Нарқасқа жігіт еді...
2019 ж. 27 шілде
5659
0
Бард-әнші Табылды Досымов туралы сыр
Ақтаудан курстасым Майра Ғұмарова телефон шалып: «Сәке, бір жақсы, бір жаман хабарым бар, қайсысынан бастайын» деген соң, «жаманын айта бер» деп жауап бердім. «Табылдан айырылып қалдық, ертең, 18 қазан күні, жерлейді. Жан-жаққа хабар берілді. Біраз адам ақтық сапарға шығарып салу үшін жолға шығыпты», – дегенде көзімнен жас ыршып кетті, тіпті күтпеген жайт, аузыма сөз түспей сілейіп үнсіз қалдым. Жақсы хабардың не жөнінде екендігі есімде жоқ, не тыңдағанымды білмеймін. Содан жылдар шаңына көміліп жатқан жастық шақтың бақытты кездері, бүгінде дүйім жұртқа танылған қазақтың өнерпаз ұлы Табылды Досымовпен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факуьтетінде бірге оқыған күндер мен студенттік өмірдің жарқын беттері тізбектеліп өтіп жатты. Бізге Отан алдындағы борышын өтеп келген тығыншықтай, жинақы денелі Табыл 2-курстан қосылды. Аудиториядағы таныстықтан кейін бізге бірден араласып кетпей, жатырқағандай үзіліс кезінде бұрынғы курстастары Арман, Әбубәкір, Болатбек, Серіктердің маңында жүретін. Сабақ басталғалы біраз болған-ды. Табылдың бізбен жақынырақ танысқысы келді ме, білмеймін, Алматының «Татарка» деп аталатын бөлігінде тұрып пәтеріне мені, Майраны, Сәулені қонаққа шақырды. Шақырылған уақытта бардық. Сөйтсек, Әбубәкір, Болатбек, Табыл үшеуі Арманның үйінде тұрады екен. Арманның келіншегі, ұмытпасам есімі Махаббат болуы керек, дастарқанды жайнатып қойыпты. Сый-құрметтерін көріп, әр тақырып жайлы пікір алыстық. Содан жігіттер такси ұстап, бізді отырғызып жіберді. Кейінірек Табылдыға да №5 жатақханадан орын тиді. Енді тіпті қоян-қолтық араласудың сәті түсті. Тобымыз көбейе түсті. Майра Ғұмарова, Сәуле Тілегенова, Мәншүк Мұқашева, Жұмабай Құли және осы жолдардың авторы, кейде Шоқан Сыздықұлы да қосылып қояды. Түрлі шараларды атап өткенде жұбымыз жазылмай бірге жүреміз. Сол кезде Табылды Досымовтың атағы шығып дүркіркеп тұрған-ды. Қоңыр даусы да құлаққа сүйкімді естілетін, өз туындыларын шебер орындайтын. Гитара шертісі де бөлек, жүрек қылын шертеді, жан дүниеңді баурайды. Оған даусы да үйлесе кетеді. Құлаққа жағымды дауыс мынадай ірі денелі Табылдан қалай шығып жатыр деп таңданатынбыз. Кейінгі кездегі даусы өзгерген. Төменгі курс студенттері оны пір тұтатын, көрген жерде маңайына үйіріле қалатын. Табыл бәлсінуді білмейтін, айт деген өлеңін орындап беретін. Көбінесе қыздар жағы Жанат Әскербекқызының сөзіне жазылған «Қара гүл» әнін көбірек қалайтын. Өлеңдері жастық сезімнің әдемі сәттерін мезетінде әніне қосуымен, шынайы суреттелуімен, терең ойлылығымен ұнайтын. Біздің курс өте ұйымшыл еді. Оқу үлгерімі де жақсы курс болды. Кураторымыз Әбілфайыз Ыдырысов сабақ оқуымызға, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуымызға риза болатын. Бір-екі студенттен басқамыз көтеріңкі стипендия, яғни 60 сом аламыз. Кеңес заманында