ШҚО-да бұрын-соңды кездеспеген алтын жәдігер табылды
2019 ж. 11 шілде
6110
1
Тарбағатай ауданы аумағындағы Елеке сазы қорғандарынан Еуразия кеңістігінде бұрын-соңды кездеспеген мүйізі алтын сымнан өрілген бұғының бейнесі табылды. Естеріңізге салсақ, қазіргі уақытта аталған алқапта аймақтың археологиялық ескерткіштерін зерттеу бойынша облыстық бағдарламаның екінші кезеңі іске асырылуда, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тарбағатай ауданына кезекті іссапарымен атбасын бұрған өңір басшысы Даниал Ахметов жаңадан табылған құнды жәдігерлермен танысты. Қазіргі уақытта аталмыш алқаптағы қазба жұмыстарының көлемі 25 шақырымға созылған. Мұнда белгілі археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың басқаруымен бес зерттеуші топ пен Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Академиясының экспедиция жұмыс жүргізіп жатыр.
Биылғы жылдың басты жаңалығы – «Патша» қорымынан табылған мүйізі алтын сымнан өрілген бұғының бейнесі және алтыннан құйылған арқар мүсіндері мен ұсақ моншақтар болды.
– Өткен жылғы қазба жұмыстарында Елеке сазында «Алтын адам» табылған болатын. Биыл да осы аумақтан ерекше жәдігерлер тауып отырмыз. Олар біздің заманымызға дейінгі сегізінші ғасырдағы ата-бабаларымыздың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін сипаттайды. Алғашқы қадамымыз жаман емес, үмітіміз зор. Әзірге алғашқы жәдігерлерді ғана қазып алдық, қалғаны осы айдың аяғына қарай толық қазып алынады деген ойдамын, – дейді Зейнолла Самашев.
Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, екі аптадан соң ірі қорғандардың бірі саналатын «Сардар-1» қорымы ашылатын көрінеді. Айта кетсек, аталмыш учаскені қазу барысында ерте сақ дәуіріне тиесілі кезеңде қолданылған медициналық құралдар мен темір пышақтар және қанжар қынымен табылған болатын.
– Бұл Қазақстан тарихына деген жаңаша көзқарас. Халқымыздың тарихын қайта жаздыратын тың мұралар. Көне жәдігерлер біздің тек көшпелі ел болмағанымызды айқындайды. Олар ата-бабамыздың біздің заманымызға дейінгі сегізінші ғасырда-ақ жоғары деңгейдегі өркениетті қалыптастырғанын дәлелдейді. Бірнеше айдың ішінде бүкіл әлемге тарихи даму тұрғысында жаңа Қазақстанды көрсетеміз. Айта кетейін, биыл біз «Ұлы дала алтыны» көрмесін Стамбул қаласында ұйымдастырамыз. 2020 жылы Англия елінің көрмелеріне жеткізу жоспары тұр, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Бұдан бөлек, бұл аумақта түрлі қорымдар да қазылған болатын. Мысалы, онда табылған ана мен баланың зиратын айтуға болады. Даниал Ахметов бұл қорымның ананың балаға деген ерекше махаббатын, ұрпағын қорғауда өлімнен қаймықпаған ананың бейнесін суреттейтінін айтты.
Тағы бір қорым – қабырғаларын тастан қалап, бесік тәріздес жасаған бозбаланың қабірі. Бұл ескерткіш қола дәуіріне тиесілі. Зираттағы ішіне қой еті салынған қыш құмыра ерте сақ дәуіріне тиесілі. Ғалымдардың пайымдауынша келесі қазылған, яғни үшінші қорым үйсін, құлажорға мәдениетіне жатуы мүмкін. Онда ер адам жерленіп, жанына қойдың құйрық майы салынған құмыра қойылған екен. Қойдың құйрық майы салынғанын зерттеушілер малдың бел омыртқасының соңғы буындарының қалдықтарынан білген көрінеді.
– Елеке сазы біздің заманымызға дейінгі сегізінші ғасыр мен біздің заманымыздың сегізінші ғасырына дейінгі аралықта үздіксіз даму байланысының барын білдіретін құбылыс. Жұмыстар аяқталған соң бұл атырап халқымыздың мақтанышына айналатынына сенімдімін. Сонымен қатар мұнда Азия құрлығында кездеспейтін Қаған кешенін де зерттейміз. Біз Білге қағанның, Күлтегіннің кешендері Моңғолияда табылғанын білеміз. Елеке сазында табылған кешен олардың планеграфиясын қайталайтын бірегей кешен. Жақын арада біздің қос ғалымымыз әлемге жаңа Қазақстанды көрсететініне сенімдімін, – деп қосты Даниал Кенжетайұлы.