«Сәлем, Қазақстан!» гид-бояғыштар кітабы жарық көрді
2019 ж. 20 шілде
2793
0
«Меломан» кітап дүкендері желісінде «ABAYbooks» баспа үйінің алғашқы өнімі «Сәлем Қазақстан!» бояғыш кітаптарының тұсаукесері өтті. Кітапшаны балалар жазушысы мен психологы Джан Амании, иллюстратор София Филатова және жоба жетекшілері таныстырды.
Бояғыш кітаптың мақсаты-балалардың сәулет, мүсін, өнер және оның түрлері мен қызметтері туралы түсініктерін кеңейту. Сондай-ақ, балаларды өз Отанының қалаларының көрікті жерлері туралы иллюстрациялар бойынша тануға үйрету.
«Сәлем Қазақстан!» бояғыш кітаптарының артықшылықтары мен ерекшеліктері туралы жоба жетекшісі әрі редакторы Кәмшат Алибекова айтып өтті:
– Алдымен біздің бояғыштарымыздың басқа бояғыштардан қандай айырмашылықтары бар екенін айтқым келеді. Біріншіден, кітап дүкендерінде жануарлар мен өсімдіктер, ертегі кейіпкерлері мен көліктер бояғыштары өте көп болғандықтан, Қазақстанда алғаш болып қалалардың көрікті жерлеріне арналған бояғыштарды біз жасап шығардық. Әр қаланың өз танымал жерлері бар. Әрбір көрікті орынның қысқаша мазмұны мен қызықты фактілері айтылған. Мұқабасындағы кейіпкерлер де кішкентай балалардың назарына түсетіні анық. Сонымен бірге, бұл бояғыштар кішкентай туристерге гид-көмекші қызметін де атқарады. Мәселен, бір қалаға саяхат жасауды ұйғарсаңыз, кітапшаларға қарай отырып, ол қаланың қай жерлеріне баруға болады, тарихи ескерткіштер, мұражайлар мен театрлар, мешіттердің қай жылы, кімнің бастамасымен салынғанын білуге болады.
Бояғыш иллюстрациялардың 18 түрі мемлекеттік тілде ұсынылған. Кітап алты жастан асқан балаларға арналған. Отандық серияның ерекшелігі – ол бірыңғай қазақ тілінде шығарылады. Бұл – мемлекеттік тілдегі қалалардың көрікті жерлері туралы Қазақстандағы алғашқы бояғыш кітаптар топтамасы.
«Бояғыш кітаптар кішкентай балаларды тыныштық сақтап, босаңсуға шақырады. Шаршаңқы күннен кейін балаға демалу қажет. Бояғыштар арқылы олар түс таңдауды, пішіндерді есте сақтауды, кейіпкерлерді қалай бояу керектігін үйренеді. Әр композияцияны бояй отырып, назар салу қабілетін арттырады. Сурет салу баланың шығармашылығын дамытады, қиялындағы бейнені қағаз бетіне түсіріп, түрлі оқиғаларды ойлап табады. Аталған бояғыштарды жасап шығармас алдын, біз дизайнер-иллюстраторларды аса мұқияттылықпен таңдадық», – дейді «ABAYbooks» баспа үйінің директоры Майра Әлжанова.
«Сәлем Қазақстан!» бояғыш кітаптары – «ABAYbooks» баспа үйінің алғашқы өнімдерінің бірі. Жоба 5 айға жуық дайындалды. Әр бояғыш пен иллюстрацияларды салуға кәсіби дизайнерлер атсалысып, сапалы туындылар жасады.
«Бастапқыда қиын болғаны рас. Маған екі нәрсеге көңіл бөлу керек болды: балалардың қабылдауы және біздің күрделі архитектуралар, ғимараттардың ауқымдылығы, стилі мен идеясы. Балалар иллюстрациялардың мәнін жоғалтып алмай, ғимараттардың өзіндік қасиеттерін сақтай отырып, қаншалықты түрлендіруге болатынын ұғындырып, осы екі нәрсені біріктіру керек деген тапсырма тұрды. Балаларға қызықты әрі бояу қиынға соқпайтындай ғимараттың даралығын көрсету керек еді. Суреттердегі әрбір бөлшек көпшілік пікірінен өтті, яғни, оның керегі бар ма әлде жоқ па дегендей. Сондай-ақ, флора мен фауна үлгілерін де қосып, ғимараттарды түрлендіру керек болды», – деп бөлісті дизайнер-иллюстратор София Филатова.
Жазушы-психолог, «Алуан түрлі балықтар және Дария» атты танымал балалар кітабының авторы Джан Аманиидың айтуынша, ата-аналарға балаларына бояу кезінде мүмкіндігінше көмек көрсету керек.
«Бояғыштарды қолға алған сәттен, оларға деген үлкен қызығушылық пайда болды. Мен өзім жазушы болғандықтан, бұның артында қандай еңбек жатқанын жақсы білемін. Расында да, бояғыш кітаптар балалар шығармашылығын дамытады. Ата-аналарға аз ғана уақытын бөліп, балаларымен бірге бояғыштарды бірге бояған абзал. Бұл балаға қызықты және танымды болады. Егер де ол басқа елге баратын болса, онда өз елінің қайталанбас әрі таңғажайып орындары туралы мақтанышпен айтып жүреді», – деп Джан Амании өз пікірін білдірді.
Тұсауксер соңында викториналық сұрақтар қойылып, аудиториямен ойын ұйымдастырылды. Бояғыш кітаптарға байланысты, әр қаланың көрікті жерлері туралы берілген сұрақтарға дұрыс жауап тапқандар сыйлықтармен марапатталды.
«Сәлем, Қазақстан!» бояғыш кітаптарын «Меломан», «Алматыкітап», «Қазына» т.б. кітап дүкендерінен алуға болады.
Қыркүйек айында «ABAYbooks» баспа үйі Қазақстанда алғаш болып бәріне танымал және сүйікті «Disney» ертегілерінің қазақ тіліндегі топтамасын ұсынатын болады.
Кәмшат ӘЛІБЕКОВА
qazaquni.kz