АШУЫҢДЫ АҚЫЛҒА ЖЕҢДІР!
2019 ж. 27 шілде
4056
0
Адамның қандай яки кім екенін білу үшін, оны ашуландыру керек дейді білетіндер. Яғни, кикілжің мен ұрыс-керісте адамның шынайы келбеті ашылмақшы.
Сонда, ашу деген не? Оған ыза, кейіс, реніш, араздық деген жалпы анықтамаларды тіркеп жатады. Алайда, бұлардың дерлігін көңілдің күйі, құбылыстары, нәтижелі көріністері деп білеміз. Сайып келгенде, ашу – адамның оқыс мінезі, ішкі рухын билейтін қатер, ақылдан адастыратын дұшпан, тұла бойдағы қасиеттің қасіреті!
Алла Тағала ақылды үш тайпаны жаратыпты. Олар – адам, періште, шайтан. Періште тек жақсылықты, шайтан тек жамандықты ғана ойлайды. Ал, адамда осы екеуі де яғни, жақсылық та, жамандық та бар. Пендесіне келгенде ұлы Алла-Тағала шебердің шебері, көркем Жаратушы.
Ойлап қарасаң, адамзат рухын жазира далаға, жүрегін жарқыраған күнге, бойын жайқалған талға ұқсатқан. Ойын мезгілді жапыраққа, санасын жазға, ақылын тауға, құнды қасиеттерін бір-біріне ұқсаттырмай әсем бір дара табиғат етіп жаратқан. Ал, ашу осы байлықтарды дүр сілкіндіретін құбылыс. Күшіне мінсе, адамның күнін тұтылдырып, талын қуратады, жапырағын сарғайтып, жазын күз етеді. Тауын құлатып, табиғатын жайпайды, даласын құлазытады. Құтты бір адам ішіне жасырынған қару, тіпті алмас қылыш десем болады. Оның қайралынған өткір жүзі рухты сындырып, жүректі қатайтуы мүмкін. Ойды өзгертіп, сананы есіркетуі, ақылды өшіруі мүлдем мүмкін. Мәселен, қара жер сілкінісі ұйқыдан бас көтермейтін маубасты, ерінуден жалықпайтын жалқауды зыр жүгіртеді. Ол кезеңде адамнан қорықпайтындар Алладан қорқып, зәре құттары қалмай, иманын бір сәтке иіреді. Алайда, аяғының асты неліктен сілкінгені немесе ол Алланың ашуы мен қаһары екендігін білмейді де, ешбір ойламайды, көңіл бөлмейді де. Ашу да осы тәріздес, бойдағы барлық ағзаларды оқыс бір мезетте сілкіп тастайды. Ондайда ми шатысады, жүрек дірілдейді, тамыр солқылдайды, қол аяқ қалшылдайды, дене қысымы көтеріледі. Ақылдан береке кетеді, ой желінеді, ұйқы қашады. Тәбет жоғалады, жүйке ауруы өмірлік кеселге айналады, ағза тез қартаяды. Бұл аздай, айналаға сүйкімсіз, ұсқынсыз, парықсыз, шыдамсыз, ұрысқақ, жек көрінішті кейіпте көрінеді. Ал, енді ойлана берейік, ашудың адамзатқа берері бар ма, керегі бар ма?
Тұрмыс тауқіметін біздің арғы да, бергі де ата-әжелеріміз бастарынан өткерді. Біздің алдымыздағы тәтті де дәмді тағамды, қымбат та сәнді киген киімдерімізді кимей-ақ абыройлы күйде дүниеден өтті. Алайда, олар бірде-бір жазмыштарына ренжімеді, қиындықтарға төзе білді. Алладан күдерлерін үзбеді, ұрпағына бақыт тілеумен болды. Ал, сол қасиетті дұғаның буынан болар, бүгінгі біздер бастан бір қисық сөз асырмайтын халдеміз. Бұл күнде ашуланбайтын адамды шырақ алып іздеуге болатын шығар, таба алар ма екенбіз?
Сонау дәуірлерде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың үстіне лас нәрсені төкті де, бір рулы ел таспен шөкелеп, елді мекендеріне кіргізбеді де. Басын жарып, маңдайын қарс айырды да. Алланың сөзін жеткізгенде құлақ аспағандар, жиіркене жек көрген сұсты көздер, кеудесінен итергендер, мазақ еткендер, кейіс сөзбен қарғағандар, мейірімін пайдаланғандар, қастандық жасағандар, өлтіруге асыққандар да болды. Ал, сөз көтере алмай жүрген біздердің біреуімізге осы істердің кем дегенде бірі жасалынса, кім боламыз, қасиетімізді сақтай алар ма екенбіз?
Бір сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздан ақыл-кеңес сұрап, алдына келгенде «Лә тәғдәб» яғни, «Ашуланба!» дегенді үш рет айтып қайырған. Алла Тағала Құран Кәрімінде «Кәзиминаль ғойз» деп ашуын жұтқандарды ұлықтаған. Себебі, дүниедегі қақтығыстың баршасы осы ашудан бастау алады. Алайда, ашуды қай жерде қолданып яки одан қайтқан дұрыс. Десек те, оның мұсылманға қажет орны, дін мен ар-ұятқа қатысты болғанда. Нәпсісі емес, Алла үшін ашуға берілу бар. Алайда, өз мәселесінде мұсылман кешірімді болғаны жөн.
Бірде Бәни Махзум руынан бір абыройлы әйелдің ұрлығы әшкереленіп, қолға түсіп, ұсталынады. Жазасы қол кесу. Сонда пайғамбарға (с.ғ.с) бір адам келіп ортаға түседі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұған қатты ашуланғанда, ашуы жүзінен көрінеді. Себебі, бұл Алланың заңын тоқтату еді.
– Аллаға ант! Егер Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық істегенде, сөзсіз қолын кесер едім, – дегені бар. Ал, ибн Масғұд сахабаның біраз қаражаты ұрланғанда:
– Егер, ол осы дүниеге мұқтаж болса, онда сол қаражат оған береке әкелсін, бұйырсын. Ал, егер ұрлығы нәпсі, үйреншікті әдеті үшін болса, онда осы соңғысы болсын, қойсын, – деген дұғада болған. Мінекей, ашуын Алла жолына төсеп, оны ақылға жыққан деген осындай болады. Біздер болсақ, қарнымыз ашса да, шахуатымыз толық қанбаса да, жатып ашуланамыз. Әбу Ханифаның (р.ғ) ұстазы ибн Мүбарактан «Жақсы мінезді толықтай бір ауыз сөзге сыйғызып жинақтап бер» дегенінде, «Ашуды тастау ең жоғарғы мінез!» депті.
Ашу үстінде ер мен әйелдің ренішінде қандай мәміле көрудің жолы дінімізде көрсетілген. Бибі Фатима (р.ғ) анамыздың күйеуімен реніш сөзге келгенде, ашуын тарқату үшін, Әлидің (р.ғ) үйден шығып, мешітке кетіп қалғаны бар. Бұл жағдайдан хабардар болған пайғамбарымыз (с.ғ.с) күйеу баласына келгенде, жанжалдың себебін сұрамайды. Керісінше, «Әбу Тураб» деп еркелетеді. «Ақыл айтайын, тыңда» демейді, «Ашуды кетіретін бір ғана сөзді білем!» деп көркем түрде «Әғүзүні» үйретеді. Бұл жердегі нәзік мәселе, ер мен әйел арасында түсінбеушілік орын алғанда, ерінің үйден шығып кетуі. Өйткені, әйелін соққылауына ашу еріне жағдай жасайды. Мұндайда ері үйінен шыққандағы барар жері де арақ шарап орны емес, мешіт болғаны, әйелдің үйінде қалғаны абзалырақ. Себебі, кей әйелдер құрбылары мен ата-анасына қарай жүгіреді. Олар жұбатып, ашуларын басудың орнына, одан сайын дем беріп, қайрай түседі. Бұл – қате қадам!
Бірде Ибраһим (ғ.с) пайғамбардың үйіне құдайы қонақ болып отқа сиынушы (мәжуси) келеді. Қонағы төрдегі жанып тұрған отты көріп, оған иіліп сәжде жасайды. Оның бұл қылығына ашуланған Ибраһим (ғ.с) үйінен оны қуып жібереді. Сонда Жаратқан Алла ашулы пайғамбарына:
– Сенің жат қылықты адамға осынша ашуланғаныңда, соншама кәпірді жаратқан Мен ашулансам не болар еді? – деген екен.
Ашуды не қайырады, сабырлық па, салқын су ма? Негізінде, дәрет алудың, оның ішінде салқын сумен дәреттенудің адамзатқа берер маңызы өте зор. Себебі, тазалық, серпіліс, басылу, салқындау деген белгілерді бойдан байқауға болады. Одан басқа, хадисте ашуланған адам тұрып тұрса отырсын, отырса жатсын делінген. Яғни, әрекеттену, сыртқа шығу, серуендеу, жүру, қимылдау. Тағы бір ұсыныс, оймен асығыс шешім қабылдамау, жауап беруді кейінге қалдыру, көңілді басқа жаққа аудару. Дегенмен, кез келген мұсылман әлемдердің Раббысы Алла Тағаланы, Оның Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарды, өмірден өткен ата-бабасын, келешек ақыретін есіне алса, ашудың орнына ақыл келеді, ақылына ақыл қосылатыны шүбәсіз хақ.
Нұрлан қажы Байжігітұлы,
дінтанушы, имам
qazaquni.kz