Сәбит БАЙДАЛЫ: Желтоқсан – Тәуелсіздік тірегі
2011 ж. 15 желтоқсан
4125
1
1. Желтоқсанның тарихи сипаты Біздің елімізде ресми органдарда «көтеріліс» деген сөзден қашқақтап, «желтоқсан оқиғасы» деген сөз тіркесін көбірек қолданады. Ең басты мәселе, Желтоқсанға саяси-құқықтық баға беріліп, біздегі түгіл Балтық жағалауындағы және басқа республикаларда демократиялық үдерістердің дамуына себепші болған, жұрттың бәрі «көтеріліс» деп атап кеткен тарихи құбылысты мойындап, оны заңдық тұрғыда бекітіп, сол кездегі ресми органдар енгізген «оқиға» деген атаудан арылуда жатыр. Желтоқсанның ұлттық көлемдегі империялық, тоталитарлық жүйеге қарсы көтеріліс екенін жариялап қана қоймай, қоғамдық санаға сіңіруіміз керек. Екіншіден, көтеріліс тек Алматы қаласында ғана емес, республиканың, әсіресе жоғары оқу орындары бар барлық ірі қалаларды қамтыған жалпы ұлттық ауқымда болғанын ескеруіміз керек. Желтоқсанды кеңестік Қазақстан тарихындағы азаматтық пен азаматтық рухтың және бостандыққа ұмтылыстың ең ірі бұқаралық сілкінісі, жалпыұлттық сипат алған көтерілісі деп толық атауға болатынына көп дәлелдің керегі де жоқ. Егер ол көтеріліс дәрежесіне көтерілмесе Мәскеу, Свердлов, Тбилиси, Новосібір, Челябі, Ташкент, Уфа, Фрунзе қалаларынан мұздай қаруланған 50 мың әскер Алматы қаласына көтерілісті басып-жаншу үшін кіргізілмес еді. Америкалық Хельсинск тобының деректері бойынша армия мен ішкі әскерден құралған жазалаушылардың осыншама қатарының сыртында 20 мың милиционерлер болған. Оның үстіне, қолдарына аюға аңға шыққанда алатын айыр темірлер мен кабельдермен қаруланған республикадағы басқа ұлт өкілдерінен 10-15 мың «ерікті» жасақшылар құрылған. Сөйтіп, кеңестік тоталитарлық жүйе Қазақстанда жасаған «экспериментін» жүзеге асыра алды, дегеніне жетті. Бірақ осы желтоқсанның, түптің түбінде, кеңестік жүйенің өзінің де опырылып түсер күнін жақындатарын сезген жоқ еді. Мәскеудің «Метель 1986» деп аталған операциясы Алматыдағы жаппай «тәртіпсіздікпен», «экстремистер» мен «тобырмен» күрескен жоқ, өзін-өзі билеуді талап еткен, ұлттың азаттығын аңсаған реформаторлық пиғылдағы жастарды жазалаған қанды қырғын. Оның соңы 1937 жылғыдай террорға ұласты, қазақ халқының жас ұландары қудалауға ұшырады. Көтерілістің шеңберін желтоқсанның үш күнімен шектеуге болмайды. Ол тәуелсіздік алғанға дейінгі бес жылды да қамтыды. Желтоқсан халқымыздың рухани өміріне әсер етті. Ұлттық сананы, ұлттық рухты оятты, өсірді. Сондықтан да бұл көтерілістің түпкі қайнарын, оның маңызын, қоғамға жасаған ықпалын жалпыұлттық деңгейде қараған абзал. Көтеріліс тамыры тым тереңде, тарих қойнауларында жатыр. Оны 1731 жылдан басталған ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, Қазақстан Тәуелсіздігіне алып келген ұзақ жолдың үлкен бір белесі деп бағалау керек. 2. Желтоқсанның жеңістері мен жеңілістері Біздіңше, кеудемізді мақтаныш сезімге бөлейтін желтоқсанның басты жеңісі – тоталитаризмнің темір құрсауында қамалған ұлттардың арасында ең алғаш империялық орталықтың өктемдігіне ашық қарсылық білдіріп, алаңға шығу арқылы ұлттық намыстың жоғалып кетпегендігін дүние жүзіне паш ете білгендігіміз. Өзінің «Ғасырлар тоғысы» атты еңбегінде бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деп жазды: «...Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді». Елбасы айтқандай, Кеңес одағының көбесін сөккен қазақтың қайсар ұл-қыздарының ерлігін әлем мойындады, «қазақ» деген халық барын, оның рухы өлмегенін сол күндері таныды. Өйткені, сан ғасыр бойы аттың жалы, атанның қомында жүріп, білектің күші, найзаның ұшымен ғана емес, ақыл-парасатымен асты кенге, үсті малға толы байтақ, ұланғайыр жерімізді қорғап қалған деп мақтан ететін бабаларымыздың шын мұрагерлері бар екенін дәл осы Желтоқсандықтар көрсетті. Ел басына күн туғанда бұғып қалмай, алаңға шығып, империялық елдегі саясаттың тар құрсауын бұзған ерлер де осы желтоқсандықтар. Қазіргі таңда өмірімізге етене енгіземіз деп ұмтылып жүрген өркениеттің ең үлкен құндылығы – демократияның алғашқы қарлығаштары да осы желтоқсандықтар. Олар ұлттық рухты ең биік белеске көтергендер. Бұл жағынан алғанда Желтоқсан көтерілісі – ХХ ғасырдағы қазақ халқының тарихындағы қайғылы ғана емес, жарқын құбылыс. Жүректі сыздатып, мұңға батыратын желтоқсанның жеңілісі – жас ұландардың қанға бөгуі, өмірден қыршын кетуі, сол қиын-қыстау сәттен аман қалғанына шүкірлік етіп, өзі қатысқан көтерілісте қыршынынан қиылғандарға жаны жаншылып, іштен тынып, қыстығырылып жүргендердің көңіл-күйін қазіргі күпініп жүрген көп бейбақтар мен бетпақтардың түсінуі қиын-ақ. Үкіметтегілер 40-45 жастағылар көбісі. Ол заңды да. Отызында орда бұзбаған қырқында қамал алмайды дейді. Билік басында ұрпақ алмасып, саясаткерлердің жаңа толқын, жаңа легі келіп жату керек. Желтоқсан көтерілісі болған 1986 жылы туғандар қазір 25 жаста. Сонда қазіргі Желтоқсандықтардың көпшілігі 45 жастағылар. Сол кезеңде ішкі рухани қуаты жанартаудай жарқ еткен жастардан бүгінде билік тармақтарында кімдер бар, дәлірек айтсақ, олар онда неге жоқ деп бір пенде ойлай ма екен?.. Құлдық сананы жеңіп, бостандықтыққа ұмтылып, уақыт кәріне ұшырап, замана запыранын жұтқан жастар басымен қайғы күй кешті де, заманға тез бейімделгіштердің айы оңынан туып, оқуда да, қызметте де, бизнесте де жолы болып жатты. Ал желтоқсандықтардың мұндай өсу туралы ойлау түсіне де кірмеді. Бастарына зобалаң туды. Өмірлерін балта шапты. Желтоқсанның жеңілісі – міне, осы. Елімізде «мықтымын» деп жүргендердің осындай сойқандыққа тосқауыл қоя алмауы. Аға буын ашық күреске дайын болмай, зиялы дейтін қауым өкілдері өз бастарын сауғалады. Онымен қоймай, газеттерге ашық хат жазып, жастарды кінәлап, олардың «әділ» жазаға тартылуын талап еткендер де болғанын кімнен жасыра аласың? Мәселен, студенттердің сол кезде қойған әділ де заңды сұрақтарын арандатушылық деп бағалағандардың, Алаңға шыққан қазақтың намысшыл жастарына қара күйе жағып, мол күнәға батқандар мемлекетті басқару қызметтерінде әлі толып жүр. Ал енді солардың кейбірі сол кездегі өз көзқарастарын, ұстанымдарын жақсы ғып көрсетуге тырысып, екіжүзділікке де баруда. Желтоқсанның күні бүгінге дейін өзінің саяси-құқықтық бағасын ала алмай жүргенінің де бір себебін сол кездің «жағымсыз кейіпкерлерінің» биліктің жоғары деңгейіндегі әртүрлі салаларында жүргендігінен іздеу керектігінде шүбә жоқ. Әлдекімдер уақыт ұтып, ізін жасырмақ ниетте сияқты. Оларды мемлекеттік басқару органдарынан аластату керек. Ұяты барлар өздері-ақ түсініп, моралдық құқым жоқ дейтін еді... Өз кемшілігін, әрине, мықтылар ғана мойындайды ғой. «Біз желтоқсан кезінде жастардың арасында болудың орнына бұғып қалдық» деп газет бетіндегі сұхбаттарының бірінде Олжастың мойындағаны есте. Желтоқсанда халқының намысын көкке көтеріп, тайсалмай сөз сөйлеген Жұбан ақынның «Кешегі күндері өрімдей ұл-қыздарымның танкіге тапталып, итке таланғанын көргенше Ұлы Отан соғысында өліп кеткенім артық еді» дегенін ешбір газет жарияламаса да, халық арасына тарап кетті. Желтоқсан күшпен басылып, енді ұлтты моральдық тұрғыдан езіп-жаншу басталғанда, жекелеген ғана азаматтар қарсылықтарын білдіргенмен, тұтастай алғанда жалпы қоғам қарсы тұра алмады. Мұны саяси қуғын-сүргін жылдары ұлтымыздың балқаймағы – Алаш арыстарын сыдырып алып, жойып жіберуінің салдары десе де болады. Ұлттың рухын бордай үгітіп, жасытып жіберген сол кезеңнің шалығы күні бүгінге дейін жетіп тұрғанға ұқсайды. Оның