Ұлы дала тілін ұлықтай білейік
2019 ж. 06 шілде
5993
0
Мемлекеттік тілді дамыту үшін «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасы жасалып, оны әзірлеу барысында бірқатар көпұлтты шет елдердің тіл саясатын құқықтық реттеу тәжірибесі ескерілгені белгілі. Бағдарламада көзделген барлық іс-шаралар мемлекеттік тілді ұлттық бірлікті нығайтудың маңызды факторы ретінде дамытудың басымдығына негізделген және азаматтардың рухани-мәдени және тілдік қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыруға бағытталған. Мемлекеттік тіл саясатында өзекті мәселелерді шешу, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне баса мән беру, ономастика саласына, қазақ тілінде әзірленетін жарнамалардың сапасына көңіл бөлу, мемлекеттік қызметшілердің, әртүрлі әлеуметтік топтағы азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуіне жағдай жасау және өзге де маңызды шаралар бүгінгі таңда еліміз бойынша жүзеге асырылуда. Газетіміздің өткен сандарында біз Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында атқарылып жатқан игі істер туралы жариялаған болатынбыз. Бүгін Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы осы бағыттағы іс-шараларды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
КӨРКЕМСӨЗ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙЕ БЕРМЕКШІ
Үстіміздегі жылдың маусым айында Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында Шығыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы көркемсөз оқу шеберлерінің Абай атындағы облыстық конкурсын өткізді.
Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес өткен іс-шараның басты мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, тіл мәдениетін көтеру және төл көркем әдебиетімізді насихаттау болатын.
Аталмыш аймақтық байқауға 17-29 жастағы аудан, қалаларда өткен іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанған жастар қатысты.
Жарма ауданы әкімінің орынбасары Айдар Ибраев жас талапкерлерге сәттілік тілеп, өнер сайысын ресми түрде ашып берді.
2019 жылы атап өтілетін мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесіне орай конкурстың бірінші кезеңінде үміткерлер Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің 125 жылдығына бағытталған қаламгерлердің шығармаларынан және қазақ әдебиетіндегі өзге де классикалық көрнекті прозалық шығармалардан үзінді, екінші кезеңде І.Жансүгіровтың 125 жылдығы мен Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына орай аталған ақындардың поэзиялық шығармаларын мәнерлеп оқыды.
Облыстық конкурстың нәтижесі бойынша Бас жүлдені күршімдік Әлия Болатова, 1-орынды өскемендік Бұлбұлхан Талап, 2-орынды Алтай ауданынан келген Меңтай Мерекенева, 3-орынды жармалық Гүлмира Жусанбаева иеленді.
Сонымен қатар, Ұлан ауданынан келген Гаухар Болатбек және семейлік Исламбек Тұрайсов «Қара сөздің хас шебері» номинациясы бойынша марапатталды. Конкурс жеңімпаздарына ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының арнайы дипломдары және бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Бас жүлде иегері Әлия Болатова қыркүйек айында өтетін республикалық конкурста бағын сынайтын болады.
ЖАҢАЛЫҚТЫ ЖАТСЫНБАЙ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен мамыр айында екі күндік семинар жүргізілді. Осы іс-шара аясында облыстағы тіл оқыту орталықтары мен ЖОО ғалымдары латыннегізді жаңа әліпбидің ережесі бойынша дәріс алып, жаңа емленің ерекшеліктерімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Семинарға өңірдегі ЖОО ғалымдары, тіл оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, мекеме қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Латыннегізді қазақ әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын, емле нормаларының ғылыми негіздерін ересек аудиторияға оқытып түсіндіре алатын білікті мамандар дайындау қажеттілінен туындаған бұл семинар нәтижелі болды. Екі күнге созылған шара барысында қатысушыларға қазақ әліпбиінің қысқаша тарихы, графикасы мен құрамы, әріп-фонема арақатынасы, қазіргі айтылым және жазылым нормалары туралы ақпарат берілді. Дәріс – семинардың теориялық және практикалық бөлімдерін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары мен мамандары Гулфар Мамырбек, Айнұр Сейітбекова, Назым Жұмаханова және Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының оқытушысы Ләйлә Абилмажинова жүргізіп, шеберлік сабақтарын өткізді. Аталмыш «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технология және сараптама басқармасының қызметкері Сұлтанбек Қабылов жаңа әліпбиді меңгертудегі бүгінгі заманауи ІТ жобалармен таныстырды.
Семинарға қатысушылар латыннегізді жаңа әліпбидің емле ережелерін үйрету барысында инновациялық педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдердің ғылыми-iзденушiлiк және оқу-әдiстемелiк қағидаларын тиімді қолдану әдістерін игерді. Шара соңында қатысушыларға алған білімдеріне сәйкес сертификаттар тапсырылды. Сертификат иелері енді өздері де өзгелерге сабақ бере алады.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ДЕГЕН НИЕТ ПЕН ҚҰРМЕТ
Алдынала мақтанышпен атай өтелік, былтыр жыл соңында Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданы Алтай болып ресми түрде өзгертіліп, жергілікті тұрғындарды ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды қуанышқа бөлегенін білесіздер. Жер, су, елді мекендердің өзінің қазақы тарихи атауларына қайта ие болуы бәріміз үшін өте маңызды. Кеңестік кезеңде сыңаржақ саясат салдарынан негізсіз орысшаланып кеткен атауларды өзгерту алдағы уақытта тоқтаусыз жүргізілуі тиісті. Осы Алтай қаласында тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді жетік меңгерген, оны қоғамдық өмірде белсенді қолданып жүрген өзге ұлт жастарының «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты дәстүрлі форум өтті.
Рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы ретінде мемлекетік тіл – қазақ тілінің қоғамдағы мақсаты мен міндеттерін өзге ұлт жастары арасында кеңінен насихаттасақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясының одан әрі кеңеюіне ықпал етері анық. Ол әсіресе көпұлтты аймақтарда аса қажеттікті талап етеді.
Форумға облыстың қала, аудандарынан мемлекеттік тілді меңгерген 18-35 жас аралығындағы өзге ұлт жастары, тіл жанашырлары қатысты. Сегізінші рет ұйымдастырылып отырған бұл іс-шараға аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары, мемлекеттік емес және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері шақырылды.
Үлкен жиынға қатысушы делегаттар мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның қолданыс аясын кеңейту, латын қарпіндегі жаңа әліпбиге көшу үдерісі және тілдердің үштұғырлығы, мемлекеттік тілді дамытудағы жастардың рөлі төңірегінде өз ойларын ашық айтып ортаға салды.
Солардың бірі – Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледж студенті Ангелина Бубнова биылғы жылдың сәуір айында Алматы қаласында өткен халықаралық Мұхтар Шаханов оқуларының жүлделі бірінші орын иегері атанған-ды. Ол өзін еліміздің нағыз патриоты деп санайды. «Мемлекеттік тілдің тірегі – жастар» атты баяндамасында, өскемендік жас биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы да жастарға үлкен міндеттер жүктейтінің, сол міндеттердің бірі – мемлекеттік тілдің абырой-беделін көтеру екенін атап өтті.
Алтай қаласындағы ауылшаруашылық колледжінде тракторшы мамандығын игеріп жатқан Денис Рыков мемлекеттік тілді рухани жаңғырудың басты тетігі екендігін айтып, өзінің мемлекеттік тілге деген оң көзқарасын танытты.
Бородулиха ауданының Абай атындағы орта мектеп мұғалімі Виктория Макроусова латыннегізді жаңа әліпби туралы өз пікірін білдірді. Ол- «Жаңа әліпби – мемлекеттік тілдің жаңа белесі» деп аталатын сөзінде латын әліпбиіне көшу саясатын қолдайтынын, оның еліміз үшін қаншалықты қажет екенін, жаңа әліпбиді қолдану арқылы әлемдік қауымдастыққа батыл қадам жасайтынымызды атап өтті. Сонымен қатар Виктория форумға қатысушы жастарға жаңа әліпби негізінде сабақ өткізді.
«Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты VІІІ облыстық жастар форумына қатысушылардың Шығыс Қазақстан жастарына арнаған үндеуін Семей қаласындағы құрылыс колледжінің студенті Евгений Денисов жариялады. Үндеу бір ауыздан қабылданды.
Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдын Шаймарданов мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүрген Ұлан ауданы, «Асубұлақ кент округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Дана Цайслерді, жеке кәсіпкер Кристина Мураткан мен Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 3 курс студенті Бубнова Ангелинаны облыстың грамотасымен марапаттады. Табысты өткен форум концерттік бағдарламаға ұласты.
«АЙБЫН» АЛДА БОЛДЫ
ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Лингвистикалық орталығы маусым айында әскери сала мамандарының арасында «Ұлы даланың – ұлы тілі» атты командалық байқау өткізді.
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған шараға №6699 әскери бөлімінің «Сұңқар», Өскемен гарнизоны әскери полициясының «Парыз», №5518 әскери бөлімінің «Сардар», №2034 әскери бөлімінің «Сарбаз» және №2793 әскери бөлімінің «Айбын» командалары қатысты.
«Тіл-бәйге», «Тіл-ұстарту», «Тілтаным», «Тіл мәдениет» және «Тіл-өнер» сынды 5 кезеңнен тұратын байқау барысында командалар танымдық, логикалық және шапшаңдықты қажет ететін күрделі тапсырмаларды орындады.
Командалардың біліктілігін бағалау барысында қазылар алқасы әскери сала қызметкерлерінің берілген тақырыптар, тапсырмалар бойынша мәлімет беруін, өз ойын еркін жеткізе алуына, сөз саптауы мен тіл байлығына және тапсырманы орындау кезінде команда мүшелерінің белсенді түрде қатысуына баса назар аударды. Байқаудың нәтижесі бойынша Бас жүлдені №2793 әскери бөлімінің «Айбын» командасы жеңіп алды. Бірінші орынды Өскемен гарнизоны әскери полициясының «Парыз», екінші орынды «Сардар», үшінші орынды «Сарбаз» командалары иеленді.
Облыстық байқаудың жеңімпаздары облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байқауда жақсы нәтиже көрсеткен «Сұңқар» командасының мүшелеріне ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының алғысхаты тапсырылды.
ДЕМАЛЫСТА ДА ТІЛГЕ ДЕН ҚОЙЫЛАДЫ
Өз ұлтының тілі мен мәдениетін үйренумен қатар мемлекеттік тілді оқып жүрген жексенбілік мектеп тыңдаушыларын ынталандыру мақсатындағы ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жолдамасымен 10 этнос өкілі биыл да жазғы демалыстарын Тіл лагерінде өткізді.
Олар 2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша өз ана тілдерін оқуда үздік нәтиже көрсеткен Өскемен және Алтай қалаларындағы жексенбілік мектептердің оқушылары. 2019 жылғы маусымының 24 мен шілденің 1-і аралығында «Көгілдір бұғаз» демалыс базасындағы «Балақай» лагерінің жанынан ұйымдастырылған Тіл лагерінде этнос балалары жазғы демалыстарын мемлекеттік тілді үйренумен ұштастырды.
Демалыс аясында балаларға мемлекеттік тілді оқыту бағдарламасы бірнеше тақырыптық бағыттар бойынша ұйымдастырылды. Қазақ тілін оқыту курсын Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының оқытушысы Гүлнұр Құрманғалиева жүргізді. 10 сағаттық қазақ тілін оқыту курсы барысында тілді оқытудың коммуникациялық, диалогтық және өзге де әдіс-тәсілдері қолданылды. «Танысу» сабағынан басталып, тілді үйрету кезінде оқытушы дамытушылық, сергіту ойын түрлері арқылы балалардың қызығушылығын оятты. Ән салу, сурет салу, ой бөлісу сияқты әдіс-тәсілдерді үлкен белсенділікпен қабылдаған балалар «Мақта қыз бен мысық» ертегісінен үзіндіні қойылым түрінде көрсетті.
БИ-АҒА ЕЛІНДЕГІ БЕТБҰРЫС
Астықты аймақ орталығы саналатын Қостанай облысындағы Таран ауданына классик жазушымыз Бейімбет Майлиннің есімі берілді. Сөйтіп, елімізде орысша аталып кеткен тағы бір ауданның аты қазақшаланды. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 9-бабына сәйкес бұдан былай Қостанай облысындағы Таран ауданы Бейімбет Майлин ауданы болып аталады. Мұнда 26 мыңнан аса халық тұрады. Осылайша жергілікті тұрғындардың бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан ұсынысы ескеріліп, Алаш ардақтысының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында есімі өзінің туған жерінде ұлықталып отыр.
Ұлы даланың ауқымды бір бөлігін алып жатқан Қостанай өңірін бүгіндер «орыстілді» аймақтардың қатарына қосқанмен бұл қасиетті қазақ жерінен Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қайнекей Жармағанбетов, Спандияр Көбеев, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов және одан кейін де көптеген атақты адамдар шыққан. Осыншама ақын-жазушыларды дүниеге әкелген қасиетті қазақ жерінде ана тіліміздің тамыр жаймауы мүмкін емес. Кеңестік кезеңдегі «тың игеру» саясатының салдарынан қазақ тілінің қысым көргені белгілі. Жүзден астам ұлт өкілдері тұратын бұл облыста осыдан он жыл бұрын жүргізілген санақ бойынша жергілікті ұлт саны 50 пайызға да жетпейтін-ді. Қазір жағдай мүлдем басқа, Алаш ұрпақтарының саны қарқынды өсіп келеді. Сонымен қатар аймақта Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ана тілімізге деген бетбұрыс бірден байқалды. Көптеген білім беру орындары қазақ тіліне көшіп, жер, су, елді мекен атаулары қазақшаланып жатыр. Соның бір айғағы – алдында айтқанымыздай облыстағы бір ауданның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Бейімбет Майлиннің есімімен аталуы дер едік.
Қазақ тілінің еліміз бойынша күнделікті тұрмысымызда өзіміз ойлағандай кең қолданыс таппай жатқаны белгілі. Ол жалғыз қостанайлықтарға ғана қатысты емес. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру бағытында бұл өңірде аз жұмыс атқарылып жатқа жоқ. Солардың кейбіріне ғана тоқтала кетелік.
КӨРНЕКІ АҚПАРАТ КӨҢІЛГЕ ҚОНЫМДЫ БОЛСЫН
Облыстық Тілдерді дамыту басқармасы ағымдағы жылдың мамыр айында Ұзынкөл ауданы Ұзынкөл ауылында Қостанай, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандары әкімдіктері, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері басшылары мен мамандары, ономастикалық жұмыс топтары мүшелері, тілдерді оқыту орталықтары, ҮЕҰ, жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «Көрнекі ақпарат: мәселелер және оны шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өткізді.
Отырысқа Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары Б. Мұхамедяров қатысты. «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы А. Міркемелова жаңа қазақ әліпбиінің емлесі бойынша баяндама жасап, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы А. Әбсадықов латын әліпбиіне көшу барысында көрнекі ақпарат саласындағы түйткілдер мен тұжырымдарға тоқталды. Аудармашы, блогер И. Арыстанбеков көрнекі ақпарат мәтіндерін аударудағы ерекшеліктерді еске салды. Аудан әкімдігі өкілдері, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары ауданындағы көрнекі ақпараттың жай-күйі мен проблемалары және оларды шешу жолдары туралы баяндап берді.
