Куәгер ақшаның ізін жасыру дерегін растады
2015 ж. 13 қараша
1852
0
Қарағанды облыстық сотында С. Ахметов және басқа лауазымды шенеуніктердің қылмыстық ісі бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр. 11 қарашадағы сот отырысында «Топар жылыжайлары» ЖШС-не қатысты эпизодты қарау кезінде куәгер Галина Кордович сотқа жауап берді. Айта кетерлігі, бұған дейінгі сот отырысында түсінік берген куәгерлерден «Топар жылыжайлары» жобасындағы қондырғының құны 3 млн. еуроға әдейі көтерілгені мәлім болған.
Формальды түрде құрылған «КазИнтерАктив 21 век» және «Gold company KZ» фирмаларының есепшісі Галина Кордович сотта ақшаны қолма-қол түріне қалай айналдырғаны туралы әңгімеледі. «2012 жылдың желтоқсанында «Форте банктің» қарағандылық филиалында Ерлан Қисықовпен таныстым. Ол ақшаны қолма-қол түріне айналдыру қызметіне қызығушылық танытты. Е. Қисықов «испандық «Rupefa Technoagro S.L.» компаниясы аударатын ақшаны ешқандай іс жүзіндегі тауар жеткізу мен қызмет көрсетусіз «Топар жылыжайлары» ЖШС-нің шотына аударып, қалғанын қолма-қол ақша түрінде маған қайтару керек» деген талап қойды» деп хабарлады куәгер.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның сол кездегі несиелеу және лизинг департаментінің директоры Е. Қисықов көп ұзамай Г. Кордовичке ақшаны қолма-қол түріне айналдыруға өтініш жасайды. Одан әріде «ТоргПромСтрой», «КазИнтерАктив 21 век», «Gold company KZ» компаниялары арқылы испандық фирмадан және «Топар жылыжайларынан» түскен қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. «Іс жүзінде біз ешқандай қызмет түрін көрсеткен жоқпыз, тауарлар жеткізілген жоқ. Қолма-қол ақшаны мен Е. Қисықовқа бердім»,- деп түсіндірді куәгер істің мән-жайын.
Сондай-ақ ол ақша аударымдарын тіркеу үшін испандық «Rupefa Technoagro S.L.» компаниясының өкілі Кәмила Пірәлиевамен байланыс орнатқаны туралы да айтты. «Мен оны танымаймын. Электрондық поштасының мекен-жайын Е. Қисықов берді. К. Пірәлиева электрондық поштама келісім-шарттарды жіберді. Мен оған инвойстарды, шот-фактураларды салдым. Біз қашан және қай уақытта ақша аударылатыны жөнінде электрондық пошта арқылы хат жазыстық» деп әңгімеледі Г. Кордович.
Сотқа дейінгі тергеуде берген жауабында куәгер 2013 жылы 31 қаңтарда «Топар жылыжайлары» ЖШС-нен аталған кәсіпорындардың шотына жалпы сомасы 101 368 500 теңге және 2013 жылы 31 шілдеде 50 000 000 теңге түскенін, кейінірек ол қаражат басқа компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға ауыстырылып, «Топар жылыжайларына» қайта жіберілгенін айтқан. 2013 жылдың 13 маусымы мен 19 желтоқсаны аралығында «Rupefa Technoagro S.L.»-дан «КазИнтерАктив 21 век» ЖШС-нің шотына 1 199 741,35 еуро аударылған. Оны жалған фирманың номиналды директоры Д. Сафонов қолма-қол ақшаға айналдырып, Е. Қисықовқа берген. Одан әріде «ТоргПромСтрой»-дың шотына испандық компаниядан 262 589 еуро түсіп, Г. Кордович соның 4 835 000 теңгесін қолма-қол ақша түрінде Е. Қисықовқа жеткізген. Қалған ақшалар да басқа компаниялар арқылы шоттан алынып, қолма-қол түрінде Е. Қисықовқа берілген.
Әмина БӘКІР
qazaquni.kz