы да тұрар деп сенеміз. Біз осы болашаққа сенеміз. Бірақ сол болашаққа барар жол бүгін салынып жатқан жоқ па? Біздің қолымызбен. Күн сайын. Күн сайынғы күреспен. Ең бірінші күрес шарты – атадан қалған аманат ана тіл аясында өмір сүру. Үйде де, түзде де. Онсыз тіл бұлағы тартылады. Тіл – тірі организм. Тамыры соғып тұрса ғана тірі. Қолданбасаң құриды. Бұл – қарапайым қағида. Бірақ біз соны орындадық па? Орындамадық. Тоталитаризм тоқпағына төзе алмадық. Ата-баба аманатын аяқасты еттік. Өз үйімізде өз тіліміздің гүлін солдырып, өзге тілдің тамырына су құйдық. Орыстандық. Қазақ болудан қала бастадық. «Енді не істеу керек?» Қазақ тіліне қатысты бұл бір ғасыр бойы көтеріліп келе жатқан сұрақ. Әлі де өзекті. Әсіресе, Қазақстандағы Тіл заңының қабылданғанына 30 жыл толатын алдағы қыркүйек қарсаңында өзекті. Өйткені осыдан 30 жыл бұрын дау-дамаймен өмірге келген бұл заңға ұлт артқан үміт үлкен болатын. Ол заң қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады.
Ал біз: «Мемлекеттік тіл болғаннан кейін, енді тіл тауқыметі өзінен-өзі шешіледі!» деп бөркімізді аспанға аттық. Сөйтсек аңғал екенбіз. Оны соң түсіндік. Кеңестік санадағы тілдік сеңді 30 жыл бойы бұза алмағанда түсіндік. Барлық облыстарда, қалаларда Тіл басқармалары құрылғанына қарамастан, қыруар қаражат бөлінгеніне қарамастан, тегін курстар ашылғанына қарамастан, қазақ мектептері, балабақшалары күрт көбейгеніне қарамастан, қазақ халқының саны Қазақстанда ол кездегі 40 пайыздан бүгінде 70 пайызға жеткеніне қарамастан тіл майданындағы сол тоң, сол сең әлі бұзылар емес! Қозғалар емес! Жаңғырар емес! Қала қазақтары бұған дейін қалай орысша сайрап келсе, әлі солай сайрап келеді. Мұның себебі не? Біз оған бір ауыз сөзбен: «Мемлекеттк тілге деген мұқтаждық болмағандықтан» деп жауап берер едік. Қала қазақтары, тіптен, өздерінің қазақ екендігін, өз тілі бар екендігін ұмытып қалғандай. Қала қазақтары оңбай орыстанды. Осының салдарынан, бүгінгі қазақтың тіл бірлігі жоқ. Қазақ – тілдік тұрғыдан қақ бөлінді. Осыны пайдаланып орыс тілі ойқастап мемлекеттік тілдің орнында жүр. «Ал қазақ тілі қайда жүр?» Қазақ тілі алақан жайып өзінің мемлекеттік мәртебесін орыс тілінен сұраумен жүр. 30 жыл ұдайы! Тіліміз Тәуелсіз Қазақстанның төрін беруді орыс тілінен 30 жыл ұдайы сұраумен келді. Парадокс па?! Парадокс. Осы келеңсіздіктен кейін: «Қазақ деген халықта өзі ұлттық элита бар ма?» деген сұрақ туындайды, әсіресе, сырттан бақылағандар арасында.
Қазақстанда тіл саясатының қырын кеткені сонша, Америка, Еуропа, Қытайда оқитын қазақ студенттері өзара орысша сөйлесетін болды. Сөйтіп өзге жұрттар алдында өз ұлтын масқара етумен жүр. Қазақтың «Өз тілі жоқ халық» екенін дәлелдеп жүр. Кезінде Жириновский «Қазақ – өз тілі жоқ халық!» деп еді. Сонда біз «Жала!» деп шу етіп едік. Енді, міне, өз жастарымыз әлемде Жириновскийдің сол сөзін растап жүр. Мұны қазақ тілінің басына үйірілген бұлт демегенде не дейміз?! Бұдан арылар күн бар ма? Арылудың жолы бар ма? «Бар!» дейміз. Оның жолы тіпті қарапайым. Ұлы дала елінде мемлекеттік тілге деген мұқтаждықты тудыру керек! Оны білуге деген мұқтаждық тумай тілге түгел бет бұру болмайды. Мұқтаждық болса халық құстың да тілін үйренеді.
