ТӘУЕЛСІЗДІК және ҚЫЛҚАЛАМ

1
1558

 

        Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі қазақстандық белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Марат Тұрғымбайдың «Бестерек» атты жеке кескіндеме көрмесі болды. «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбында өткен көрмеде суретшінің 50-ден астам кескіндеме жұмысы қойылды.
М.Тұрғымбай Жамбыл облысы Мерке ауданында дүниеге келген. 1979 жылы Марат Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін және Т. Жүргенов атындағы Алматы көркемсурет-театр институтын бітірді. Институтты бітіргеннен кейін 1985-1995 жылдары аралығында мұғалім болып жұмыс істеді. Өмірлерін суретпен ұштастырған дарын иелері біруеге тәуелді болып қызмет жасағанды қаламайды. Қыл қалам мен сияның қыр сырын меңгерген суретшілердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, олар отбасын өнерімен, қылқалам құдіретімен асырап жүргендер. Солардың бірі – Марат Тұрғымбай.
Жалпы, суретшілердің шеберлігін біреулер мойындаса, кейбіреулер сенімсіздік танытып жатады. Әрине, олардың ішінде белгілі бір нұсқаны алдын-ала дайындап келіп кәсіп ететіндер де бар. Марат Тұрғымбайдың айтуынша, бір адамның бейнесін сомдау үшін оның мінез-құлқы да дұрыс болған жөн дейді. Ал бала бейнесін қағазға түсіру оңай шаруа емес екен.
Автор өз шығармашылығында бір ғана жанрмен шектеліп қалмайды. Ол бейнелеу өнерінің барлық түрінде жұмыс істейді. Оның қылқаламынан портрет те, натюрморт, пейзаж да туды. «Бірінші», «Айгүл», «Ана», «Әке» сияқты туындылырында портретші-суретшінің ғажап дарыны көрінеді: мұндағы әрбір салынған тұлға өзгеше, қайталанбас және ұмытылмас образда бейнеленген. Автор портреті салынатын адамның көңіл-күйінің барлық нәзік қалтарыстарын ашып көрсетеді. Оның жасаған бейнелері терең ішкі әлемімен, қатаң өлшемімен және құндылығымен ерекшеленеді. Қылқаламмен адам бейнесін бейнелеу, жансызға жан бітіру, мылқауды сөйлету сурет өнерінің басты ережесі. Осындай қиын да күрделі өнерді өміріне серік қылған суретшілер бір адамның бейнесін салу үшін кейде бірнеше айлар бойы жұмыс істеуіне тура келетін кездер болады екен.
Марат Тұрғымбай Елбасының портретін салуға ұзақ дайындалыпты. «Еліміздің көркейіп, жан-жақты даму жолында Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі орасан зор. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына Президенттің портретін сыйға тартқым келді, өйткені Тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихы Елбасының атымен тікелей байланысты» дейді Марат Тұрғымбай.
Сурет деген сұлу да нәзік өнердің иесі Марат – туған өлкесінің табиғат көрінісін салудың да шебері, суретшінің айрықша ұлттық қолтаңбалары нақ осы туындыларынан көрінеді. «Дала», «Бестерек», «Көктем», «Шарын» атты және пейзаж сериясынан салынған басқа жұмыстары терең мәнімен, үзіліссіз қозғалысты сипаттарымен көз тартады. Автор нәзік пленэрлік және лирикалық пейзаждарымен туған табиғаттың қайталанбас сұлулығын жырлайды. Оның шығармаларынан поэтикалық пейзаждар мен жанрлық композицияларды, фантастикалық натюрморттарды, көшпенділер өміріндегі әртүрлі метафоралық образдар мен мифологиялық сюжеттерді айқын аңғаруға болады. Ол туындылардан абстракциялық кеңістікті, әлем тынысын, оның нәзіктігімен бірге құдіретті күшін аңғарасыз. Бейне лирикалық әуен ойнап, романтикалық леп еседі. Мың құбылған биші бояудың қимылына елітесіз. Ашық, ерке бояулардың паң мінезді ақ пен қарамен үйлесім табуына таңдай қағасыз. Суретшінің көркемсуреттегі жетістіктеріне ой ұшқырлығы үлкен әсер еткені хақ. Оның портреттері аса шынайы шығып, кейіпкердің ішкі тебіреністерін дәл сипаттайды. Ол өз кейіпкерлерінің қайталанбас болмыстары мен характерлерін ақ қағазға сәтті түсіре білген. Оның суреттерінің қайран қалдыратын құпиясын терең ұғыну екінің біріне бұйырмаған сыбаға. Құрыштай шыныққан суретші ұзақ уақыт тапжылмай, кенеп пен майлы бояудың иісінен шабыт алатын күндері көп. Ол үшін шығармашылық адамына ішкі қуат пен шыдамдылық, өмірге ғашықтық, құштарлық керек дейді автор.
Марат Тұрғымбай суретші ретінде өз қолтаңбасын, жұмыс істеудің өзіндік тәсілін, өз шығармашылық жолын қалыптастыруда ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Шығармашылық тұлға ретінде тез танылды. Суретшінің шығармашылық қолтаңбасы халық өмірінен жазылған туындыларының ұлттық айшықтылығынан, кескіндемелік (живописьтік) бояу тілінің жарқын түсінен, нұрлы шуақты ортаны нәзік жеткізіуінен, портреттік бейнелердің психологизмінен танылады. Қайталанбас ерекше туындыларда кеңістіктің еркін қозғалысы, тазалық пен пәктіктің символы көрініс тапқан. Марат Тұрғымбайдың кескіндеме жанрындағы туындылары ерекше тартымдылығымен көз тартады.
Суретші белсенді жұмыс істеп, көрмелер өткізіп келеді. 1982 жылдан бері халықаралық, бүкілодақтық, республкалық көрмелердің қатысушысы, Халықаралық суретшілер симпозиумы (Эстония), Халықаралық көрме (Гермния), Көрме-симпозиум (Финляндия), Бүкілодақтық көрме (Мәскеу), суретшілердің Республикалық пленэры (Қапшағай қ.), «Каспий – достық теңізі» атты Жастардың мәдени фестивалі (Ақтау қ.), ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына, 20 жылдығына арналған топтық көрмелер және т.б. ауқымды іс-шаралардың қатысушысы. Жастарға осынау бекзат өнердің қыр-сырын үйретіп, құндылығын түсіндіруді, олардың әрқайсысы өз қолтаңбасын, өз шығармашылық жолын қалыптастыруына қолы­нан келгенінше көмектесіп жүр.
Суретшінің жұмыстары ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде, Президенттің Мәдени Орталығында (Астана), сондай-ақ, Германия, Финляндия, Түркия, Оңтүстік Корея, Эстония, Ресей, Қазақстанның жеке коллекцияларында сақтаулы. Суретшінің әрбір жұмысына, оның шығармаларына мәнділік және мазмұндылық сипатын беретін шынайылық тән.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз