Өнерімен тәнті етті

Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында ҚР Тұңғыш Президенті қоры лауреаттарының концерті өте жоғары деңгейде өткізілді. «Жүректегі арманмен заңғарға самғайық» атты осынау ауқымды шара Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Жастар жылына арналды. Салтанатты кеште әлемге танымал классикалық туындылар орындалды. Атап айтқанда, Джастин Гурвиц, Төлеген Мұхамед­жанов, Джеймс Хорнер, Джо Хисаиши, Леонард Бернстайн, Әділ­жан Толықпаев, Әбілқайыр Жарасқан, Эдуард Артемьев, Ханс Циммер сынды есімі елге белгілі композиторлардың ки­нодағы танымал саундтрек­тері шырқалды. Сонымен қатар, өнер­паздар «Ла-Ла Лэнд», «Троя», «Вестсайд оқиғасы», «Шиндлер тізімі», «Гладиатор», «Көшбасшы жолы» кино­ла­рын­дағы құлаққа жағымды әуендер де кеш шырайын одан әрі кіргізе түсті. Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында ең алғаш өнер көрсетіп отырған жас таланттарға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, тенор Медет Чотабаев, пианист-концертмейстер Гаухар Тасбергенова, сыбызғышы Жібек Сапарғалиева, Қазақ­станның алтын виолончелі Ермек Құрманаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сопрано Бибігүл Жанұзақ, меццо-сопрано Татьяна Вицинская, «Астана Операның» бірінші скрипкашысы Қаламқас Жұмабаевалар қолдау көрсетті. Шара аясында Ахмет Жұбанов атындағы мектеп-интернаттың хоры да тың­­дарман қауымды өз өнерле­рімен тамсандырды. Осынау игі шаралар өз кезегінде жас өнерпаздардың талабын ұштауға септігін тигізіп қана қоймай, ән әле­мінде жұлдыздарын жағатыны сөзсіз. qazaquni.kz