тамақтың бағасы 1кг. қант – 78 тиын, 1 кг. картоп – 15 тиын, бір бөлкен нан 20 тиын дегендей, бір айлық жол жүру билеті – 2 сом 40 тиын, ол билет автобусқа да, троллейбусқа, трамвайға да жарамды. Бұны жазып отырған себебім – ақшаны орынды жұмсай білген студенттің қалтасында 10-15 сом қалдыруға мүмкіндігіміз болды. Оған театр, мейрамханаға баратынбыз. Стипендияға дейін жігіттер жағы ақшасын жеткізе алмай қарындары ашып жүрсе де, білдіргісі келмейтін. Бірақ келе-келе «тамақ – арсыз» дегенді ұстанып, кешкі сағат 9-10 шамасында бөлмеге кіріп келеді. Әсіресе, Табыл гитарасын құшақтап, қасында екі-үш нөкерімен келіп: «Сәке, бір нәрсе қуырып жіберсең қайтеді», – дейді. Менде де тамақ қоры үнемі мол болады. Тез бір тамақ пісіріп жіберемін. Содан не керек, кішігірім сауық кеші басталды дей бер. Майра, Сәуле, мен, Жұмабай тағы басқаларымыз Табылдың әнін тыңдаймыз, кейде жаңа әнінің премьерасын да атап өтеміз, сөйтіп, түнгі 2-3-те тарасамыз. Табылдың мінезі өр, ешкімге жалтақтап, жалпақтап жағынуды білмейтін. Өзі сөзуар да емес, орнымен ғана сөйлейтін, жас болса да орынсыз күліп жыртаңдауды ұнатпаушы еді. Мақтау сөзді де салқын қабылдайтын. Бірақ достыққа, жолдастыққа мейлінше адалтұғын, өзінің ұнатқан адамына көңілінің төрінен орын беретін, сыйлаған адамына өзінің тарпаң мінезін көрсетпейтін, ренжітетін сөз айтпайтын. Көңіліне жақпаған адамын бір сөзбен түйреп өткенде, ол адамның пәсі төмендеп үнсіз қалушы еді. Студент кезінде-ақ байсалды, өз бағасын білетұғын. Сонымен бірге жақсы психолог, адам танығыш болатын. Сол кезде оның «Кешіккенің қайткенің», «Білмеймін», «Мен саған ғашық емес ем», «Биіктік», «Ұнатамын мен сені», «Қазақ едім дегенше...» әндері ҚазМУ қалашығында ғана емес, сол кездегі студенттер, жастар арасында нағыз «хит» болды десем артық айтпаспын. Студент кезінде Табыл «Тамаша» ойын-сауық түсіріліміне қатысып, өз әндерін орындады. Біз де бірге еріп барып, сол кездегі Ленин атындағы Республика сарайының әртістер кіретін есігінен кіріп, Табылдың шашына «укладка» жасағанбыз. Бізге бірінші қатардан орын тиген. Табылдың халыққа танымалдығы да арта түскендігінің мысалы ретінде мына бір жайтты айтқым келеді. Бірде 28 панфиловшылар паркі аумағында орналасқан «Жұлдыз» кафесіне кешкілік тобымызбен бардық. Ас ішіп отырғанда көрші столда отырған екі ер адам мен екі әйел біздің жаққа қарағыштай берді. Өзара сөйлеседі де қайта қарайды. Сөйтсек, олар Табылды танып отырғанға ұқсайды. Бір кезде бір әйел: «Мына жігіт бард-әнші Табыл Досымов қой», – демесі бар емес пе. Табыл еш нәрсе айта қоймаған соң, Жұмабай ұшып тұрып: «Бұл ол жігіт емес, осындағы бір құрылыста істейтін жұмысшы ғой. Адамға адам ұқсай береді емес пе?» – деп жымың-жымың етіп өзінен-өзі мәз болғаны бар. Кафеден шығар сәтте ғана Табыл жаңағы өзін таныған кісілерге барып, рақметін айтып қоштасты. 