Б. САПАРБАЕВ МЫҚТЫ МА, М. БЕСПАЕВ МЫҚТЫ МА?!.
2014 ж. 12 қыркүйек
6128
0
Футбол ойнау, саясат соғу емес. Жұмыстан жалыққанда шенеуніктердің де кейде халықты қызыққа қарық қылғысы келіп, аяқ асты бірдеңе ойлап табатын әдеті бар.
Өскеменнің әкімдігі қала күні қарсаңында осындай дода ұйымдастырып, эстрада әншілерімен жасыл алаңда кездесу өткізді деп хабарлайды "КТК"арнасы. Қара терге малынып,жасыл алаңда доп қуалап жүргендердің бәрі елге белгілі азаматтар.
Осындай кезде олар бір-бірімен жақын танысып, арқа-жарқа болып қалады. Дәстүрге айналған шараға арнайы шақырту алған эстрада әншілерінің барлығы да оған ойланбастан келісіпті.
"Мистерионс" тобының мүшесі қатты соққыдан жарақаттанып та қалды. Жедел жәрдем қызметкерлері оған көмек көрсетіп, алаңнан алып шықты. Нағыз үлкен футболдағыдай, мұнда да жарақатсыз болмады.
"Шенеуніктер енді... (күледі) керемет ойнайды екен. Біз енді көріп тұрмыз ғой кімнің кім екенін. Бірақ та, оңай шағылатын жаңғақ емес екені көрініп тұр", - дейі әнші Мейрамбек Бесбаев.
Шенеуніктерден құрылған команда да осал емес. Облыс әкімі бастап, бас прокурор, сот төрағасы мен кеден бастығы сияқты өңшең ығайлар мен сығайлардан құралған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, кездесу мақсаты спортты ары қарай дамыту, спорттың адамға қандай пайдасы бар екенін ары қарай көрсету.
Әншілер мен атқамінерлер арасындағы достық кездесу әдеттегідей 1:1 есебімен тең аяқталды. Ойын соңына қарай, олар жиналған жұрттың да көңілін көтеріп, арнайы ән шашу сыйлады.