Латын графикасында кірме сөздер қалай жазылады
2019 ж. 10 маусым
3517
0

Қазіргі тіліміздегі кейбір бөгде тілдік элементтердің, араб, парсы сөздерінің мағыналық сипатын ортағасыр не ескі қазақ жазба мұралары мәтіндерінен іздестіретініміз анық. Лексикографтардың міндеті – мағынасы көмескі араб, парсы сөздерінің сөзтізбесін жасап, түсіндірме сөздігін құрастыру. Сондықтан бүгінгі таңда ескі қазақ жазба мұраларында қолданылған араб, парсы сөздерінің семантикасының тарихи даму, өзгеру тенденциясын сөздік арқылы ашып көрсетудің маңыздылығы зор.
Жаңа әліпбиге көшу барысында екіграфикалы параллель сөздікті құрастырудың құрылымдық және лингвистикалық ұстанымдарын негіздеп алған жөн. Осы ретте реестірдегі араб, парсы сөздерінің семалық құрылысын дәл анықтап бере алатын, табиғатын толық сипаттап бере алатын ортағасыр жазба ескерткіштер мәтіндерінен алынатын дәйектемелік мысалдардың орны ерекше. Яғни бұл сөздік мақаланың жүйелі болуына, тілдік бірліктердің мағыналарын ашып, қолдану сипатын нақтылауда мүмкіндік беретіні белгілі жайт.
Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін отандық түркітанушылар жазба ескерткіштер мәтіндерінің негізінде сөздік құрастыруда белгілі бір дәйектемелік мысалдарды транскрипциялауда бөгде тілдің транскрипциялау тәжірибесінен аса алмағаны байқалады. Мысалы,
Буйурды лäшкäрінгä атланың теб (81р-3). Манім қанымны суттег текма (10в-31). Бу соңсуз достлуқуңдын тандым імді (44в-39) Сабур бірлä соңы мақсудын булды (47в-28) [13].
Осындағы буйурды емес бұйұрды, лäшкäрінгä емес ләшкеріңе, манім емес менім, текма емес текме, достлуқуңдын емес достлұқұндын, сабур емес сабұр (кейде сабыр), булды емес болды деп транскрипцияланғаны жөн болар еді. Тіпті лäшкäрінгä дегендегі нг түркі тілдерінің дыбыстық қорындағы ң графемасымен таңбалануы бұрыннан дәлелденген. Сондай-ақ, сөздің бастапқы позициясында кездесетін ﻯ (-и) дыбысын түрік ғалымдары iki, biшinçi деп берсе, ал біз кирилл таңбасымен транскрипциялауда е-мен беріп жүрміз. Мысалы, ики емес, екі, бішінчі емес, бесінші/бесінжі т.б. Осындай транскрипциялаудағы ала құлалықтар өзге де ғылыми жұмыстарда кездесіп жататыны өкінішті. Бұның басты себебі Кеңес Одағы кезеңінде орыс түркітанушылары шығыс әдебиеттеріне қатысты мәтіндерді
транскрипциялауда әркім өзінің транскрипциясын ұстанбай, белгілі бір лингвистикалық нормалар мен дәстүрлерге бағыну керектігінен болу керек.
Жаңа графикаға көшу барысында екі графикалы параллель сөздік түзуде лексикалық бірілікке берілетін дәйектемелік материалдарды араб графикасынан латын графикаларына транскрипциялауда қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес жақындатып беруді ескерген жөн. Мысалы: býrýn емес burun, barýb емес barub, kıldı емес keldi, bır kýnı емес bir kúni, qýrtýb емес qurtub т.б.
Сонымен араб және парсы сөздерінің сөздігін құрастыру барысында төмендегі ұстанымдарды басшылыққа алуды ұсынамыз:
· араб графикасында дауысты дыбыстардың үш-ақ түрі болғандықтан, түркі тілдеріндегі барлық дауыстылар осы үш таңба арқылы беріледі. Сондықтан жазба ескерткіштерден алынған дәйектемелік мысалдарды транскрипциялағанда сөздердің қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес транскрипциялау. Мәселен,
АЖАЛ (пар.) ﻝﺠﺍ – өлім, қаза. Ажал келіб иақасындын тұтұб атасының қатыға алыб кетді. Ажалы келіп әкесінің қасына алып кетті (әкесінің артынан кетті) (ТШ). АЗАД (пар.) ﺍﺯﺍﺩ – азат. Бөрте Фужинны азат қылыб жалайыр Сабаға тапшұрды. Бөрте Фужинді босатып жалайыр Сабаға тапсырды (ЖТ). AJAL (par.) ﻝﺠﺍ – ólim, qaza. Ajal kelib ıaqasyndyn tutub atasynyń qatyǵa alyb ketdi. Ajaly kelip ákesiniń qasyna alyp ketti (ákesiniń artynan ketti) (TSh). AZAD (par.) ﺍﺯﺍﺩ – azat. Bórte Fýjınny azat qylyb jalaıyr Sabaǵa tapshurdy. Bórte Fýjındi bosatyp jalaıyr Sabaǵa tapsyrdy (JT).