2-курсты ойдағыдай тәмәмдап, әрқайсымыз аулымызға каникулға жиналып жатқанбыз. Түске таман Табылдың бөлмесіне кірдім. Ол да заттарын жинастыру үстінде көрінді. Көзім кереуеттің басындағы кішкене ғана ақ қалтаға түсті. Әуесқойшылығым ұстап «Бұл не?» деп сұрадым. «Пір Бекет атаның топырағы, өзіммен бірге екі жыл армияда болғанымда да осылай бас жағымда тұратын» – деп жауап қайырды. Мен атам қазақтың «аруақтарым жебеп, жебей көр» деп аруаққа сыйынатыны секілді, Табылдың да ата аруағына сенетінін, айрықша құрметтейтінін байқадым. Студент қауымы, жалпы, сауықшыл халық қой. Шамасы, 4-курста Сәуленің Қарағандыдағы досы Мәншүк Аякөздің Әділбек деген жігітіне тұрмысқа шығып, жолай біздің жатақханаға соғып, барлығымызды пойызбен тойға алып кетпекші болып келісті. Содан жас жұбайлардың легіне Сәуле (қыз жолдасы), Майра, мен, Табыл қосылдық. Түс қайта пойызға отырдық. Таң алдында бізді жігіттің туғандары қарсы алды. Үйге келіп тамақтанып, демалдық. Ертесіне кешке – той. Бақуатты отбасы екен. Той жақсы өтті. Табыл әндерін шырқады. Той тарқап, ұйықтайтын орын іздей бастадық. Жатын бөлмесінде сол кезде кез келген отбасында кездесе бермейтін румын төсегі бар екен. Бірнеше адам құлай кетсе болады. Қыздар мен ұлдар соған сұлай-сұлай кеттік. Табылға орын тимей қалды. Ол жанындағы кілемшенің үстінде ұйықтап шықты. Біраз бұртаңдап өкпелегенін көрсек те, көрмегенсідік. Таңертең тұрсақ, Табылымыз жоқ. Үй ішіндегілер ерте тұрып, кетіп қалғанын айтты. Жерге жатып шыққанына өкпелеген ол вокзалға барып өткінші пойызға мініп ап, КазГУ-градтан бір-ақ шығыпты. Біз келгенде ол жатақхана алдында өкпесі тарамаған күйі, гитарасын арқалап үнсіз жүр екен. Бір-бірімізге ренжісек, сөйлеспей қоятынбыз. Бір-екі күннен соң аудиторияда маған хат жазып жіберіпті. Достың көңілі кінәмшіл десек те, еш нәрсе болмағандай бұрынғыша араласып кеттік. Университетті бітіріп «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, әрқайсымыз Қазақстанның әр түкпіріне жол тарттық. 1990 жылдан бастап қоғамдық формацияның ауысуы басталды. Дүкен сөрелері тып-типыл. Алматыда тамақ өнімдері карточкамен берілетін. Жолдамамен Табыл да Атырауға кетті. Мен Алматыда қалып «Агитатор Казахстана» – «Қазақстан үгітшісі» екі тілде шығатын журнал, кейін «Позиция», «Сұхбат» орыс-қазақ тілінде шығатын газетте қазақ бөлімінің редакторы болып қызметке тұрдым. Алматыда қалған қыз-жігіттермен ғана хабарласып тұрамыз. Табыл сол кеткеннен мол кетті. Хабарсызбын. Тек анда-санда ұзын құлақтан әр түрлі хабар естимін. Қайсы өтірік, қайсысы шын екенін бір Құдай білсін. Кейін «Халық кеңесінде» жүрген кезімде «Табылдың жұбайы қайтыс болыпты, газетке курстастар болып көңіл айту берейік», – деді Серік Қаражанов. Сонымен көңіл айту бердік. Кейін газет жабылды. Кезекті демалысымды алып елге келдім. Шешем Зүлфия қартайған, күтім керектігін біліп, шешемнің жанында болуды жөн санап, Алматыға оралмадым. 