Ислам Әбіш: Шығармашылық одақтарды өтеусіз қаржыландырумыз қажет
2019 ж. 08 тамыз
5811
5
ҮНДЕУ №4
Кеңес Одағы кезіндегі тоталитарлық режимнің өзінде Қазақстандағы шығармашылық адамдардың материалдық және әлеуметтік жағдайы, басқа одақтас республикалардағы секілді, бүгінгіден әлдеқайда жақсы болды.
Шығармашыл адамның ой еркіндігін шектейтін қатаң цензураға қарамастан, көптеген шығармашылық интеллигенция қайраткері туып-өсті. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Ғабит Мүсірепов, Әбілхан Қастеев, Мұқағали Мақатаев, Асанәлі Әшімов, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков және т. б. Кеңес Одағында, тіпті одан тыс жерлерде де танымал болды.
Кеңес Одағы тарап, Тәуелсіздік алғаннан кейін шығармашылық өкілдері қиын жағдайға ұшырады. Себебі, шығармашылық адамдарының бойында біздің бизнесмендерімізге тән «сатып алып – сатуға» деген икемділік жоқ. Билік болса оларға нарықтық экономикасы дамыған елдердегідей өз шығармаңды өзің сатып күн көр деді.
Қазақ тілінде жазылған кітапты тек қазақ тілді қазақтар ғана оқи алатынын ескермеді. Ал, олардың басым бөлігінің бүгін тұрмысы ауыр. КСРО кезінде шығармашылық адамдар түгелдей дерлік пәтермен қамтамасыз етілсе, кәзір кітап оқуға мүмкіндігі жоқ, ішер тамақ, киер киім, тұратын баспана табумен басы қатуда. Кітабын шет тілдерге аудару да оларда жоқ ақшаны талап етеді.
Тәуелсіздік келгелі Иманғали Тасмағамбетов Алматы және Астана қаласының әкімі кезінде көбін пәтермен қамтамасыз етті. Қырымбек Көшербаев Батыс Қазақстан облысы әкімі кезінде Алматыдағы зиялы қауым өкілдерін Оралға шақырып, бәрін үймен қамтамасыз етті. Басқа әкімдер бұл жайлы басын ауыртпайды деуге болады. Үкімет бұл мәселені әлі күнге дейін жүйелі түрде шешкен жоқ және тіпті олай ету жоспарында да жоқ.
Негізінен жазушылар, ақындар, журналистер жұмыс істейтін кейбір беймемлекеттік журналдар мен газеттерге әртүрлі тақырыпқа мемлекеттік тапсырыс (5-7 миллион теңге) жасалады. Қаржыны кімге беру, кімге бермеу министрліктің қолында.
Жыл сайын бұл керемет дарынды шығармашылық адамдары жүгіруі, сұрамсақтануы, сұрауы, қорлануы керек және олар билікке тәуелді бола бастады. Кім билікке ұнамай қалса, тез жемқорға айналады. Жемқорлық үшін Т. Жаманқұловты, С. Матаевты, Е. Біләлді айыптаған кезде тек маған ғана емес, өзін құрметтейтін көп адамға мұндайды оқу, есіту жиіркенішті болды. Тамаша дарынды адамдарды бүкіл халық алдында жемқор деп айыптады, ұятқа қалдырды.
Біріншіден, мен әлі күнге дейін олардың кінәлі екендігіне сенбеймін, екіншіден, егер қандай да бір қателіктер болса, дарынсыз жұмсалған триллиондаған теңгемен салыстырғанда бұл назар аударуға тұрарлық нәрсе емес. (LRT-Астана, жеке банктерге жүздеген миллиард теңгенің тұрақты түрде құйылуы. Астық өсірушілерге жөнсіз, тегін жұмсалған ақша және т. б.).
Онсыз да сенгіш, қарапайым шығармашыл адамдар енді сөз айтуға ғана емес, тіпті ойлауға қорқады. Мұның бәрі ескерту ретінде жасалды. Билік кез келген адамды айыптап, қорлап, масқаралап, жоқ қылып жібере алатынын көрсетті. Өздеріңіз қараңыздаршы, актерлер, театр басшылары, журналистер сияқты әр түрлі жанрдағы шығармашылық адамдары жазаланды, олардың барлығы үлкен беделге ие еді...
Кезек композиторлар мен эстрада жұлдыздарына да жетті. Гаухар Әлімбекованы алайық. Бірақ, бұл жолы сәтсіздік орын алды, қоғам, әріптестері, достары дауысы тамаша, жаны нәзік Гауһарды жазалауға жол бермеді. Бұл үлкен сигнал, бұл әділдік жолындағы қоғамның үлкен күші.
Барлық адам Гауһар сияқты танымал емес және барлығы қорғана алмайды. Мен 6 жылға сотталған мықты ғалымды білемін, ол 3 жыл отырып, ақырында өзінің кінәсіздігін дәлелдеді, бірақ оны түрмеге отырғызғаны үшін ешкім жазаланбады. Осындай әділетсіз айыптаулар, әділетсіз сотталған адамдар қаншама.
Шығармашылық адамдар — бұл мемлекеттің, ұлттың шамшырағы. Оларға шығармашылық ойлау қабілеті құдайдан берілген. Кез келген сауатты адам әкім, министр, директор бола алады. Жақсы болсын, жаман болсын жұмыс істей алады. Ал, ең үздік жоғары оқу орнын бітірген кез келген адам кем дегенде жаман ақын, жазушы, суретші, әртіс, әнші бола алмайды. Бұл алдымен Құдай беретін, содан кейін осы бағыттағы еңбекпен келетін қасиет.
Сондықтан олар сирек кездесетін, таңдаулы адамдар.
Сондықтан олардың барлық материалдық, әлеуметтік, шығармашылығын дамыту мәселелерін шеше отырып, мемлекет тарапынан күшті қолдау қажет.
Бұл айтылған шығынның бәрі біздің бюджет шығынымен салыстырғанда өте аз. Бұған құйылған қаражаттың қайтатыны сөзсіз.
Мысалы, Димаш Құдайберген еліміздің танымалдығын әлем алдында күрт көтерді. Ол бұл ретте мемлекеттік басшы шенеуніктеріміздің бәрінен 100 есе көп еңбек сіңірді. Егер 1000 шығармашылық адамның ішінен біреуі ғана әлемдік деңгейдегі жұлдыз болып шықса, онда 10 жыл бойы 1000 адамға жұмсалған барлық шығынымыз өтеледі.
Жалпы, шығармашыл адамдардың идеологиялық, патриоттық, мәдени пайдасы – бұл мемлекеттің есептеуге жатпайтын таза пайдасы.
Біздің ұсынысымыз:
1. Тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін, мүлдем тұрғын үйі жоқ азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету.
Егер 10,0 миллион теңгеден есептесе, мұндай адам саны 2-3 мың адам болуы мүмкін. 10 миллион теңгеге біздің ұсынысымыз бойынша кемінде 150 м2 үй салуға болады. Сонда жалпы сома 20-30 млрд теңгені құрайды. Бұл шығын – 2 жыл ішінде аяқтауға, сөйтіп түбегейлі шешіп тастауға болатын бірмезеттік мәселе. Егер жыл сайын 300-400 адам қосылатын болса, шығармашылық адамдардың тұрғын үйге деген тұрақты шығыны 3-4 млрд теңгені құрайтын болады.
2. Жыл сайын олардың шаруашылық және тұрмыстық шығындарын жабуға әрқайсысына 2,0 млн. теңгеден бөлінсе, жалпы сома 14-15 миллиард теңгені құрайды. (Барлық шығармашылық адам саны 7 мыңнан астам деп, артығымен есептедік).
3.Шығармашылық шығындарды жабуға (аудармалар, симпозиумдарға, көрмелерге қатысу және т. б.) шығармашылық одақтарға 5-6 млрд. теңге бөлу қажет.
Сол кезде жыл сайынғы шығындардың жалпы сомасы 23-25 млрд. теңгені құрайды. Бұл сома көп емес. Біздің ұсыныстарымыздағы үнемделген сома триллиондармен есептеледі.
Және бұл ақшаны шығармашылық одақтарға ешқандай міндеттемесіз, ешқандай мемлекеттік тапсырыссыз, нені жазу, қалай жазу керектігін шектемей беру қажет.
Олар нені жазуға, қалай жазуға болатынын, әнді қалай айтуға, суретті қалай салуға болатынын бізге, шенеуніктерге қарағанда жақсы біледі.
Ешкім де қоғамға жат лаңкестік, зорлық-зомбылықты насихаттайтын шығарма жазбайтынына мен сенімдімін.
Осындай қажетті жағдайды жасай отырып, біз әлемдік ауқымдағы шығармашыл адамдарды дайындай аламыз.
Қандай болмасын аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз, проблемасы басындағы шашынан көп адам нағыз шығармашылық шебері бола алмайды.
Бүгінде өте жақсы туындылардың өзі жарнамасыз танымал бола алмайды, ал мұның бәрі ақша.
Шығармашылық одақтар бұл қаражатты бөлуді, пайдалануды өздері ғана, бірақ айқын, демократиялық түрде шешуі тиіс.
Бұл ақшаны пайдалануды бақылау да олардың ішкі ісі болуы тиіс. Менің ойымша, өзін-өзі бақылау шенеуніктер мен құқық қорғау органдарының бақылауынан әлдеқайда тиімді болады.
Міне, сол кезде жалған жемқорлықа байланысты даулар болмайды.
Бақылаушы органдарымыз халық ақшасының жөн-жосықсыз жұмсалған миллиардтарын көрмейді, естімейді, ал шығармашылық адамдар бюджеттің 5-6 миллион теңгесін жұмсаса, ұлттық қауіпсіздікке төнген үлкен жемқорлық мәселедей көреді.
Шығармашылық адам еңбегінің нәтижесі – жоғары рухани құндылық, онсыз қоғамды толыққанды деп есептеуге болмайды. Біз ұсынып жатқан қаржы олардың еңбегіне лайық берілуі тиіс құндылықтардың болмашы бөлігі ғана.
Егер бүгін ең болмағанда осыдан бастасақ, одан арғысы уақыт еншісінде. Бәріміз де жақсыдан үміттіміз.
Ислам ӘБІШ,
Нұр-Сұлтан қаласы, СИЗО, 138 қапас,
22 шілде, 2019 ж.