Тоқтар Әубәкіров немересіне өз есімін берді!..
2014 ж. 08 қыркүйек
5386
2
Тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров немерелі болды. Нәрестеге атасының есімі берілді.
Бұл туралы Bnews.kz хабарлайды. Тоқтар Әубәкіров немерелі болды. Нәрестеге атасы сияқты ғарышкер болсын деген ырыммен Тоқтар деген есім берілген.
Толық есімі Тоқтар Тимурұлы Әубәкіров.
Тұңғыш ұлдан сүйген нәресте әлі қырқынан шықпапты. Бұған дейін қазақтың ғарышкер батыры екі ұлынан үш қыз немере сүйген екен.
Бұл туралы Қарақаралы қаласының 190 жылдық мерейтойда белгілі болды. Сондай-ақ ғарышқа самғаған батыр ұл Тоқтар Әубәкіров Қарқаралыдан қанаттанып, қасиетті жердің топырағынан нәр алып, ел игілігі үшін еңбек еткен, алайда тарихтың тасасында қалып бара жатқан есімдерді атады.
Туған жерінің мерейтойы үшін арнайы келген тұңғыш ғарышкер жерлестерін дүбірлі тоймен құттықтады.
"Қарқаралыда мықты перзенттер туған. Алашорда үкіметінің басшылары осында дүниеге келген... Бүгін Қарқаралының туған күнін бар Қазақстан тойлауда", - деп марқайды батыр.
Орайы келгенде Тоқтар Әубәкіров тарих тасасында қалып бара жатқан тұлғалардың есімін қайта түлетіп, тойға жиылған қауымның есіне салды.
"Біз ұмытып кеттік, Сабыр Рахымов та осында туған. Қарағанды облысындағы жалғыз механизатор қызымыз Нұрбақыт Қабдыкәрімова "Еңбек ері" атағын осы жерде алды. Мен сіздермен мақтанамын. Қай жерде жүрсем де аузымнан тастамаймын", - деді батыр жерлестері алдында сөйлеген құттықтау сөзінде.
Естеріңізге сала кетейік, Тоқтар Әубәкіров атаған Қарқаралы ауданының тұрғыны Нұрбақыт Қабдікәрімова 1982 жылы "Социалистік Еңбек ері" атағына ие болған механизатор. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан гвардия генерал-майоры Сабыр Рахимовқа 1965 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.