Сонымен мемлекеттік тілді үйренуге деген мұқтаждықты қалай тудырамыз?
- Биыл жыл аяғына дейін барлық мемлекеттік қызметкерлер тілден емтихан тапсыруы керек; Оларға мемлекеттік тілді үйренуге 30 жыл уақыт берілді ғой. Мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметтен кетуі керек.
- Мемлекеттік балабақшалар түгел мемлекеттік тілге көшірілуі керек.
- Қазақстандағы мемлекеттік орыс мектептерінде қазақ тілі, әдебиеті және Қазақстан тарихы пәндері тек мемлекеттік тілде оқытылуы керек.
- Барлық мемлекеттік орта мектепті бітірушілер аттестат алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы керек.
- «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барушылар да түгел мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы керек.
- Барлық мемлекеттік мекемелер іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуі керек.
- Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде оқытылатын «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы» пәндері болуы керек.
- Сот істерін мемлекеттік тілде жүргізуі керек.
- Қазақстан Парламенті түгел мемлекеттік тілге көшуі керек. Заңдар алдымен мемлекеттік тілде қабылданып, қажет болса орыс тіліне аударылуы керек.
- Мемлекеттік тілде іс жүргізуде Қазақстан үкіметі күллі республикаға үлгі болуы керек. Және сол үлгіні министрліктерден, облыстардан талап етуі керек. Яғни, мемлекет көлемінде мемлекеттік тілге мұқтаждық тууы керек. Мұқтаждық – тіл үйренудің басты шарты.
Тіл ахуалы қашанда елдегі демографиялық ахуалға тәуелді. Елде қазақ тілділердің көбеюі – қазақ тілінің кепілі. Кешегі «Қызыл қырғын» болмағанда қазақтың саны Қазақстанда 50 миллион болар еді» деп Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылы Қазақстандағы ашаршылықтың 80 жылдығында мәлімдеді. 1 млн 700 мың қазақты қырған 1921 жылғы ашаршылық, 2 млн 300 мың қазақты қырған 1932 жылғы ашаршылық болмағанда шынында да біз бүгінде 50 млн халық болып отырар едік. Сонда Қазақстанда елдік, жерлік, тілдік, діндік тауқыметтер деген туындамас еді. Жан-жақтағы ұлы көршілерімізбен де тереземіз тең болар еді. Бүгінгідей жалтақтамас едік. Демографияның құдіреті сол; «Көп қорқытады, терең батырады». Ендеше, Ұлы даланы халыққа толтыру – Қазақстан үшін нөмірі 1-інші мәселе. Осыдан келіп, жақын жылдарда Қазақстанда қазақ саны 20 миллионға жетсе деп армандаймыз. Қазақстан халқының жалпы саны 25 миллионға жетсе деп армандаймыз. Себебі тіл сәуегейі Кристалл «Тіл мәңгі болу үшін сол тілде сөйлеушілер саны 20 миллионнан асуы керек» деген екен. Ғалым ғаламдық тәжірибеге сүйеніп айтып отырса керек. Демек, қазақтің тілі мен елі мәңгі болуы үшін Қазақстанда қазақтың саны 20 миллионнан асуы керек. Бұл – ұлы меже! Ендеше, барлық күшті осы мақсатқа жұмылдыру керек! Бірақ бұл межеге қалай жетеміз? Ол үшін Қазақстанда мына бір қарапайым қағидалар орындалуы керек:
- Көп балалы болу ұлт ұранына айналу керек. Әрбір балалы ана үкімет қамқорлығына бөленуі керек. Қазақ әйелі «бала туу – бас ауру» деген батыстық түсініктен арылып, «бала туу – бақыт!» деген сенімге ие болуы керек. Бірінші баладан бастап ананың жұмыс өтілі жүріп жатуы керек. Көп балалы анаға төленетін жәрдемақы ана мен баланы асырауға толық жететін болуы керек. Сонда қыздарымыз бүгінгідей диплом қуып, мансап қуып «салт басты, сабау қамшы» болып жүріп алмас еді. Тұрмыс құруға асығар еді. Демографиялық көрсеткіш көтерілер еді.
