С.Ахметовтің жалған компания арқылы 6 млн. доллар инвестициялағаны белгілі болды
2015 ж. 20 қараша
3956
30
Қарағанды облыстық сотында «Ахметов ісі» бойынша сотталушылардың «Көліктік-логистикалық кешен» ЖШС-мен байланысты эпизод бойынша сотта жауап беруі жалғасуда. 19 қарашадағы сот отырысында сотталушылардың бірі, Премьер-Министр кеңсесі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Ғабит Матаев өзінің құқын пайдаланып, түсінік беруден бас тартты. Мұндай жағдайда сотталушының сотқа дейінгі тергеу кезінде берген жауаптары жарияланады.
Айта кетелік, Ғ. Матаев 2010 жылы «Сарыарқа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы, 2011 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, 2013 жылы Премьер-Министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары қызметтерін атқарған. Сотқа дейінгі тергеуде ол мынадай түсінік берген: «2011 жылдың көктемінде С. Ахметов екеуара әңгімеміздің барысында маған Қазақстандағы және әлемдегі көліктік-логистикалық кешендердің тәжірибесін зерттеуге тапсырма берді. Себебі ол осындай жобаны Қарағанды облысында жүзеге асырғысы келетінін айтты. Мен бұл мәселені зерделеуді «Сарыарқа» ӘКК» ҰК АҚ-ның құрылымындағы «Агроконсалтинг-К» АҚ-ның басшысы Азамат Мұқановқа тапсырдым. Арада біршама уақыт өткенде А. Мұқанов тапсырманы орындап, болашақ жобаның сызбасын жасады».
Ғ. Матаев А. Мұқанов дайындаған материалдарды қарап шыққаннан кейін С. Ахметовке «Агроконсалтинг-К» АҚ көліктік-логистикалық кешенді таныстыру үлгісін әзірлегенін баяндайды. С. Ахметов жобаның таныстырылымы өтетін күн мен уақытты белгілейді. Одан әрідегі оқиғалар тізбегін сотталушы былай әңгімелеген: «Сол күні ме әлде, басқа күні ме есімде жоқ, әкімдіктегі жиналыстан кейін Ахметов мені және қала әкімі Әбдішевті кабинетіне шақырды. Сол жерде көліктік-логистикалық кешеннің құрылысына жұмсалатын қаражат барын айтты. Сонымен қатар Ахметов Әбдішевке кешеннің құрылысына жер телімдерін бөлуді, маған оның құрылысына жалпы бақылау жасауды тапсырды. Айтарлығы, кездесуде жәй ғана жер телімі емес, «Агроконсалтинг-К» АҚ-ның көкөніс қоймасының жанында орналасқан жер телімі туралы әңгіме қозғалды».
Көп ұзамай «Агроконсалтинг-К» АҚ жобаны одан әрі пысықтауға кірісіп кетеді. Ахметовтің нұсқауын орындай отырып, Б. Әбдішев көліктік-логистикалық кешеннің құрылысына «Агроконсалтинг-К» АҚ-ның көкөніс қоймасының жанынан жер телімдерін бөледі. Сотталушы Ғ. Матаевтың айтуынша, С. Ахметов көліктік-логистикалық кешеннің құрылысына ақша салушы етіп көрсететін қандай да бір шетелдік инвестор табуды тапсырады. «Яғни Ахметовтің осы кешенге салатын ақшасы болды. Бірақ ол ақшаны шетелдік инвестордың қаражаты ретінде салуды жоспарлады» дейді сотталушы тергеудегі түсінігінде. Сайып келгенде әлдебір танысы Марат Исбаев ашқан «Standartex Project LLP» компаниясы инвестор ретінде таңдалады. Сөйтіп М. Исбаев «Агроконсалтинг-К» АҚ-мен бірлесіп «Қарағанды көліктік-логистикалық кешені» ЖШС-ін құрады. Жаңа фирманы басқару Ғ. Матаевтың ұсынуымен А. Біләловқа тапсырылады.
«2012 жылдың ақпан айында С. Ахметов маған кәсіпкер Д. Ыдырысовпен сөйлескенін айтты. Білуімше, Ыдырысовтың компаниясы коммуналдық мекемелерді басқаратын. С. Ахметовтің сөзінен ұққаным, Д. Ыдырысов шетелдік компанияның шотына ақша аударуға жәрдемдесуге келісіпті. Кейінірек ол қаражат инвестиция есебінде «Қарағанды көліктік-логистикалық кешені» ЖШС-нің шотына аударылатын болған. Осыдан кейін С. Ахметовтің нұсқауымен «Standartex Project LLP»-тің шотына аударылуы қажет ақшаны менің үйіме үш рет әкелді»,- делінген Ғ. Матаевтың тергеуге берген түсініктерінің бірінде. Ол ақшаны Ғ. Рақымжанов, Б. Әбдішев және Б. Нұрекина әкеліп бергенін айтады.
С. Ахметов әркез «Standartex Project LLP» компаниясының шотына аударылатын ақшаны әкелетінін ескертіп отырған. Сотталушы Ғ. Матаев кездесулердің өз үйінде болғанын растайды. Бірінші рет ақшаны 2012 жылдың ақпанында, екінші рет 2012 жылдың маусымында және үшінші рет 2012 жылдың қыркүйегінде жеткізген. Бұл оқиғаны: «Ақша спорттық сөмкелерге салынған. Мен сөмкелерді ашып, онда ақшаның бар-жоғын тексердім. Бірақ ақшаны санаған жоқпын. Өйткені Ғ. Рақымжанов, Б. Әбдішев және Б. Нұрекиналар маған ақшаны бергенде сөмкелерде қандай сома барын айтып отырды» деп түсіндіреді тергеуде сотталушы. Ғ. Матаев ақшаны алғаннан кейін, бірден С. Ахметовке тікелей хабарлаған. Ал қаржының аударымдары С. Ахметовтің қызметтік бөлмесінде келісілген көрінеді. Нәтижесінде шетелдік компания арқылы «Көліктік-логистикалық кешен» ЖШС-нің шотына 6 млн. долларға жуық ақша аударылған.
Әмина БӘКІР
qazaquni.kz