Қайрат Нұртасты "сатып алғысы" келетін қыз!
2014 ж. 17 маусым
3492
2
Қазақстандық танымал әнші Қайрат Нұртасты тойына шақыру үшін 20 жасар бойжеткен жұлдыздың қаламақысына ақша жинауды ұйғарыпты.
"Мен Қайрат Нұртасқа ғашықпын, дәлірек айтқанда оның өнеріне ғашықпын. Өзі сондай сүйкімді, тартымды, мен оның барлық әнін жатқа бәлемін. Әрине, Қайрат атақты әнші болған соң оған мен секілді ғашық қыздар көп-ақ. Менде солардың бірімін. Естуімше Қайраттың сүйген жары, балалары бар екен. Мен өзімнің сүйікті әншіме шын жүрегіммен бақыт тілеймін", - дейді жас студент.
"Менің бір ғана арманым бар. Қайрат Нұртас менің үйлену тойымда ән шырқағанын қалаймын. Мен қазір сабақтан бос уақытымда Алматыдағы "Кәусар" мейрамханасында даяшы болып қызмет етіп жүрмін. Қайрат менің тойымда ән салу үшін осы бастан ақша жинап жатырмын", - дейді "Алаш айнасына" хат жолдаған 20 жастағы Аяжан Қалауова.
Алматы қаласындағы "Тұран" колледжінде оқитын Аяжан секілді жүздеген қыз өздерінің ұзатылу, үйлену тойларында Қайрат Нұртастың ән салғанын қалайды.
Сондай-ақ дәл Қайрат секілді қазақтың тойларында "Жігіттер" тобы, Бүркіт, Айқын, Заттыбек, Асан Пердеш секілді әншілер үлкен сұранысқа ие.
Дәл қазір нағыз тойлардың мезгілі. Қала, ауылдардағы мейрамханалар алдағы 3-4 айдағы демалыс күндеріне тапсырыс алып қойған. Осындайда тойдың көрігін қыздыратын шоу-бизнес өкілдерінің дәурені жүріп тұр.
Концерттен түскен табыс 20 пайыз...
Сарапшылардың пікірінше біздің әртістер концерт өткізгенде зал толы көрермен жинауы өте сирек құбылыс. Концерт залдарына көрермендердің толуы шамамен 30-50 пайызды құрайды. Сондықтан концерттерден аса пайда түспейді. Альбомдар мен ән жинақтарының сатылымынан да әншілерге айтарлықтай тиын түспейтін көрінеді. Әртістер өздерінің әнжинақтарын негізінен имидж үшін шығарады.
Сонымен орта есеппен шоу-бизнестегі табыстың 80 пайызы үйлену тойлары, туған күн, мерей тойлар және басқа да мерекелерден түседі. Алматыда қатардағы үйлену тойларының өзіне әртістерді шақыруға орта есеппен 10 мың доллар жұмсалады екен.
Тойдан түскен табыс 80 пайыз...
Той-бизнестің 90 пайызын қазақтілді эстрада құрайды. Қазақтілді әншілердің шығармашылығы тойшы қауымға жақсы таныс болып келеді. Сондықтан қазақтілді әншілердің тойдағы табыстары орыстілді әншілерден қарағанда біршама жоғары.
Айталық қазақ эстрадасы өкілінің бір тойдағы табысы 4-6 мың долларды құраса, орыстілді әншінікі 3-5 мыңды құрайды. Ал корпоративті кештерде керісінше, орыстілді шоу-бизнес өкілдері сұранысқа ие болады. Егер салыстыратын болсақ, сарапшылар келтірген деректерге сай, корпоративті кештерде орыстілді әншілердің табысы 60 пайызды, қазақтілді әншілердің табыс 40 пайызды құрайды.
Әртістердің табысының көбі той-бизнестен түсетін болғандықтан орыстілді әншілер, музыканттар қазақша ән жаздырып, бейнебаян түсіріп, көбірек "нан" табуға талыпынып жүрген көрінеді. Сондай-ақ жас әншілер өздерінің танымалдығын арттыру үшін ТВ, радиоға әндерін ротациялау үшін біраз қаржы шығындайды. Шамамен әндерді ротациялауға айына 20-30 мың доллар қаржы жұмсалады.
Қазақстанда әлемдік стандартқа сай сапалы бейнебаян түсіру орта есеппен 20 мың доллар тұрады.
Сонымен тойда қалтасы томпаю үшін әртістер алдымен мықты продюсер іздейді, сазгерлерден кемінде 3-5 мың долларға ән сатып алады, одан кейін бейнебаян түсіреді. Әбден танымал болғанда олар тойға шақырыла бастайды.
Ал әлі үлкен сахнадан көріне қоймаған, көпшілікке аса танымал емес әншілердің тойдағы қаламақылары 300-500 доллардан басталады.
Бүгінде еліміздегі тойларға отандық әртістерден бөлек шетелдік жұлдыздар да жиі шақырылады. Eurostar концерт агенттігінің директоры Алексей Пучковтың айтуынша, оның компаниясы шетелдік және ресейлік әртістердің қатысуымен елімізде жылына 60 концерт ұйымдастырады екен.
Алексей Пучковтың шақыртуымен Қазақстанға Николь Шерзингер, Сиара, Kanye West секілді әлемдік жұлдыздар келген.
Мұндай атақтылардың қаламақысы өткізілетін мерекелік шараның бюджетіне сәйкес шамамен 150 мың доллардан 5 миллион долларға дейін жетеді. Ресейлік әртістердің қаламақысы 100 мың долларды құрайды екен.
Тілшілер Қайрат Нұртасқа хабарласып, оның бір тойдағы қаламақысы туралы сұрағанда, ол Алматыдағы тойға кемінде 5000 мың доларға баратынын айтты. Сонымен Аяжанға Қайратты тойына шақыру үшін әлі біраз жұмыс істеу керек болады.
nur.kz