- Қазақстанда басы бос қыз-келіншектер саны рабайсыз көбейіп кеткен. Олардың жиын саны жарты миллиондай. Яғни ер адамдар мен әйел адамдары арасындағы демографиялық тепе-теңдік бұзылған. Мұны қалай түзетуге болады? Қыздарымыз көлденең көк аттының етегінен ұстап кете бермес үшін не істеу керек? Бұл мәселені бұрынғы ата-бабаларымыз қалай шешкен? Ұлттық тәжірибеге жүгінейік. Ұлттық тәжірибеге көз жүгіртсек, Ұлы далада «бәйбіше-тоқал» институты ешқашан үзілмеген екен. Ендеше, сол ата-баба салтын неге жаңғыртпасқа?! Оны жаңғыртуға бізге кім кедергі? Не кедергі? Сөйтсек, басты кедергі – батыстық мәдениет екен. Қазаққа таңылған батыстық мәдениет екен! Астапыралла!!! Сонда отбасы мәдениетін үйретуде бізге Батыс үлгі болғаны ма?! Жетіскен екенбіз!! Отбасы мәдениетін Батыс, неге, керісінше бізден үйренбейді?! Бұл шамырқанып шарт сынған сұрақ біздің басымызға неге кеш кірген?! 70 жыл ұдайы қазақты кемсіткен қызыл саясаттың салдары, әрине. Енді, біз үлгі еткен Батыстың сиқына көз салыңыз! Бүгінде Батыс еркекпен – еркектің, әйелмен – әйелдің үйленуін заңдастырды. Сөйтіп бала туудан безді. Біз, енді, бұған да еліктеуіміз керек пе?! «Құрсын!» дейсіз. «Батыстың бетін әрі қылсын!» дейсіз. Ендеше, кез келгенге еліктей бермей, бізді атамзаманнан азшылық деген апаттан құтқарып келген ата салтымызға жүгінейік! Батыл реформаға барайық! Өйтпейді екенбіз, біз, Қазақстан үкіметі, жарты миллион нәзік жандар тағдырына көз жұмған боламыз. Немқұрайды қараған боламыз. Олардың жар сүйіп, балалы болуға деген құқын, бақытты болуға деген құқын елемеген, ескермеген боламыз. Шынтуайтына келгенде жарты миллионның обалына қаламыз. Барды байқамай, көзжұмбайлыққа салыну ешуақытта мәселені шешпеген. Қайта қиындата түскен. Халық сол тұрмыстық тақсыретті шеккелі біраз болды. Мектеп жасындағы қыздар арасындағы түсік тастау, некесіз бала туу, сұмдық суицидтер өріс алғалы қашан! Бұл көрсеткіштерден біз бүгінде әлем көшін бастадық. Себебі осы бір шетін мәселені шешуде біз шарасыздық таныттық. Жарты миллион жалғызбастылар тағдырын жылы жауып қойдық. Одан не ұттық? Ұтылдық. Ұлттық масштабта ұтылдық. Қараңыз; жалғызбасты жарты миллион нәзік жандылар тұрмыс құрған болса өмірге ең кемінде бір миллион бала келмес пе еді?! Өкінішке қарай, келмеді. Айдың-күннің аманында көз алдымызда демографиялық апат орын алып жатыр. Халқы аз Қазақстан үшін бір миллионды жоғалту демографиялық апат емей не?! Оның ар жағында ел мен тіл тағдыры тұрған жоқ па?!
- Мүшкіл демографиялық ахуалымызды жөндеудің тағы бір саласы – ашаршылық кезінде шетел асқан қазақ ұрпағын елге қайтару. Бұл салада жұмыс жүріп жатыр. Бұл жұмысқа жұрт болып жұмылу парыз. Шетелден оралман тартуға қаражат салған кәсіпкерлерді қолдау парыз. Оралмандар тартуға үлес қосқан ондай кәсіпкерлердің аттары алтын әріппен жазылуы керек. Оларға салықтық жеңілдіктер жасалып, олар мемлекеттік қызметтерге тартылуы керек. Өйткені капитал заманында, ұлт көсегесін ұлттық буржуазия ғана көгертеді.
- Ресейдегі қазақ жастары тілінен айырылып жаппай орыстанып жатыр. Қытайдағы қазақ жастары қытайлана бастады. Өзбекстандағы қазақ жастары өзбектене бастады. Қазақтық санасы әлсіреген жастардың ата-жұртқа деген ынтасы да әлсіремек. Әрекетсіз өткен әрбір жылдың құны – жоғалған жүздеген мың қазақ. Ендеше, қазақ керек болса Қазақстан үкіметі асығуы керек! Мұндай ұлан-ғайыр іспен үлкен бір министрлік айналысуы керек. Қазақстанда көші-қон министрлігі құрылуы керек.
- «Қайтсек көбейеміз?» деп бүгінде біз шетелден тірнектеп қазақ жинап жүргенде Қазақстанның өз ішіндегі қазақ жастары мыңдап, он мыңдап шетел ауа бастады. Жоғары жалақы іздеп жаппай елден кете бастады. Кейбір деректер бойынша олардың жиын саны 700 мыңға жетсе керек. Және бұл керкеткен көші-қон ай сайын асқынып бара жатса керек. Оған тағы шетелде оқып жүрген студенттерді қосыңыз. Мысалы, бір Ресейдің өзінде 70 мың қазақ жастары оқиды. Олар түгел елге қайтады дегенге күмәніміз бар. Кореяда 17 мың қазақ жастары жүр. Олар сол елдің азаматтығын алып тұрақтап қалмасына кім кепіл?! Бүгінгі жастар – нарық заманының төлі. Олар бәрін ақшамен өлшейді. Сондықтан олар қай елде табыс болса сол елге тартып отырады. Біздің заманымызда біздердің шетел асуымызға тіл кедергі болған. Бүгінгі жастарда ондай кедергі жоқ. «Бірің қалмай ағылшынша үйреніңдер!» дедік. Бұл «Бірің қалмай шетел асыңдар!!!» дегенмен бірдей болды. Ағылшынша үйренген жастар енді мұндағы айлықты місе тұтпай шетел асып жатыр. Әсіресе, физика-математика саласында оқығандар. Жалақы қуып шетелге кетіп жатыр. Сонда, таланттарды таратып жіберу үшін оқытқан болдық па? Енді бұл трендті қалай тоқтатамыз? Бәрінің де бай болып, бақуатты өмір сүргісі келеді. Сонда, ертең Қазақстанда кім қалады? Сонда күндердің күнінде жұмыс қолынсыз /дәлірегі халықсыз/ қалған Қазақстан қалың қытайды жалынып шақырып жүрмесіне кім кепіл?! Өздерінде жұмыс істейтін жастар саны қысқарып кеткендіктен де Еуродақ бүгінде сырттан келетін мигранттарға мәжбүр болып қалған жоқ па?
- Осындай демографиялық апаттың алдын-алу үшін өкімет, жекеменшік компаниялар не істеуі керек? Қазірден бастап жалақыны көтеруі керек! Онсыз, жұмысқа қабілетті жастардан, жасампаз жастардан мыңдап, миллиондап айырылып, түбінде маңырап қалуымыз мүмкін. Мұндай болашақты болжау үшін сәуегей болу шарт емес. Төңірегімізге көз ашып қарасақ та жеткілікті.