Көрнекі ақпараттың тіл туралы заңнамаға сәйкестігі мәселесі қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ол мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру істеріне тікелей қатысты, сонымен қатар көрнекі ақпарат өнімдері кез келген елді мекеннің келбеті, тіпті өркениет деңгейінің көрсеткіші десек қателеспейміз. Сондықтан осы мәселені үнемі назарда ұстау міндеттелді.
Осы орайда дөңгелек үстелге қатысушылар сыртқы көрнекі жарнаманы орналастыру бойынша заң бұзушылықтардың алдын алу, жастарды мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысуға ынталандыру туралы пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісіп, қажетті мәліметтерге қанықты. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта жыл бойында облыстың өзге өңірлерінде де өткізілу жоспарланған.
ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ ҚОЛДАУ ТАПТЫ
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында, қазақ әліпбиін латын графикасына біртіндеп көшіруді ілгерілету мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Қостанай облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы «Нұршаңырақ» қоғамдық қорымен бірлесе отырып 7-маусым күні «Латын әліпбиінде жазамыз» тақырыбында семинар өткізді. Семинар жұмысына Федоров ауданы, Қарабалық ауданы өкілдері қатысты. Осындай іс-шаралар өзге аудандар мен жоғары оқу орындарында да өткізілмекші.
Осы орайда «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді үйретуге арналған қысқа мерзімді курстар басталды. Курс тыңдаушыларына жаңа емледегі ерекшеліктер, қазақ әліпбиінің фонологиялық негіздері, графикасы мен құрамы жайлы толыққанды ақпарат беріледі. Курстың алғашқы сабақтарына қаладағы департамент, басқарма мамандары мен өтініш білдірген қатардағы жеке тұлғалар қатысуда. Латын әліпбиіне біртіндеп көшу іс-шаралары бүкіл облыстағы аудандарды қамту көзделген. Алғашқы күннен-ақ оған деген қызығушылық бары байқалды.
«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында «Үміт-Надежда» қоғамдық қорының да сабақ кестесіне сәйкес латын қарпіне негізделген жаңа емле ережелерді оқыту сабағы өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандар сабаққа белсенді қатысып, жаңа материалды меңгеруге тырысуда. Ниет бар жерде нәтиже де болары белгілі.
Әңгіме әрбірімізді толғандыратын тіл туралы болғандықтан, газетімізде жарияланған мақалалар оқырмандарымыздың назарына азды-көпті іліккенін байқадық. Ұлттың ұлт екенін анықтайтын да тіл екенінде дау жоқ. Қазақ тілінің мерейі – мемлекеттің мәртебесі деп түсінуіміз керек. Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, жылдар бойы жоспарлы түрде іске асырылып келеді. Әділін айту керек, мемлекеттік тілге деген құрмет артып келеді. Қазақстанда туып өскен өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы байқалады. Әрине, осы бағытта аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Мәселе қаржыда ғана емес, түпкілікті нәтижеде болса керек. Бұл тұрғыдан алғанда алдағы уақытта да қыруар жұмыс атқаруға тура келеді. Өйткені, қазақ тілінің қолданыс аясы әлі де қажетті деңгейге көтерілді деп айта алмаймыз.
Бұл жерде тіл мәселесін бір ғана мемлекеттің мойнына артып қоюға болмайды. Ол өзін Қазақстан азаматымын деп есептейтін әрбір адамның ісі. Әрбір отбасында ана тілінде сөйлессе, қоғамдық орындар мен қызметте мемлекеттік тілде тілдессе қолданыс аясы кеңейе түседі. Оны әрбір адам өзінің парызы деп ұғыну қажет. Сонда ғана Ұлы даланың ұлы тілін шын мәнінде ұлықтай алғанымыз болып табылады.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz