ДИМАШ - ҚҰДАЙ БЕРГЕН ҚҰДІРЕТ!
2019 ж. 03 шілде
43801
5
"ДАЙДИДАУДАН" БАСТАЛҒАН ДАРА ЖОЛ
Мен дарынды әнші Димаш Құдайбергенге Витебскідегі "Славян базары" халықаралық әншілер байқауында Гран Приге ие болып, топ жарған кезінен бастап шындап көңіл аудара бастадым. Онда да топ жарғанына бола емес... Маған қатты ұнайтын, жаныммен жақсы көретін халық әнінің жауһары "Дайдидауды" әдемі шырқағаны үшін. Шырқағанда қандай, шыбықтай әншінің шырқырап, шығанға шыққан дауысы шыбын жаныңды суырып алардай шырын сәтке бөлейді-ау! Яғни, қазақ ән әлемінде бұрын-соңды болмаған құбылыс жарқ ете қалғаны анық еді! Қазылар алқасының төрағасы, әйгілі әзербайжан әншісі Полад Бұлбұлоғлы: «Бұл біртуар ұл. Бұның бір өзінде үш дауыс бар: төмен және орташа тембр, сонымен бірге альтино — өте сирек дауыс және Димаш оны өте кәсіби меңгере білген»-деп таңданысын жасыра алмады. Сонымен бірге Димаштың әке-шешесі, қазақтың белгілі дарынды әншілері Қанат пен Светадан бетер қуанып отырдық сол кезде. Димаш конкурста тек қазақша сөйледі. Анасы Света да Белорусь қаласында жүргізуші қалауымен қазақша тілек айтқаны есімізде. (Жүргізуші мына қазақтар Ресей тілінде сөйлеп қоймасын деп сезіктенсе керек...) Бұл Димаштың ТМД көлемінде алғаш жарқ етіп танылуы болатын. Содан бері Димаштың "Дайдидауы" менің үйде де, сапарда да, көлікте де үзбей тыңдайтын үздік әндерімнің бірі!"Ұлы қытай қорғанын әнмен алдың!.."
Димаштың жалпақ әлемге танылуы - расын айту керек Қытайдағы әйгілі әлемдік байқауда HunanTV телеарнасының "Singer 2017" жобасында екінші орын алуынан басталды. Осы байқауда айтылған әйгілі "Дайдидау" әні әлемнің ең таңдаулы қатарына кірді. Әні де, сәні де келіскен қазақ дарынының жолында Қытай фанаттары қырылып қала жаздады. Әрбір турда Димаштың орындаған әндері бірінші, екінші орындардан түскен жоқ. Сол кезде әлемнің әйгілі әншісі Лара Фабианның өзі құттықтап, парақшасына жазды. Димаш өзінің ақтық сынағында Қытайдың әншісі Шан Венжемен дуэт құрып ән айтты. Ал әлемге әйгілі киножұлдыз Джеки Чан Димашты өзі іздеп келіп, құрмет көрсетті. Сыпайы ұлымызға сый-сияпат жасады. Ал бала кезден өзінің кумирі болған Джеки Чанды Димаш та құр қол қайтармай, ұлттық дәстүрмен қазақ шапанын кигізіп жіберді... Димаштың анасы Света бір сөзінде "14 турдан тұратын байқаудың ортасына дейін жетсе, жақсы болар еді"деп ойладым"- дейді. Ал аламан бәйгенің қорытындысында Димаш миллиардтар елінде бірінші орынға бергісіз екінші орынға ие болды. "Азияның ең танымал әншісі", "Ең сүйікті шетелдік әнші" атақтарын жеңіп алды. Әлем елдеріне жолдама алды. Елдің бәрі Ұлы даланың дарабоз ұлын шақыруға кезекке тұрды..
