Өмір Шыныбекұлы: Үштілділік енсе қазақ тілі үшінші сатыға сырғиды
2019 ж. 30 шілде
5662
0
1. МЕКТЕПТЕРДІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАСЫ
Мысалы, мен 1500 бала оқитын мектепте жұмыс істеймін. Компьютерлердің басым бөлігі 2005-2006 жылдары алынған (2017 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінде 16 оқушыға 1 компьютер болды). Біздің мектепте 1500 балаға бар болғаны 11-12 интерактивтік тақта бар. Олардың өзі 2009-2010 жылдары шығарылған тақталар. Сөздің ашығы АКТ-ң басым бөлігі бар болғаны экспонат). Бұзыла қалса қосалқы бөлшек табу қиын және онысы өте қымбат. Пән мұғалімінен бөлек, осы құрал-жабдықтарға қызмет көрсететін инженер-мамандар ескерілді ме? Миллионға жуық тұрғыны бар облыс орталығындағы жағдай осындай болса, шалғай ауылдардағы мектептердің жағдайы қалай болмақ? Облыс, аудан орталықтарында білім беру мекемелеріндегі компьютерлік-ақпараттық технологиясына арнайы қызмет көрсету орталықтарын құру кезек күттірмейтін МӘСЕЛЕ.
2. КАДР МӘСЕЛЕСІ
Кадр көп, бірақ нағыз кадр тапшы. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының мектептеріне келіп жатқан жас мамандардың барлығы дерлік осы өңірдегі аттарынан ат үркетін, ашық (шашық) жоғары оқу орындарын бітірушілер. Шалғай ауылдар түгіл, облыс орталығында орналасқан «лицей» статусы бар мектепке 15 жылдан бері Алматы мен Астананың белді жоғары оқу орнын бітірген жас маман келген емес. Тіпті кейінгі он шақты жылда жоғары оқу орындары мектептерге практикант жіберуді де қойды. Студент практикасыз қалай маман болады?
3. ҮШТІЛДІЛІК
Қанша тіл білсең де артық емес. Бірақ заңмен бекітілген мемлекеттік тілді шын мәніндегі мемлекеттік ете алмай тұрған жағдайымызда үштілділікті абайлап іске асыру керек. Бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады. Үштілділік енген жағдайда ана тілі бұрын екінші планда болса, енді үшінші сатыға сырғиды. Ата-ана алдымен шет тіліне көбірек назар аударатын болады. Балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыстілді қазақтар тіл үйренуден бас тартуға мәжбүр болды. Енді олар баласы үшін ағылшын тілін басты назарда ұстайды. Қазақ тілімен тереңірек айналысуға уақыты бола бермеуі мүмкін. Ең бастысы, енді оларда қазақ тілін үйренуге деген мотивация қалмайды. Қазақ тілінің ары қарайғы тағдыры не болады? Үштілділік туралы айта отырып, жоғарыда айтып өткен мамандар мәселесіне қайта оралуға мәжбүр боламыз. Ағылшын тілін үйрете алатын дәрежеде білетін маман 50-60 мың теңге жалақысы бар мектепке бара ма? Ауыл мектебінің жайы қалай болады? Жас маман аудармашылықты таңдайды немесе ағылшын тілін оқытатын ақылы курстарға жұмысқа орналасуға тырысады. Нәтижесінде мектепке жоғары оқу орнын сүйретіліп әзер бітірген маман барады. Үштілділікті қолдаушы шенеуніктер мен бизнесмендер соңғы рет ауылдарда қашан болыпты? Болса, мектепке бас сұқты ма?
4. БЕСКҮНДІК ОҚУ ЖҮЙЕСІНЕ КӨШУ
Адам ағзасы тәуліктік ритмдермен жұмыс істейтіні белгілі. Адам қаласа да, қаламаса да тәулігіне белгілі бір мерзімде демалуы қажет. Ағзаға зорлық жүрмейді. Оқу аптасын қысқартқанмен, тәулікті ұзарта алмайсың. Бескүндік оқыту жүйесіне өту үшін кейбір сағаттар ғана емес, тіпті пәндер қысқартылып, жұмыс сағатын ұзартуға тура келеді. Бұрын орта есеппен 5-6 сабақ болса, енді 7-8 сабақ өтілетін болады. Ал қандай пәндер қысқартылады? Ол қысқартулар баланың азамат ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді? Болашақ маман даярлауға әсері қалай болмақ? Еңбек нарығында бәсекелестік қызып тұрғанда балаларымызды білімсіз етіп алмаймыз ба? Көпшілік ата-ананың мектеп жасындағы баласына тәрбие беруі «ішкіздім», «жегіздім», «киіндірдім» деген түсініктің шеңберіне қарай тарылып бара жатқаны белгілі. Жалғызілікті ана немесе әкелердің, немесе бала тәрбиесін түбегейлі мектепке артып қойған отбасылар мен балалары екі күн үйде отыра ала ма? Көше кезіп кетпесіне кім кепіл?
5. «ҚАМҚОРШЫЛАР КЕҢЕСІ» ТУРАЛЫ
Мектептерде батыс үлгісіндей материалдық қолдау көрсетіп қана қоймай, мектептің оқу бағдарламасын жасау мен кадр таңдау ісіне қатысатын «Қамқоршылар кеңесін» құру үшін алдымен елде орта тап қалыптастырып алу керек. Бізде мектепке қомақты қаржылық қолдау көрсетуге материалдық және моральдық тұрғыда дайын шын мәніндегі орта тап бар ма? Мұның арты балалары арқылы бопсалап, ата-аналардан жаппай ақша жинау болып кетпей ме?
6. ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ТУРАЛЫ
Латын әліпбиіне ауысу, біріншіден, біздің халықаралық қауымдастықпен интеграциялануымызды жеделдетеді. Екіншіден... Әркім әр мәселеге өзі отырған төбешіктен қарайды. Мектеп мұғалімі болғандықтан, мен әліпби ауыстыру мәселесіне де білім саласының призмасынан қараймын. Жыл сайын Қазақстан мектептерін бітірген балаларды Ресейдің жоғары оқу орындары жай ғана әңгімелесу арқылы өздеріне әкетіп жатыр. Және ең білімді түлектерімізді таңдап алып жатыр. Мәселен, өзім жұмыс істейтін қазақ-орыс мектеп-лицейінің орыс сыныптарын жыл сайын 50-ге жуық түлек бітірсе, соның жартысынан көбі Ресейге оқуға кетеді. Көпшілігі сол елдің азаматтығын алып, сонда қалып қояды. Бұл, бір жағынан, демографиялық шығын болса, екінші жағынан, туғаннан бастап, сол балалар баратын балабақшаға, мектепке кететін шығындарды есепке алсақ, салық төлеушінің қалтасынан шығатын қомақты қаржы көрші елдің экономикасы үшін жұмыс жасап жатыр. Егер латынға көшетін болсақ, кететіндері бірден кетіп, өзі мен балаларының болашағын Қазақстанмен байланыстырған азаматтарымыз қазақ тілін үйренуге кірісіп кетер еді. Сондықтан латынға көп созбай ертерек өту керек. Бұл жерде басты ұран «Бір ел – бір әліпби» болуы шарт.
7. АДАМ ЖӘНЕ АЗАМАТ ҚҰҚЫН САҚТАУ
"Мектеп тренері" деген сертификат алған мұғалім өз мектебінің мұғалімдеріне сабақ өтіп, ары қарай солармен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуге міндетті. Яғни, жалақы алатын сабақтарынан бос кезде, тегін жұмыс істеп, НЗМ-ң білім беру тәжірибесін өз мектебіне тарату керек.. Батыстың керемет білім беру жүйесін алып келген азаматтар, Батыстағы адам және азамат құқын сақтау жүйесін ұмытып кететіні неліктен?
8. ҚАРЖЫНЫ МАҚСАТСЫЗ ЖҰМСАУ
Бұрынғы тәжірибелерді еске түсірсек, бағдарламаны іске асыруға ең басты кедергі – бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсау болуы мүмкін. 2016 жылы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Совхозбек Құлмағанбетов есеп комитеті жүргізген аудит кезінде білім және ғылым министрлігінен 1,8 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталғанын жария етті. Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға 1,5 трлн теңге қаржы қайда жұмсалды?
9. ЖАҢА БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ
Жаңартылған оқу бағдарламасымен жұмысты істейтін 1-сынып мұғалімдерін әңгімеге тартқанымызда байқағанымыз, оқу жылы барысында кездескен қиындықтар – оқулықтардағы қателіктер, көпшілік ата-аналардың жаңа бағалау жүйесін түсінбеуі, осы бағалау жүйесі үшін әр оқушыға жеке-жеке портфолио жүргізу. Портфолио жүргізу уақыттан бөлек, материалдық шығынды талап етеді. Биыл 1-сыныпты оқытқан мұғалімдердің айтуынша, бір сыныпқа орта есеппен 12 қорап қағаз (А4) кеткен. Әр қорап қағаздың құны 1200-1500 теңге аралығында екенін ескерсек, мұғалімнің онсыз да мардымсыз жалақысының қанша бөлігі бала-шағасына бұйырмағанын есептеп шығуға болады. Қағаздан өзге, желім, стикер т.с.с. материалдарға кететін шығындар да жетерлік. Жалпы, жаңа бағалау жүйесі туралы көп атйға болады. Оқушылар тіпті интернеттен көшіріп алғанда мұғалімдерге арналған нұсқауларды өшіріп тастауға ерінеді деседі.
Өмір Шыныбекұлы, "Жас Алаш" газетінің 2017 жылғы 25 шілдедегі санында жарияланған