· Қазіргі тілімізде кездесетін және кездеспейтін араб және парсы сөздерінің сол тілдегі дыбыстық тұлғасымен транскрипциялау. Мысалы,
АБАДАН (ар.) ﻦﺍﺪﺎﺑﺍ – бай, ауқатты. Алынча заманыда иұрт абадан уа ел дәуләтлі болды. Алынша заманында жұрт бай, ел дәулетті болды (ТШ). АБА УА АЖДАД (ар.) ﺪﺍﺪﺠﺍ ﻮ ﺎﺒﺍ – ата-баба. Дар дастанһа аба уа аждад Чынгыз хан бима фиа хикайат ахуал. Дастандарда Шыңғыс ханның ата-бабалары мен бізге дейінгі хал-жағдайы (баяндалады). Ин заман кім йад қылынды аба уа аждад Ораз Мұхаммед ханның барча ұрұғ қарындашлары білән бір дастанда ABADAN (ar.) ﻦﺍﺪﺎﺑﺍ – baı, aýqatty. Alyncha zamanyda ıurt abadan ýa el dáýlátli boldy. Alynsha zamanynda jurt baı, el dáýletti boldy (TSh). ABA ÝA AJDAD (ar.) ﺪﺍﺪﺠﺍ ﻮ ﺎﺒﺍ – ata-baba. Dar dastanha aba ýa ajdad Chyngyz han bıma fıa hıkaıat ahýal. Dastandarda Shyńǵys hannyń ata-babalary men bizge deıingi hal-jaǵdaıy (baıandalady). In zaman kim ıad qylyndy aba ýa ajdad Oraz Muhammed hannyń
қаламда келді. Бұл заманнан кім еске алынды, Ораз Мұхаммед ханның ата-бабалары барша ұрпақтары, туысқандары бір дастанның тарауында жазылып келді (ЖТ). barcha uruǵ qaryndashlary bilán bir dastanda qalamda keldi. Bul zamannan kim eske alyndy, Oraz Muhammed hannyń ata-babalary barsha urpaqtary, týysqandary bir dastannyń taraýynda jazylyp keldi (JT).
· Лингвотекстологиялық-редакторлық принципті ұстану аса маңызды. Себебі жазба ескерткіштер мәтіндерін кейінгі көшірілген нұсқалармен салыстырып қарағанда қалып кеткен, көмескелінген сөздер, тұтас сөйлемдер, графикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік, стилистикалық айырмашылықтар да кездесіп отырады.
· Ортағасырлық дәстүрлі принцип. Араб жазулы мәтіндерінде түркі сөздеріне қатысты жазу ережесі белгіленбесе де, араб-парсы сөздерін өзінің төл тіліндегі қалпын сақтап қалу ұстанымы болғаны айқын. Яғни, жазба ескерткіштерді латын графикасымен беруде ортағасырдағы қалыптасқан тарихи дәстүрлі нормасынан ауытқымауымыз қажет. Бұл сол кезеңнің тілдік құбылыстарын танытатын фонетикалық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік, стильдік ерекшеліктері болып табылады. Яғни, араб жазулы ортағасырлық жазбаларда түркітілдес халықтарына ортақ дыбыстардың транскрипциялауда сақталуы тиіс. Сөздің бастапқы позияларында кездесетін й дыбысы (йаратқан, йарлығ, йет), сөздің барлық позияларында кездесетін ч дыбысы (сач, үчүн, очақ), сөздің соңғы позициясында кездесеті б, ғ дыбысы (барұб, келүб, сарығ, ағыз, андағ, қатығ, т.б.).
Сейітбекова Айнұр,
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»
ұлттық ғылыми-практикалық орталығының
Әдістеме басқармасының басшысы,
филология ғылымдарының кандидаты
ӘДЕБИЕТ
1. Ибатов А. Құтыптың «Хұсрау уа Шырын» поэмасының сөздігі. (ХІІ ғ.). - Алматы: Ғылым, 1974.