Біз, "Қазақ үні" газеті мен Qazaquni.kz ұлттық апталығы Димашымыз Қытайға барғаннан бақылап отырдық. Біздің тапсырысымызбен Қытайдағы бауырымыз, Үрімші телеарнасының журналисті Қуандық Көбенүлының зерттеуімен Димаштың Қытайдағы қадамы, Хунан ТВ телеарнасының ерекшелігі туралы экслюзивті арнайы мақала жарық көрді. Димаш бұл сапарында Ұлы дала ұлына айналып, Ұлы Қытай қорғанын әнмен алып келді! Бүкіл қазақтың сүйікті баласына айналды! Өзі де бір өнегесі өңінде, иманы жүрегінде, ұлтшылдығы ұлағатында түрған ұл! Әке-шешесі Қанат пен Светаны да бұрын сүйіп тыңдайтынбыз, қазаққа ұлттың атын шығаратын Димаштай дүлдүл ұл сыйлағандарына мың да бір рахмет айтты бар қазақ! Мен ерекше риза болғандықтан "ДҮЛДҮЛ" атты дүбірлетіп жыр жаздым. Бұл жырды үш күнде 40 мыңға жуық адам оқып, 100-ден аса пікір жазылды. Бәрі де тек қолдап, қуанды! Сүттей таза сүйкімді ұлға сүйініп, сүйінші сұраған жүрекжарды ақ тілектер болды. Ал менің фейсбук парақшамдағы тілектер мен қолдауларда есеп болған жоқ. Кейін әнші туралы фильмге "Дүлдүл" деп менің өлеңімнің тақырыбын қойғанда, ақындық ақ көңілмен қуанып қалдым. Димашқа арналған ең алғашқы жыр ретінде осы өлеңді тағы бір қайталап кеткім келеді: ДҮЛДҮЛ Димаш Құдайбергенге Шырқай білген шынайы сан ғасырдай, Алты қырдан қазақ па, әнді асырмай… Әлем біткен әншіге жалт қарады, Әміренің әдемі жалғасындай! Құбылыссың ерекше, білем мүлде, Атыңды айтып әр қытай жүрер күнде. Аспан асты елінде асқақ тұрдың, Аспан астын шулатып жібердің де… Ән шырқаған дала мен тауда мәңгі. Қазақ әлем назарын аударар-ды. Қырдың үні қытайды қырып салып, Дала даусы дүниені жаулап алды! Ашылатын алдынан бағын біліп, Келді қытай еліне нар ұл кіріп. Миллиард қаржы шын дарын шығармай-ақ, Миллиардты алды ғой бағындырып… Ақындарым арнауда жырын ғажап, Есі кетті естіп ел үніңді аз-ақ. Дүлдүлімен жауласа бұрын бабам, Бұлбұлымен жаулады бүгін Қазақ! Ең үздікке артады ел де ауырын, Көркем ұлдың шайқаған көр дауылын!.. Жапырылды үніңді жаһан тыңдап, Жалғыз өзің Жеңдің ғой, Сен бауырым! Биік рух бар анаң, әкеңде де, Ұлтым десе, ұғынбас қапер неге? Шекесі тар шенеунік қазақ білмес, Қазақ тілін үйреттің жат елге де!.. Қалың қауым жібермей қарсы алғанда, Таңдайлары ойылды тамсанғанда. Қытайларды қыбырсыз тұрмайтұғын, Қимылдатпай қойдың ғой ән салғанда!.. Өскен ұлтпыз өрлеген өлеңменен, О, Құдірет! Осы ғой өнер деген! Әуеніңмен әуелеп жылап тұрды, Миллион қазақ еліне елеңдеген! Дүлдіүлі сен бәйгенің дүбірлеген, Қаншама ару жылады күлімдеген… Байлық пенен биліктің қолы жетпес, Жүректерді жауладың Үніңменен! Қалың қытай Димаш деп қалды ұранмен, Шақыруда шартарап барлығы әлден. Ұлы дала ұланы болдың нағыз – Ұлы Қытай қорғанын алдың әнмен! Шын дарындар шығады шырайлы елден, Сыпырыла құлады сынай келген. Әнің ғажап болмауы мүмкін емес – Сені өйткені Қазаққа Құдай берген!ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ҰЛАН ДҮБІР
Мамыражай маусымның 29-ыншы жұлдызында Лондонда ағылшындарды, Мәскеуде орыстарды "әнмен қырып" келген әншіміз Димаштың елордамыздағы "ARNAU" атты арнаулы жеке концерті өтті. Әлем жұлдызының әлемдік деңгейдегі ғажап концерті! Сахналық-дизайндық көркемдеудің ең соңғы жетістіктері пайдаланылды. Иә, дүние жүзі дүрлігіп қол соққан дүлдүліміздің дүбірі жер жарып тұр! Құдайға мың да бір шүкір дейік! Бір ауыз сөзбен айтқанда, Димаш - Құдай берген құдірет! Қолдан қолға түспей, жаһанды шарлап жүрген жауһар ұлымыздың Ұлы даласын аңсап жеткені алаулаған аққұба жүзінен, әр сөйлегенде толқыған үнінен анық байқалып тұрды. Ауқымы ат шаптырым "Астана-Аренаның" аузы-мұрнынан шыға толған 35 мың халық та қолына түсе бермес әнші ұлдарын сағынып қалыпты. "Сіздердің мынандай зор құрметтеріңізден өзімді бейне бір Паворотти сезініп кеттім ғой" деді әнші халқының ыстық ықыласына риза болып. Құдай аузына бекер салмаған болар, қазақтың әлемді бағындырар ән жұлдызы туып келе жатқаны анық. Тек Алла амандығын берсін деп тілейік! Құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалып, өмірден өткен мұзайдынның мұзбалағы Денис Тен досына ән арнады. Көрермендер ортасында отырған Денистің анасына гүл шоқтары жеткізілді. Өзін тәрбиелеп өсірген атасы мен әжесін, нағашы әжесін де ұмытпады. Әке-шешесіне арнайы ән орындады. Концерт аяқталса да кеткісі келмей тұрып алған халықтың өтінішімен әнші тағы бір ән айтып берді. Димаш бұл концертте "Дайдидауы" бастаған қазақ, ағылшын, итальян, орыс тілдерінде барлығы 27 ән орындады. Бауыры Мәнсұрмен қосылып, домбырамен Адайды дүбірлетті. Гитарамен де ән шырқады. Тіпті дауылпазда да отырып, даусыз шеберлігін көрсетті. Арасында қазақтың әдемі әзіл, мақалдарын орынды пайдаланып, ерке ұлымыз елімен еркін сырласқан керемет кеш болды! "Мен қазақ халқын жақсы көремін және құрметтеймін. Менің шығармашылығым қаyшалықты қажет болса, мен соншалықты қазақтың осынау Димаштай дарыны және әсем жігіті үшін арнаймын."-деп ақ жарылды әншінің бірнеше әнін сүйемелдеген Ресейдің атақты композиторы Игорь Крутой. Яғни, Димаштың артынан тек табынушылары ғана еріп жүрген жоқ. Оның дарынына бас иген әлемнің талай "крутойлары" еріп жүр... Ал Швециялық Эса Сейттудың айтқанын тыңдаңыз: "Менің бұл әнді тыңдап отырғаныма бірнеше сағат болды, тіпті, тоқтай алар емеспін. Әннің не туралы екенін де білмеймін. Мынау – адамның емес, періштенің даусы. Музыка арқылы соғысты тоқтатуға бола ма? Иә, мына жігіт тоқтата алады. Мен әлемнің жеті кереметі туралы естігем, бірақ, мына әншінің ғажайыбы бәрінен асып түсетін сияқты. Мынадай дауысты жаратқан Құдайға енді сенбесіме амал жоқ!»-деп таң қалады ол. Швециялық тыңдарманына құдайдың бар екенін сендірген Құдайбергеннің немересінің дарыны туралы басқа не айтуға болады?!. Димаштың анасы Света да шақырылған көрермендердің әрқайсысын қазақы қонақжайлықпен үйіне келген қонақтай құшақ жая қарсы алып, жарқырап жүрді. Ұлы дала төсіндегі ұлымыздың концертіне артынан Америка мен Еуропадан, Қытайдан, барлығы әлемнің 64 елінен 10 мыңнан аса көрермен ере келді. Бұл оншақты мың көрермен Қазақ әншісі Димаштай дүлдүліміз дүниенің қай жерінде ән шырқаса, сол жерге еріп жүретін топ. Тіпті, арасында күні бойы біздің баланың әнін тыңдаумен қатерлі дерттен айыққан Германиядан келген Деванна Зани ханым да жүр. "Димаш қай жерде ән салса, сонда барамын" деген оған салсаң, ол тіпті әншінің туған жері Ақтөбеге дейін барғысы бар... Жер бетіндегі адамдардың жүрегін емдейтін әншіде не арман бар?!. Ал бұндай құдіретпен оны тудырған халқы қалай мақтанса да жарасады! "Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол!"-дейді Ұлы Абай.ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ АРЫСҚА ҚОЛ СОЗДЫ
Осындай көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлаған Димашымыз апатқа ұшыраған Арыс қаласына көңіл айтты. - Шетелде көп жүргеніммен, ылғи елімнің жаңалықтарын біліп отырамын. Интернетті ақтарғанда ең бірінші елімде не жаңаық болып жатқанын қараймын. Жақында Арыста болған оқиға маған да қатты батты. Тіпті концерт беру осы кезде ыңғайсыздау секілді көрінді, солай айтқандар да болды. Арыстағы ағайындарымыз апатқа ұшырап жатқанда, концерт беріп, ән айтып жатуым қалай болар екен деп те ойландым. Алайда шетелден шақырып қойылған қонақтар бар, арнайы келушілер бар! Соларды ескеру керек болды. Сондықтан, Арыс апатында қаза тапқандардың отбасына көңіл айта отырып, осы концерттен түскен қаржының бір бөлігін Арыстықтарға көмек ретінде аударамын деп шештім. Бұл сіздердің де көмектеріңіз боп саналады, ағайын»– деді Димаш Құдайберген концерт барысында толқып тұрып. "Астана - Аренадағы" ине шаншар жер қалдырмай толып отырған 35 мың xалық дүниені дүбірлетіп жүрген дүлдүлдерінің азаматтығына қатты риза болып, ұзақ қол соқты. Димаштың жүрген жері - ұлтына деген перзенттік махаббаттың перизат пейілі дерсің! "Дайдидаудан" басталған дара жол әлемдік биікке шырқады! Қытайда шырқалған бұл ғажап қазақ әні қытайлықтардың қазақ мәдениетіне көңіл аударып, құрмет білдіре бастауына жол ашты. Телеарнаға сұқбат бергенде сүйікті кітабы ретінде ұлы жазушымыз Мұқтар Әуезовтың "Абай жолын" атағанда қытай біткен қазақтың осы бір дара туындысын іздеп кетті. Ұлттық тәрбие болмаса ұлт ұланы болмайды! Ол Димаштың тұла бойынан тұтас сезіліп тұрады. Көркем ұлдың көргенділігі көзге ұрып, иманжүзділігі мен тереңнен тартқан тектілігі анық байқалады. Бұған қазақ дәстүрі бойынша тұңғыш бала Димаштың Құдайберген атасы мен Миуа әжесінің қолында тәрбиеленгені де көп рөл атқарады. Қазір Қанаттың ұлы - Қазақтың ұлына айналды! Димаш қай елде, қай жерде жүрсе де алдымен қазақ тілінде сөйлейді. Бұған таалй куә болдық. Бұл нұсқаумен емес... қанмен келген қазақы ұлтшылдық екеніне қуанасың! Мысалы, Қазақ Елі Тәуелсіздік алғасын дүниеге келіп, дүниежүзін талантымен табындырып жүрген дүлдүліміз бар елде аты-жөнін орыстың отарлық жалғауы "ов"-пен таныстырып, құлдық құрықты сүйретіп жүрсе не болар еді?!. Мәскеуден бастап, әлемнің қай елінде болса да, "Димаш Құдайберген" деген сайын мен қуанамын көппен бірге! Қайта біздің елде кейбір мәңгүрт журналистер ескі құлдық санамен "Димаш КудайбергенОВ" деп қателесіп жатады... DIMASH!!! Бұл есім қазір әлемді жаулап келеді! Бұрын-соңды бұндай әлемдік деңгейде жарқырап шығып, аты жетіп, аяғы тиген кез келген елді Қазақ әніне, Ұлы Даланың дара дарынына тәнті етіп, артынан мыңдаған табынушыларын ертіп жүретін жауһар дауысты жарқын әнші болған емес! Димаштың қазіргі жетістігінің өзі қазақ әні үшін енді оңай алар асу болмайды. Құдай берген құбылыс - Феномен деген осы! Иә, Димаш - Құдай берген құдірет! Бұндағы сызықшаның орнын ауыстырсаңыз да, мағына өзгермейді. Яғни, "Димаш Құдайберген - Құдірет" десеңіз де дәл келіп тұр! Алла Алаштың бағына жаралған алтын ұлды аман сақтасын! Қазыбек ИСА, "Қазақ үні" газеті, Qazaquni.kz