Аралас мектеп ана тілімізге кедергі келтіреді
2022 ж. 15 наурыз
5185
0
Заң жүзінде мемлекеттік мәртебесі болғанымен ана тіліміздің бүгінгі мүшкіл жағдайы ата-бабадан мирас болып қалған атамекенінде тіршілік етіп жатқан, жүрегі ұлтым деп соққан әрбір қазақты айырықша алаңдатып отырғаны жасырын емес. Өз отанында, өз туған жерінде ана тілін кең қолданысқа енгізе алмау бір қарағанда санаға сиымсыз, адам сенгісіз құбылыс. Бірақ біз бастан кешіп отырған шындық осы...
Тіл мәселесі елімізде сонау Тәуелсіздікті таңы енді қылаң бере бастаған кезеңнен бері ұдайы айтылып келеді. Тіпті қылышынан қан тамған, сыңаржақ саясаты түптеп келгенде бір ғана орыс ұлтына қызмет еткен қызыл коммунистік қоғамның өзінде Алаштың арыстары өз бастарын қатерге тігіп, ұлт мәселесін, оның ішінде қазақ тілінің сақталуы мен дамуы керектігін ашық айтқаны тарихтан белгілі. Егеменді ел атанған соң да қазақтың белгілі ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов ағамыз бастаған ұлт зиялылары тіл мәселесін тұрақты түрде көтерді. Мемлекеттік тіл ретінде тек қана қазақ тіліне артықшылық берудің орнына оған орыс тілін қосарлап, қазақ қоғамына қатысы шамалы көрші елдің тіліне де заңдық тұрғыдан еркіндік беріп қойдық. Мәскеуге жалтақтап қалған билік басындағылардың тізеге басып қабылдатқан ережесі, орыс тілін қолдауы – ақыры өз ана тілімізді әкеліп тұйыққа тіреді. Оған өткен отыз жылымыз куә. Отыз жылда қазақ тілі үшін жанайқай толастаған емес. Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау еліміздегі ең басты мәселеге айналды деуге болады. Өйткені тілін жоғалтса ұлт та жоғалады.
Еліміздегі көптеген басылымдарды айтпағанда, «Қазақ үні» ұлттық порталының өзінде осы жылдар ҚР Конституциясындағы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастау туралы сансыз мақала жарияланды. 2017 жылы 26 ақпанда жарияланған «Мемлекеттік тілдің тәуелсіздігі Ата заңда айқын көрінсін!» атты Қазақстан Президентіне жолданған Ашық хатқа Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет бастаған 125 ұлт зиялылары қол қойып, ұлттық мүдделерін білдірді. Ата заңдағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен бұл Ашық хатты жүздеген мың адам әлеуметтік желіде қызу қолдап, саны жағынан бұрын болып көрмеген деңгейге жетті. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес-ті. Бұлар бір ғана интернетке қолы жеткендердің саны, ал оның сыртында әлеуметтік желіні пайдаланбайтын қаншама миллион азаматтар да бар екені белгілі. Бұның қатарында тек қана қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де болды.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында тіл мәселесін жылдар бойы айтып келе жатқан қоғам қайраткері, белгілі ақын, ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Атазаңдағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, «Мемлекеттік тіл туралы заң» қабылдау керектігін кезекті рет көтеруі де қоғамда үлкен қолдау тапты. Қазақ қоғамы қайта-қайта талап қоюына байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсынысты қолға алып, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жібердік дегенмен осы күнге дейін нақты нәтиже жоқ, «баяғы жартас - сол жартас» күйінде қалып отыр. Ол аздай кейбір лауазымдылар «Бұл бүкіл халықтың тілегі емес, жекелеген топтың ғана талабы» деген пікірлерін ашық айтуда. Сонысымен орыс тілінен өлсе де ажырағысы келмейтіндіктерін көрсетуде. Ал шын мәнінде осі тілге қатысты референдум өткізсе халықтың басым бөлігі қолдап шығар еді. Бұрынғы президентіміздің кезінде шешімін таппаған соң Тіл туралы заң қабылдау қажеттігін айтып, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына да хат жолданды. Өйткені Мемлекеттік Тіл туралы заң жобасы Үкіметтен шықпай немесе Президент Әкімшілігінен әрі аспай, мемлекет басшысына жетпей қала ма деген күдік те жоқ емес еді. Елдің ендігі үміті мемлекет басшылығына келісімен ұлттық мүдделерімізді қорғауға баса назар аударған, «Ең бастысы – Қазақ тілі», «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп мәлімдеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта. Бұл мәселеге қатысты «Жаңа Қазақстан» құруды қолға алған бүгінгі Президентімізге сенім артады халық.
Қазақта «Түйе сұрасаң ұялғанынан бие береді» дегенге саятын ежелден қалыптасқан ұғым бар. Мемлекеттік Тіл туралы заңның жуық арада қабылданбасына көзі жеткен, Үкіметтен түйе сұрап, бие де ала алмаған ұлтжанды тіл жанашырлары енді тілге қатысты тағы бір мәселені қолға алды. Ол ана тілімізге қосымша кедергі болып келе жатқан – аралас мектеп мәселесі. Бұл жолы атақты ақын-жазушылар, көрнекті ғалымдар емес, көпке танымал кәсіпкер, өзінің қайырымдылық істерімен, ұлтжандылығымен белгілі болған Бекзәкір Құралбай бастама көтерді. Оның айтуынша елімізде аралас мектептер қаптап кеткен, осыдан арылмай ұлттық негіздегі Жаңа Қазақстан құру мүмкін емес. Бұл бастама да қызу қолдау тапты. Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде осыған орай «Алматы дүбәралардың ордасына айналды» атты көлемді мақала жарияланып, бірден қалың оқырмандардың қызу талқысына түсті. Көрнекті жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков аралас мектеп болмысымызға қарсы екенін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубаев келер ұрпақ қор болмас үшін аралас мектептер жабылу керектігі жөнінде өздерінің негізделген тиянақты пікірлерін ашық білдірді. Одан кейін де ана тілімізге араша түскен пікірлер тасқыны толастаған жоқ. Келер ұрпақ дүбәра болмас үшін аралас мектептер түбегейлі жабылып, оның орнын ұлттық мектептер басуы керектігі айтқан белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы «Әр қазақтың азаматы бала жасынан мемлекеттік тілдің уызына қануы тиіс. Ал аралас мектепте қазақ тілі оқытылғанмен, орыс тілі «үстемдік етеді», балалар сабақтан шыға сала орысша ойнайды, орысша ойлайды. «Аралас мектеп» эксперименті қазақ тілі үшін онсыз да түк бітірген жоқ. Сол үшін оны үзілді-кесілді тоқтату керек!» - деп жазды. Жазушы Нұрдәулет Ақыш «Аралас мектеп – ұлттық оқытуға, яғни, қазақ тіліндегі оқу үрдісіне кедергі келтіретін дүние. Менің байқағаным, аралас мектеп кесірінен, тіпті орыс сыныптары аз, қазақ сыныптары көп болып тұрса да, тілді былай қойғанда, балалар орыстілді ортаның психологиясын сіңіріп, рухани ұстамдарын қабылдап алады екен. Аралас мектептердің көбеюі – қауіпті, оған тиым салынғаны абзал» - деп жазды «Қазақ әдебиеті» газетінде. Біз іргелі басылымда білдірілген пікірлердің біразын ғана келтіріп отырмыз, олардың саны өте көп.
Осы тұста мына бір жағдайды айта кетпеске болмайды. Осы аралас мектептердің ашылуы сонау кеңестік кезеңде басталғаны белгілі. Өзіміз көзіміз көрген өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта тұсында «балаларымыз орысша оқымаса нанын тауып жей алмайды» деген жаңсақ ұғым пайда болған-ды. Оны да түсінуге болатын, елуінші жылдар ортасында тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Ресей мен өзге республикалардан әкеліп үйіп төккен орыстілділер жергілікті тұрғындарға қарағанда басым көпшілікке ие болып кетті. Әсіресе мұндай жағдай солтүстік, батыс және шығыс өңірлерде жаппай орын алды. Іс қағаздары да орысша жүргізіле бастады. Бұл әрине Мәскеудің жүргізген сұм саясаты болатын. Сөйтіп сырт көзге көріне бермейтін, Қазақстанды орыстандырудың жымысқы науқаны жүргізілді. Дегенмен бір байқағанымыз, сол кезде аралас мектепте орыс сыныптарына барған іні-қарындастарымыз сабақты орысша оқығанмен шыға салысымен қазақша сөйлейтін. Өйткені отбасында әке-шешесі мен өзгелер де тек қазақша сөйлейтін. Ал бүгінгі күні қазақ сыныбында оқыса да орысша сөйлегенді өзіне ыңғайлы көретін ұрпақ пайда болды. Оған алдында айтқан аралас мектептердің қосар «үлесі» мол екені анық және тіліміздің дамуына, ұлтымыздың болашағына қауіп төндіреді.
Расында, аралас мектеп түгіл таза қазақ тілді мектепте оқитын балалардың өзі бүгінгі күні орыс тілдіге айналып бара жатқанын аңғару қиын емес. Оған бірінші кезекте үйдегі ата-аналарының бала тәрбиесіне жете мән бермеуі де себеп болып отырғанын айтқанымыз орынды. Отбасын асыраймын деп күні-түні жұмыс қамымен жүрген әке-шеше ұрпағының болашағын тереңірек ойламайды. Олар баланы қымбат киіммен, тамақпен қамтамасыз етсе болғаны деп есептейді. Оған қоса өздері де орысша сөйлейді.
Екіншіден, біздегі толып жатқан телеарналардың әсері де өте зор. Қазақстандық телеарна бағдарламаларының жартысы орысша. Онда көрсетілетін кинолардың көбісі түрлі шетелдік, әсіресе ресей фильмдері басымшылыққа ие. Бұл киноларда біздің ұлттық тәрбиеге сай келмейтін анайы көріністер ашық көрсетіледі. Қазақша хабарларға назар аударсаңыз кейбір атауларына дейін орысша, ол аз болса оған ағылшынша қосылды. Біздің оймызша ұлттық ұстаным жөнінен біздегі тек қана таза қазақ тілімізде хабар тарататын Шалқар радиосы ғана мақтана алады.
Үшіншіден, мына техника шұғыл дамыған заманда телефон-смартфонның да қазақ тілі үшін қаупі мол. Бүгінгі күні кез келген үйден тілі шықпаған баланың қолынан смортфон көретін болдық. Ал оның бәрі орыс тілді. Оны бермеске ата-аналарының амалы қалмағандай. Смортфонды бермесе кіп-кішкентай бала үп-үлкен шатақ шығарып, айқайлап жылап, тіпті сазарып-бозарып талып қалатын кездері де болатынын көзіміз көріп жүр. Ондай ұрпақтың тілі орысша шығатыны белгілі. Бұл да ойланатын мәселе.
Қазақ тіліне келетін басқа да қауіп-қатер толып жатыр, оның бәрін тізіп шығу да мүмкін емес. Дегенмен, бүгін біз әңгіме етіп отырған «аралас мектеп» мәселесі өте маңызды. Алдында айтқанымыздай Үкімет түйе түгіл бие бермесе де, «енді қой сұрап қозы алсақ та жаман болмас» деген үмітпен ана тілімізге араша түсу, оның «аралас мектеп» сияқты бір қатерін болсын кейін қайтарсақ деген ұлт жанашырларының жанайқайы түсінікті және қолдауға тұрарлық. Отыз жылдағы тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, тіл мәселесін бір күнде немесе бір жылда түпкілікті шешу біздер үшін қиын екенін түсіндік. Сондықтан тілімізге төнген бір қатердің салдарын жоюдың өзі үлкен жеңіс болар еді.
Жақында Жазушылар үйінің кітапханасында «аралас мектеп» мәселесіне байланысты отырыс болды. Оған осыған мұрындық болып жүрген кәсіпкер, меценат Бекзәкір Құралбай, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай, «Өнер» баспасының директоры, жазушы, публицист Әшірбек Көпішев, белгілі ақын Болат Шарахымбай және БАҚ өкілдері қатысты. Отырысты «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы, ақын Тоқтарәлі Таңжарық жүргізіп отырды. Отырысқа қатысушылар тілімізге қауіп төндіретін аралас мектептерді жауып, таза ұлттық мектептерін ашу жолдарын қарастырып, әркім өз ойларын ортаға салды. Ол үшін осы мақсатта алғашқы кезеңде тұрақты жұмыс істейтін белсенді топ, яғни, шағын қоғамдық ұйым құрудан бастауды жөн санады. Ұйымға қоғамдағы ана тіліне жанашыр, мүдделі азаматтарды тартып, сол арқылы білім саласы мемелеріндегі мамандармен байланысып, мәселені шешетін мүмкіндіктерді жан-жақты зерделеп, одан кейін халық атынан Үкіметке ұсыныспен шығу жоспарланды. Әрине, ұйым құру оңай жұмыс емес, әркімнің бас көтертпейтін өз шаруасы бар. Теңіз тамшыдан құралады демекші, ынталы топ жемісті жұмыс істесе оны қолдаушылар да табылады. Өйткені бұл ұлтымыздың тіліне, тіпті тағдырына қатысты маңызды мәселе. Ал тілімізді қорғау, дамыту мақсатындағы жұмыстың үлкен, кішісі болмайды. Жаңадан құрылған ынталы топтың тіл майданында жеңістерге жете беруіне тілектеспіз және оған қолдау көрсетуге бәріміз де міндеттіміз.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz