Қайрат Нұртас: Мақсатым біреу – отандық өнімді қолдау (фото)
2016 ж. 25 мамыр
3174
0
Қазақ эстрадасындағы жарық жұлдыздардың бірі Қайрат Нұртас NUR.KZ порталына арнайы сұхбат берді.
Қазақстандық жұлдыз Қайрат Нұртас әкесі Нұртас Айдарбековпен бірге Шымкенттегі «Назар-Текстиль» тоқыма кілем фабрикасында болып, ондағы өнімдердің шығарылу барысымен танысты. Отандық кілемдерді дайындау барысын өз көзімен көрген әнші қатты таң қалғанын айтып, қуанышын жасыра алмады.
Айтуынша, мұндай өндіріс орны ел экономикасының дамуына, сонымен қатар өзге азаматтардың отандық өнім шығаруға деген қызығушылығын оятуға септігін тигізеді.
Фабрика қызметкерлері өнер иесінің құрметіне арнап гүл шоқтары мен әншінің бейнесі бейнеленген кілем сыйға тартты. Мұнан соң өнер жұлдызының репертуарындағы «Ауырмайды жүрек» әнін орындап берді. Талантына тәнті болғандардың құрметіне алғыс айтқан әнші фабрика жұмысшыларымен бірге өзі де ән шырқады.
Ал бұған дейін Нұртас жүз мың теңгеге кілем фабрикасының қос кілемін сатып алып үлгеріпті. Өндіріс орнының атқарушы директоры Якуб Думан тек Қайратқа ғана емес, он шақты өнер иесіне хабарласып, қолдау көрсетуіне өтінген екен. Алайда қолдағаны тек Қайрат Нұртас қана.
Осы ретте әншіден шағын сұхбат алып үлгердік.
- Қайрат, фабрикаға келудегі мақсатыңды айта кетші...
- Мақсатым біреу – отандық өнімді қолдау. Фабрика басшылығы менің директорыма хабарласып, осындай бастама көтеріп жатқанын және менің қолдауым туралы ұсыныс айтыпты. Қарсылық таныта алмадым. Себебі мен өз өнімімізді тұрақты түрде тұтынамын және өз азаматтарымыздың осындай жұмыстарына қуана қараймын әрі қолдаймын. Мұндай жұмыс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сол себептен де қазақстандықтар отандық өнімді әрқашан қолдауы қажет.
- Өндіріс орнының жұмысымен таныстың. Не түйдің? Алған әсерің қандай?
- Шынымды айтайын ба, қатты таң қалдым. Қуандым. Қазақ азаматтарының осындай жобаға инвестиция құйып, оны әрмен қарай жүргізіп отыруы мен үшін үлкен қуаныш.
- Ал өзің отандық өнімінң қай түрін тұтынасың?
- Өздеріңіз білесіздер, менің киім цехым бар. Ондағы қызметкерлер балабақшалар мен әншілерге арнап киім тігеді. Өзім де сол цех өнімдерін тұрақты түрде тұтынамын. Алдағы уақытта қаламсап пен дәптер және ойыншықтар шығаруды жоспарлап отырмын. Мұндай шешім қабылдауымның да өзіндік себебі бар. Қытайдан келіп жатқан өнімдердің біздің денсаулығымызға тигізетін кері әсерін білесіздер. Киімдердің ішіне тас салып қояды. Тіпті анау бояп қойып, сатылатын алманы да өз көзіммен көрдім. Сондықтан да отандық өнімнің дамуына өз үлесімді қоссам деймін. Одан өзге үйімнің ауласында жылыжай еккенбіз. Қызанақ пен қиярды сол жақтан жеп отырған жайымыз бар.
- Қымбат көліктерге мініп үйренген әнші Қайрат отандық көлікке қашан отырады?
- «Киа» маркалы автокөлікті сатып алғанмын. Әзірге өзім рөліне отырып үлгермедім. Інілерім мен ағаларым айдап жүр.
- Өнердегі әріптестерің сені ең бай өнер иесі деп айтып жүр. Келісесің бе?
- Айта берсін деген бар емес пе? Айтса, айтсын (күліп).
- Ресейлік әнші Нюшамен бірге дуэт орындағаныңды білеміз. Жақында шымкенттік тойға келіп кеттіңдер де. Шыныңды айтшы, ресейлік жұлдызбен бірге ән шырқау қазақстандық жұлдыз Қайраттың қаламақысының артуына септігін тигізді ме?
- Жоқ, сол баяғы гонорарымды алып жүрмін.
- Ал кілем фабрикасына келу үшін қанша гонорар алдың?
- Ешқандай да қаламақы алған жоқпын. Шақырды, келуге мүмкіндігім болды. Келдім. Тағы айтып өтейін, отандық өніміміздің шарықтап дамуына тілекшілердің бірімін мен.
Дерек көзі: NUR.KZ (Фотолар Нұр.кз порталына тиесілі)