2008 жылғы 25 қаңтар күні ауыл әкімі біздің үйге бір баладан хат беріп жіберіпті. «Сізге курстасыңыз келе жатыр. Табыл Досымов деген, ертеңгілік кеңсеге келіңіз. Сағат 8-де телефон шалады. Кабинеттен сөйлесесіз» делінген еді хатта. Ол кезде ауылда байланыс тек әкімшілік пен поштада ғана еді. Содан кеңсеге келіп, телефон қашан шылдырайды деп отырмын. Сағат 10.30 болды. Уақыт өтіп жатыр, қыс қатты, қар қалың деп шықпайтын болды ма деп «Жас Алаштың» батыс өңіріндегі тілшісі Баянды Сәрсенбинаға хабарластым. Ол: «жолға ерте шығып кетті. Ендігі жетіп қалған болар» деді. Содан кеңседен асығыс шығып, жолға қарасам, бір джип Ақкөл селосының орталық көшесіне кіріп келеді екен. Соған қарай шапшаң басып келемін. Олар да көріп көше ортасына тоқтады. Ішінен жалаңбас, свитер киген Табыл шығып, құшағын айқара ашып, күліп тұр. Мен де құшағына қойып кеттім. Ол мені көтеріп алып шыр айналдырды. Өзінің екі езуі екі құлағына жетіп мәз болып тұрды. Қасында сол кезде «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы тілшісі Бердібай Кемал, ақтөбелік белгілі кәсіпкер Бижан Қалмағанбетов бар. Екеуі бізге қызыға қарайды. Бердібайды ҚазМУ-дан танимын. Екеуі Табылдың шашбауын көтеріп жүргенге ұқсайды. Үйге келген соң ескерткіш болсын деп залда суретке түстік. Бердібайдың айтуынша, Табыл Ақтөбе жеріне аяғы тиісімен мені іздепті. «Ақтөбе» газетінде Сәнім Ысқаққызы деген тілшінің мақалалары жарық көретін. Содан редакцияга барса, мен емеспін. Редактордың орынбасары, ақын Ертай Ашықбай: «білсе Баян Сәрсенбина біледі» деп Баянға жібереді. Баян әкімге телефон шалып, ауылда ма деп сұрайды да, мені хабардар етуді өтінеді. Сөйтіп, қасындағы серіктерінің қақаған қыста 250 шақырым ұзақ жолға шықпай-ақ қойсақ қайтеді дегеніне қарамай, ешкімнің айтуымен жүрмейтін, өз дегенін істейтін Табылекең: «18 жылдан бері көрген жоқпын, туған апамдай еді», – деп көнбейді. Жолдастары да амалсыз келіседі. Табылдың айтқаны: «Сағындым, он сегіз жылдан бері көрген жоқпын. Студент кезімде дастарқаныңды жайып бізді асырадың. Еш жерден аты-жөніңді ұшырастырмадым, қалай өмір сүріп жатқаныңды, амандығыңды көрдім. Енді сұраған адамдарға айтамын», – деп төрімде етпетінен, кеудесіне жастықты басып, көңіл күйі өте көтеріңкі жатқаны – күні бүгінге дейін көз алдымда. Сонда ғұмырының қысқа боларын сезді ме екен, маған «Тәтті мұң» деген компакт-дискісін ұсынып тұрып, «Сәке, анда-санда осы әндеріммен дискотека жасап тұрарсың» деген еді-ау! Мені қыстың көзі қырауда сонша жерден арнайы іздеп келгені бір ойландырса, мына достықтың, туыстықтың қадірі кетеуі кеткен заманда менің қадірімді, болмашы ғана жақсылығымды бағалауы толғандырды, жан дүниемді тербеп, тебірентті. Жүрегіндегі адалдық, шынайы сыйластық, алабөтен құрметті көріп, кеткен соң бір тербелісте болып, үш күн бойы қатты толқып жүрдім, тіпті, жылағым келді. Табылмен көріспей тұрғанда да, кейін келіп кеткен соң да ара-арасында түсіме кіретін. Жиірек кірген соң, телефон шалдым. «Бүйрегім ауырып жүр, өздерің аман-есен жүріп жатырсыңдар ма? Ағаң сау ма?». Әңгіме қысқаша амандықпен бітті. 2010 жылдың 18 маусымында біздің курстастар оқу бітіргенімізге 20 жыл толғанын Алматыда атап өтті. Сол кездесуге Табыл келе алмады. «Неге келмедің, орның ойсырап тұр» деп Майра сөзін аяқтап, жары Қарлығашпен сөйлесті, сірә, ол Табылдың ауырып жүргені жайлы айтса керек, Майра үнсіз егіліп жылап қоя берді. Біз жан-жақтан не болдының астына алып жатырмыз. Майрадан ауруы жөнінде естіген бойда Нұрсәуле: «Менің таныс жақсы дәрігерім бар, Алматыға келсін, көмектесеміз, қаржылай да бәріміз қолдау көрсетейік» деді. Барлығымыз қол ұшын беруге әзірлігімізді байқаттық. Талантты, өнерпаз жігітті сақтауымыз керек деп шештік. Үш күн ерекше бір мерекедей болды. Қайта жастық шағымызбен қауышқандай, көңіліміз көтеріліп, сағынышымызды бастық. Ораза айы тамыз айында болып, мен ораза ұстадым. Оразаның соңғы күндеріне таяу болатын Қадір түні 2010 жылдың 5 қыркүйегіне сәйкес келді. Содан бұл бір жақсы күн ғой деген оймен Табылға телефон шалдым. «Бүгін Қадір түнін күтетін кеш...» – дей бергенім сол еді: «Мен ондаймен айналыспаймын», – деп жауап берді. Өзінің еш нәрсеге зауқы соқпай тұрғанын аңғардым да, әңгімені аман-саулық сұрасумен бітірдім. 41 күннен соң жаманат хабар естимін деп ойлаппын ба? Сұм ажалдың қаңғыған оғы қапыда Табылдыға тиеді деген үш ұйықтасам түсіме кірер ме? Соңғы тілдесуім 5 қыркүйек жадымда сақталып қалды. Табыл талай рет туған жеріне қонаққа шақырған. Университеттің соңғы курсының аяғында үйлену тойына шақыра келіп, «Сәке, біздің елді де көріп қайтыңыз», – деген- ді. Атырауға сапардың сәті бір түспей-ақ қойған. «14 қазан күні Табылдың қайтыс болғанына бір жыл толады. Соны достарының бәріне хабарлап жатырмын. 13 күні Индербор аудандық мәдениет үйінде «Әнімен әуелеген дүние – ғұмыр» атты еске алу кеші етпекші, оның шақыру билеті – біздің үйде. Сонда естелік айтасыздар», – деп Қарлығаш телефон шалды. Баратын болып жұмыстан сұрандым. Атырау – Ақтөбе пойызынан Бижан күтіп алды. Алдымнан Табылдың шықпағаны, мүлдем шықпайтыны Атырау жеріне табаным тиісімен көңілімді босатты. Еріксіз жас шыға берді. Туған жеріңді сүйетінсің, қазақ деген еліңді сүюдің үлгісі өзің болатынсың, нағыз патриот едің. Сенің бір жылдық кәдеңе сені білетіндер, араласқандар, қызметтес болғандар, достарың жан-жақтан ағылып келді. Мәдениет үйінде жиналған халық алдында естеліктер айтылды. Өзің араласқан адамдарыңды сыйлай біліпсің, өзіңді сыйлата біліпсің. Көпшіліктің қимас адамына айналыпсың. Жиналған достарың, қызметтестерің, балалық шақтың бал дәуренін бірге өткізген жан достарың шын жүрекжарды сөздерін айтып, сені сағына еске алысты. Алматылық Шымыр бастаған, ақтаулық, ақтөбелік достарың қостап басыңа ақ мәрмәрдан кесене тұрғызды. Достарың достық парызын адал орындады. Садақа дастарқанын досың Рашит Шақуов әдемі жүргізді. Оралдан келген ағаларыңның бірі Сағынтай Бисенғалиев «Өмірзая» деген өлеңін оқыды. Ұлың Абыл мен Аслан Сапарғали әндеріңді шырқады. Бәрі де ойдағыдай болғанымен, өзіңнің орның ойсырап тұрды, тек сен жоқсың. Қалың елің ғана емес, тұтас халқың сені сағынды. Бірақ артыңда қалған әндерің, өлеңдерің – көңілге медеу. Соған жұбанамыз. Сенің өнеріңді бағалайтын, әндеріңді сүйіп тыңдайтын тыңдарманың барда, ізіңді қуған жастар барда сен халықпен біргесің. Еріп түскен тамшыдай, Қас қағым сәт – өмір бұл. Біз бәріміз сыйға сиіган Затындаймыз оның бір, – деп Борис Пастернак жырлағандай, сыйға алған өміріңді мағыналы өткізіп, еліңе, халқыңа қызмет еттің. Әдемі әндеріңмен рухани нәр бердің. Бұл аз нәрсе емес. Толағай деп таныған қазақтың нар ұлдарының бірі екендігіңді халқың әлдеқашан мойындаған. Сәнім БАЙМАҒАНБЕТОВА, Әйтеке би ауданы Ақтөбе облысы ТАБЫЛДЫНЫҢ ӘНДЕРІ ДЕНДЕРІМ – БАЙТАҚ МЕКЕНІМ Дендерім менің – ардақты елім, Шаттыққа толы айналаң. Ата-бабадан мұраға қалған, Жайықтың бойын жайлаған. Қайырмасы. Төсіңде сенің жасарып, жайнап, Бақыттың білдік не екенін. Жасай бер, жаса, жаңарған аймақ, Дендерім – байтақ мекенім. Дендерім менің – кең жерім менің, Байлыққа толы белдерім. Махамбет пенен батыр Борандар, Қыран боп туған ерлерім. Қайырмасы. Ардақты елім – айбыным менің, Күмбез тау, шалқар айдыным. Дендерім менің – кенді елім менің, Қазаққа ортақ байлығы. Қайырмасы. АЛМАТЫДА ҚАЛҒАН ҚЫЗ Сен де армансың, мен де арманмын, арманбыз, Армандарды армандарға жалғармыз. Саған құсым қалықтайды алыстан, Аманбысың, Алматыда қалған қыз?! Мен де еркемін, сен де еркесің, еркеле, Еркеліктің елік-күні келте ме?! Күйіп-күйіп, күпті болған жүректі, Өтінемін екінші рет өртеме! Сағыныштан жанарыма жас тола, Өзің болып қол бұлғайды астана... Лүпілдеген жүрегімсің сен менің, Қалайша оны жұлып берем басқаға?! Сен де армансың, мен де арманмын, арманбыз, Армандарды армандарға жалғармыз. Саған құсым қалықтайды алыстан, Аманбысың, Алматыда қалған қыз?! АРАЛ ҚЫЗЫ Қасиетті Каспийдің ұлы едім мен, Атырау ем, Жайық ем жүрегіммен. Аралдық қыз бір күні арал болып, Қол бұлғадың дария білегіңмен. Қайырмасы: Сарқылдың ба тірліктің таласына, Бір мұң жатты көзіңнің шарасында. Аласұрған кез қайда аралдық қыз, Арал болып сарқылып барасың ба?! Алғысы жоқ тірліктен қарғысы көп, Өзгере ме, өзгермес мәңгі сурет. Картадан көр Каспийім, Аралыңды, Тұрған жоқ па құшақтап алғысы кеп. Қайырмасы. Ақ Еділден айырылған арман ұлы ем, Сен мұңайсаң, мен қалай жалған күлем. Тулап жатқан Каспий боп ақтарылып, Толтырармын бір күні арнаңды кең. Қайырмасы. ШАЛКӨДЕ Жайқала біткен сайда гүлдерің, Жағалай қонған қойнауыңда елім. Жауқазын гүлдер жаныма жайлы, Жаннаты жердің жайлауым менің. Қайырмасы: Шалкөде! Шалкөде! Арманым менің, Ардағым менің сенде! Шалкөде! Шалкөде! Сырларым менің Жырларым менің сенде! Асқақ Алатау құмарым ба едің? Асуларыңа шығамын дедім... Асанқайғының арманымысың, Жайлауым менің – жұмағым менің. Қайырмасы. qazaquni.kz