Жұлдызды жұп құрбандыққа шалған малдың суретін ғаламторға жариялады
2014 ж. 07 қазан
3751
12
Қасиетті Құрбан айт мерекесі басталысымен әлеуметтік желілер тыным тапқан жоқ. Құрбандыққа шалған малының қасында суретке түсіп, "міне қараңдар, мен де құрбандық шалып жатырмын" дегендей мақтаныш сезімге толы фотокадрлар Фэйсбук, Твиттер сынды желілерде қаптап кетті. Бұл дұрыс па?
Әрине, әрбір мұсылман баласы шамасы жеткенше құрбандық шалуы керек деп жазады Baq.kz.
Алайда, оны көпшілікке жар салып мақтану мұсылмандыққа жат пиғыл.
Тіпті, дін рұқсат берген күннің өзінде өліп жатқан малдың қасында суретке түсіп, оны көпшіліктің назарына ұсыну – адамдардың этикадан жұрдай екенін көрсетеді.
Соңғы бірер күннен бері әлеуметтік желілердегі қазақтілді пайдаланушылар осынау тақырыпты қызу талқылап жатыр. Бір тарап "өзгелерге үлгі болу үшін" суреттерді жүктеген дұрыс деген ұстанымды жақтаса, екінші тарап мұны ерсі санайды.
Мәселен, Шымкент қаласынан шығатын "Оңтүстік-Рабат" газеті бас редакторының орынбасары Дәурен Әбдіраманов "Құрбан шалған мұсылман мен бас кескен ИГИЛ-діктің арасы екі-ақ елі" деген тақырыппен Фэйсбук желісіне жазбасын орналастырды.
"Қанжоса болған қойлардың қасында тұрғандардың суретін қарап отырып, АҚШ пен Ұлыбритания, Францияның журналистерін бауыздап алып, қасында "керемет" болып тұрған ИГИЛ-дік баскесерлер көз алдыма келді. Бас кесіп жатып та суретке түсе беретін болдық. ИГИЛ-дік баскесер мен мұсылмандық салтты орындап тұрғандардың арасын небәрі қара бетперде мен ниет қана бөліп тұрған сияқты көрінеді..." дейді Дәурен Әбдіраманов.
Ал, бұл "құбылысты" қолдайтындардың көпшілігі "...суреттi насихат ретiнде қабылдау керек! Осыны көрiп келесi жылы басқалары да ниеттенсiн..." деген пікірлерін айтып отыр.
Айта кету керек, Құрбан айтта "мал сойдым" деп мақтанғандар қатарында елімізге танымал тұлғалар жетерлік. Көпшілігі – эстрада жұлдыздары. Әсіресе, әлеуметтік желіде Қыдырәлі мен Қарақаттың суреті көп талқыға түсуде.
Сондай-ақ, танымал әнші Ерлан Көкеев те қатардан қалмай, қасиетті мереке күні қой сойып, оның суретін әлеуметтік желіге іліпті. Әлеуметтік желілердегі бұл құбылысқа байланысты белгілі саясаттанушы Айдос Сарым былай деп пікірін айтты.
Байлығыңмен, дәулетіңмен мақтану да жақсы дүние емес. Сенің жолың болса да, басқа мыңдаған адамның жолы болмаған шығар.
"Құранда да, хадисте де, дәстүрде де жұрттың барлығы құрбан шалсын деген ұйғарым жоқ. Қолыңнан келсе, дәулетің артып жатса ғана құрбан шалу керек. Және де құрбан шалу адамның пәктігін, иманын паш ететін, даурығуды, дабыралатуды қаламайтын дүние деп санаймын. Құдайға айғайлап сенуге, жалбарынуға болмайды. Байлығыңмен, дәулетіңмен мақтану да жақсы дүние емес. Сенің жолың болса да, басқа мыңдаған адамның жолы болмаған шығар. Ішкен-жегеніңді суретке түсіріп, оны интернетке салмас бұрын осыны ойлаған абзал. Жұртқа қол ұшын бердің бе, сауапты іс жасадың ба, оны ұмыт. Оны өзің білесің, Жаратушы біледі. Басқаға оны біле берудің қажеті шамалы", - дейді саясаттанушы.
Источник: NUR.KZ