Жер заңының хронологиясы: Жер кодексіне шетелдіктерге жер беру мәселелерінің қатысы жоқ - Асылжан Мамытбеков
2016 ж. 05 мамыр
3576
12
АШМ Асылжан Мамытбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында "Жер заңының хронологиясын" жариялады.
Соңғы уақытта қоғамда жерді шетелдіктерге беру мәселесі қызу талқылануда.
Қоғамдағы талқылаулар жаңа заң шетел азаматтарына жер сатуға рұқсат береді деген бірлі-жарым ҚАУЕСЕТТЕН кейін басталды. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және шет мемлекеттердің заңды тұлғаларына сату Жер кодексіне ғана емес, ҚР Конституциясына да қайшы келетіні туралы ресми түрде мәлімделгеннен кейін жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесі көтерілді.
Халықтың осы мәселе бойынша жеткілікті хабардар болмауы әртүрлі, көбіне, теріс мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін екенін ескере отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беру бөлігінде жер қатынастарының тарихына аздаған экскурс жасағым келеді. Өйткені, бұл көпшіліктің көкейінде журген мәселе.
Егер, осы мәселенің хронологиясына үңілер болсақ, 90 жылдардың орта шенінде сол кезде қолданыста болған «Жер туралы» Заң (1995 жылы қабылданған) жерді тұрақты және уақытша пайдалануға мүмкіндік берген болатын. Бұл ретте, уақытша жер пайдалану біздің азаматтарымыз бен заңды тұлғаларға және шетелдіктерге 99 жылға дейінгі мерзімге берілетін. Ол кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке алу құқығы берілмейтін. Байқасаңыздар, сол уақыттан бері 20 ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТ ӨТТІ.
2001 жылы жаңа «Жер туралы» Заң шетелдіктерге жерді жалға беру мүмкіндігін 10 жылға дейін қысқартты.
2003 жылы жаңа «Жер туралы» кодекс қабылданған кезде қазақстандық азаматтар мен заңды тұлғалар алғаш рет ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатып алу құқығына ие болды. Бұл ретте де, бейрезиденттер үшін жалға беру мерзімі 10 жылдан аспайтын еді.
2011 жылы жер заңнамасына өзгерістер енгізіліп, сол сәтке дейін шетелдік резиденттерге қазақстандық заңды тұлғалардағы үлесті сатып алу арқылы ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке алуға мүмкіндік беретін олқылық жойылды. Жаңа өзгерістерде жарғылық капиталында шетелдік резиденттердің үлесі 50%-дан асатын заңды тұлғалардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке ала алмайтыны айтылды.
2014 жылы шетелдіктер мен шетелдік азаматтардың үлесі 50%-дан асатын заңды тұлғалар үшін жалға алу мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды.
Жер кодексіне 2015 жылғы қарашада енгізілген түзетулердің шетелдіктерге жер беру мәселелеріне МҮЛДЕМ ЖӘНЕ ЕШҚАНДАЙ ДА қатысы жоқ.
Тек қазір ғана, арада жиырма бір жыл өткеннен кейін шетелдік резиденттерге ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын беретін осы нормалар және оған қатысты мәселелер ушықтандырылуда.
Бұл ретте, азаматтарымыздың осы маңызды мәселеге қатысты алаңдаушылығына құрметпен қарап, түсіністік білдіретінімді атап өткім келеді және жер заңнамасы туралы ақпаратты халық назарына барынша тез және толық жеткізу қажет деп есептеймін.
Жер мәселесі қоғамымыз үшін өте сезiмтал мәселе. Мұнда тіршілік ету құқығы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғалып, ата-бабаларымыздан аманат болып қалған қасиетті жерімізді біз бабаларымыздан қалған сый мен игілік, балаларымызға қалар мұра ретінде қарастырамыз.
Бұл мәселе қай қырынан алса да аса өткір. Мұның үстіне, ол қазіргі уақытта Қытайға қарсы жағымсыз көзқарасқа, сондай-ақ экономикадағы жалпы проблемаларға (негізінен, әлемде орын алған дағдарыс құбылыстарының жаңғырығы болып табылады) байланысты күрделене түсуде.
Бұл мәселеде сабырлық танытып, ақылға салуға шақырар едім...
Ал, жер заңнамасының барлық нормаларымен, жер алқаптарын пайдалану және иелену тәртібімен ҚР Жер кодексінің қолданыстағы редакциясы бар сілтеме бойынша танысуға болады.
Асылжан Мамытбековтің айтуына қарағанда бұл құжаттармен мына сілтеме арқылы толығырақ танысуға болады.
qazaquni.kz