үстіне кеңестік идеология халықтың, әсіресе оқығандардың немесе «оқу өтіп кеткендердің» санасын «біртұтас кеңес халқы» деген ұғыммен уландырып тастаған еді. «Ұлт», «ұлттық намыс» деген ұғымдар санадан алшақ жатыр еді. Содан болар «қазақ ұлтшылдығы» деген компартияның бағасына қайғырып, «біз ешқашан ұлтшыл болған емеспіз, болмаймыз да» деп жанұшыра дәлелдеуге тырыстық. Ауру қалса да әдет қалмайды ғой. «Ұлтшыл емес» ұлтпыз деп әлі күнге дейін мақтанамыз. Ал, шын мәнінде, ұлтшылдығы жоқ ұлт ұйымайды, қазақтың басы бірікпейтіндігінің бір себебі осы емес пе? Желтоқсан көтерілісінің қайғылы іздеріне сол кездегі үстемдік құрған тоталитарлық мемлекеттің әкімгершілік жүйесі жауапты. Десек те, Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақтың саяси элитасы тарапынан қылмысты тікелей жасамағанмен, қылмысқа пара-пар бейшаралық жасалғанын түптің түбінде тарих ақиқаты болатынын біле тұрып, оны қашанғы мойындамаймыз? Осыны мойындап, кешірім сұрап, халықтың алдында да, Алланың алдында да неге тазармаймыз? Бұдан билік кішірейіп қалмайды. Атасының құнын да кеше білетін қазақ халқы мұны дұрыс қабылдайтыны анық. Шындықтың бетіне тура қарай алмай қашанғы бүгежек, құмығыңқы күй кешеміз? Желтоқсандықтардың алдындағы қоғамдық борышымызды өтеу – парыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы Желтоқсандықтарды ақтау жөніндегі Жарлығы – желтоқсандықтарды халықтың да, қазіргі заманауи тарихымыздың да шын мәнінде ақтауына мол мүмкіндіктер туғызған тарихи жарлық болғаны даусыз. Қазақстан Республикасының Президентi 1996 жылы Желтоқсан қаhарманы Қайрат Рысқұлбековке Қазақстан Қаhарманы атағын бердi. Бұл да Желтоқсан көтерiлiсiне берiлген үлкен саяси баға. 2006 жылы Елбасымыз өзi үлгi көрсетiп Алматыда Желтоқсан қаhармандарына арналған ескерткiш ашып, Желтоқсан көтерiлiсiне тағы да өзiнiң бағасын берді. Бір сөзбен айтқанда, желтоқсандықтардың ерлігін келер ұрпақтың ұғынып-түйсінуіне кепіл болатындай тарих бетіне мәңгіге ұлағатталған мәртебесін анықтауды созбаудың барлық алғышарттары жасалған. Дегенмен, Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 12 желтоқсандағы Желтоқсан оқиғасына (көтерiлiсiне) қатысқандарды ақтау туралы Жарлығын бiздiң шенеунiктер толық орындаған жоқ. Соның орындалуын қамтамасыз етуiмiз керек. Алматы қаласында ашылған ескерткіштен кейін одан үлгі алып, Желтоқсан көтерілісі шарпыған басқа да қалаларда, облыстарда осындай ескерткіштер тұрғызудың жалғаспағаны өкінішті-ақ. Желтоқсан көтерілісіне ширек ғасыр болып отырғанда желтоқсандықтардың әркездерде алған көмегін айту бүгінгі таңда өте ұсақ тақырып. Мәселе желтоқсанға саяси-құқықтық баға беріліп, оған қатысушыларды – Ел Тәуелсіздігіне еңбек сіңірген қайраткер санатына жеткізуде жатыр. Шынында да, көтеріліске саяси-құқықтық баға берілген жоқ. Бұл мәселе желтоқсанның 10, 20 жылдығының тұсында да аз айтылған жоқ. Үкімет сонда да үнсіз қалған. Мәжіліс депутаттары да Үкіметтен сұраған. Осы жерде Желтоқсанның саяси-құқықтық мәртебесін қарап, ұсыныс енгізуге Парламенттің қолын кім байлады деген заңды сұрақ және туындайды. Желтоқсанның рухы – бүгінгі азаматтардың да тірегі. Ендеше, Желтоқсанның шындығын ешқандай бүкпесіз, бүге-шігесіне дейін ашу, оған саяси әділ баға беру – ол әруақтарға құрмет, қазақтың ар-намысының шаруасы, елдігімізге, елге құрмет. Осыған көп болып жұмылуымыз керек. Әйтпесе, жаңа ғана ақтаңдақтардан арылып, түгенделіп келе жатқан Қазақстанның жаңа тарихын қайтадан ақтаңдақтарға толтырып, Тарих Абызымызды қайтадан шерменде күйге түсіріп алмасымызға, кім кепіл?..
Сәбит БАЙДАЛЫ, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекелік медалінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, журналист