Елордада көркемөнерпаздар ұжымдарына «Халықтық» атағы берілді
2019 ж. 14 маусым
1858
0
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі елорданың шығармашылық ұжымдарына және Қазақстан халқы Ассамблеясының этно-мәдени бірлестіктеріне қолдау көрсетті. Шығармашылық қызметті жоғары деңгейде қамтамасыз ету, талантты өнерпаз орындаушыларды қолдау мақсатында және қалалық мәдени шараларға қатысқаны үшін 6 ансамбль «Халықтық» атағын алды және тағы үшеуі «Үлгілі» атағымен марапатталды.
«Халықтық» атағы «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени орталығының ансамбліне, «Мисон» кореялық би ансамбліне, «Раздолье» орыс және казак әндері ансамбліне, «Оберег» украин қоғамының Николай Литошко атындағы вокалдық ансамбльге, «Дуслык» татар-башқұрт вокалдық ансамбліне және «Арқа әуендері» вокалдық тобына берілді. М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының «Эдельвейс» балалар-жасөспірімдер эстрадалық би студиясы, Нұр-Сұлтан қаласының №64 мектеп-лицейінің «Сарыарқа» би ансамблі және «Наурыз» би ансамблі «Үлгілі» атағына ие болды.
«Көркемөнерпаздар ұжымдары қаламыздағы шараларға белсенді түрде қатысады. Ашық алаңдардағы жаппай серуендер кезінде қала тұрғындары мен қонақтары сіздердің өнерлеріңізді тамашалайды. Қала әкімшілігі көп жылдан бері кәсіби орындаушыларды дайындап, талантты өскелең ұрпақтың бірнеше буынын шығармашылық пен өнер жолдарына түсіріп, ерен еңбектеріңіз үшін алғыс айтады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.
«Ұжымымыз енді ғана құрылған жылдары балаларды іздеп, ансабльге шақыратынбыз. Ал, қазіргі кезде 60-тан аса бала тәлім алуда. Бірінші кезекте бұл педагогтар мен хореографтардың зор еңбегі. Сол еңбектің бағалануы біз үшін үлкен қолдау және одан әрі жаңа белестерді бағындыруға ынталандырады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының корейлер этно-мәдени бірлестік төрағасының орынбасары Роза Пак.
Айта кетейік, «Халықтық» және «Үлгілі» атақтары «Мәдениет туралы» ҚР Заңына сәйкес беріледі және көркемөнерпаздар ұжымдары үшін маңызды оқиға болып табылады.