Құрметті оқырман! Бүгінгі әңгімемізде біз Тәуелсіз елдің тілдік ахуалына аз-кем шолу жасадық. Тіл майданындағы түйткілді тұстарға үңілдік. Қорытынды: 30 жыл толған Тіл заңы қазақ тілінің көгіне үйірілген бұлтты сейілте алмады. Қазақ санасындағы кеңестік сеңді бұза алмады. Түйін: Тіл заңы сенімді ақтамады. Демек, Тәуелсіз елдің тіл саясатына жедел жәрдем керек. «Рухани жаңғыру» аясында тіл саясаты жаңғыруы керек. Ендігі жерде Қазақстан азаматтарынан мемлекеттік тілді талап ететін мезгіл жетті. «Тіл үйренуге 30 жыл аз болды» деп енді ешкім айта алмайды. Қазақ тілін алдымен қазақтардан сұрау керек. Тықыр таянбай тіл үйренбейді, ешкім.Тіл ауруын басқаша емдеу мүмкін емес. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны!» деп Президент Қ.Тоқаев айтпақшы, жанайқайымыз ашынғаннан шығып отыр.
Елбасының: «Қазақстан болашағы – қазақ тілінде!», «Қазақпен – қазақ қазақша сөйлессін!» деген қаншама әйгілі ұрандары болды. Қала қазақтары оларды құлаққа ілді ме?! Дені ілген жоқ. «Неткен нигилизм!?» Әлде, барлық мәселе; «Орыс тілі барлық деңгейде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген Конституциялық бапта ма? Осы сұрақтар, яғни, тіл жанашырларының жанайқайы отыз жыл ұдайы күн демей БАҚ беттерінен түспестен келеді. Отыз жыл ұдайы осы сұрақтаға жауап іздеп келеміз. Қазақстан үкіметі: «2021 жылға дейін қабылданған Тіл бағдарламасы бойынша Қазақстан халқының 90 пайызы 2021 жылы мемлекеттік тілде сөйлейді» деп отыр. Бұған кім сенеді?! Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қай мекемеге бас сұқсаң да, алдыңыздан ойқастап орыс тілі шығады. Қазақ тілі емес. Басқаны былай қойғанда бұл екі қалада қазақ жастары өзара орысша сөйлеседі. Аулаларда ойын тілі – орыс тілі. Бейне бір Ресейде жүргендейсіз. Мекемелер онсыз да орыс тілді. Сонда 2021 жылы, яғни, араға бір жыл салып, Қазақстан қазақша сайрайды дегенге кім сенеді? Біздіңше, 2021 жылы тағы да бір уәдеге толы Тіл бағдарламасы өмірге келетін болар: «2031 жылы Қазақстан түгел қазақша сайрайды!» деген. Бұл нені көрсетеді? Бұл тілге қатысты ағымдағы Конституциялық баптың да, Тіл заңының да Қазақстан мемлекетінің мемлекеттік тілін қорғай алмағандығын көрсетеді. Бұл екі үлкен құқықтық құжат ендігі жерде Қазақстанда жаңадан қалыптасқан демографиялық ахуалға сай, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған қазақ ұлтының ұлттық мүддесіне сай жаңғыруы керек! Жаңаруы керек! Оған себеп, бүгінгі тіл саясаты Тәуелсіз Қазақстанның 70 пайызын құрап отырған мемлекет құраушы ұлт мүддесіне сай емес. Тіптен қайшы деуге келеді. Бұл тауқыметтерді тиянақты шешу – бүгінгі ішкі тұрақтылық кепілі. Қазақ бақытты болғанда ғана Қазақстан бірлігі берік ел болады. Ал қазақ ертең емес, арғы күні емес, дәл бүгін бақытты болғысы келеді!
БҰҰ-ның әлем халықтарының бақыт рейтингін белгілейтін 2018 жылғы баяндамасы бойынша қазақ халқы 60-шы орында екен. Ал біздің қасымыздағы өзбек бауырлар болса бізден 20 саты жоғары 40-шы орынды иеленіпті.
Смағұл Елубай, Дереккөз: "Егемен Қазақстан"