САЙЛАУҒА ЖӘНЕ САЙЛАНУҒА ӘРБІР АЗАМАТ ҚҰҚЫЛЫ

САЙЛАУҒА ЖӘНЕ САЙЛАНУҒА ӘРБІР АЗАМАТ ҚҰҚЫЛЫ

     Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцованың төрағалығымен ҚР ОСК жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

          Отырыс жұмысына мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтары мәселелеріне жетекшілік ететін жұмыс тобының, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл офисінің, саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ ЕҚЫҰ және ТМД ДИАҚБ миссияларының байқаушылары қатысты. Отырыста ерекше қажеттіліктері бар сайлаушыларды 2023 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауға дайындық барысы туралы, сондай-ақ Брайль шрифтімен трафареттер жасау мәселесін қоса алғанда, олардың сайлау учаскелерінде дауыс беруі үшін жағдайларды қамтамасыз ету бойынша мәселелер қаралды.

         Анастасия Щегорцова ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын сапалы ұйымдастыру мақсатында саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктерге сайлау тағайындалғаннан кейінгі ҚР ОСК-ның алғашқы отырыстарының бірінде мүгедектігі бар азаматтардың саяси және қоғамдық өмірге қатысуын қамтамасыз ету үшін оларды мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ретінде ұсыну және мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды ескере отырып, сайлау алдындағы үгіт жүргізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылғанын атап өтті.

            Қазақстан Республикасының барлық жеті саяси партиясы өкілдерінің Орталық сайлау комиссиясының ұсынымдарын іске асыру бойынша қабылданған шаралар туралы ақпараты тыңдалды. Мәселен, «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының өкілі Марат Сыдықов сайлау науқаны шеңберінде «AMANAT» партиясының сайлауалды штабы мүгедектігі бар адамдарға (көру қабілеті нашар, көру функциясы бұзылған адамдар) партияның үгіт материалдарымен танысу мүмкіндігі үшін ерекше назар аударғанын атап өтті.

      «Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратының өкілі Абай Табысбаев Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы сайлау заңнамасының талаптарын сақтау мақсатында мүгедектігі бар адамдар арасынан облыстық мәслихаттардың партиялық тізіміне 13 кандидатты ұсынғанын хабарлады. Сайлаушылармен кездесулерді ұйымдастыру үшін жүріп-тұруында қиындықтары бар кандидаттар арнайы көлік құралдарымен және жеке көмекшілермен қамтамасыз етілді.

 Сол сияқты «Ауыл» ХДПП хатшысы Қуаныш Сейітжанов, Қазақстан Халық партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Ислам Сұңқар, Қазақстанның «Байтақ» Жасылдар партиясының Республикалық сайлауалды штабы басшысының орынбасары Ермек Рахимов, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» орталық аппаратының басшысы Талғат Омаров, «Respublica» партиясының өкілі Нұрлан Джаменковтар өз тараптарынан осы бағытта атқарылған жұмыстары туралы баяндап берді.

         Бұдан кейін Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың адам құқықтарын қорғау бөлімінің меңгерушісі Жанар Бигалиева отырысқа қатысушыларды мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін учаскелердің қолжетімділігін тексеру нәтижелері туралы хабардар етті.

   Осылайша, сайлау алдында Адам құқықтары жөніндегі уәкілге өзінің өңірлік өкілдеріне аталған саладағы заңнаманың сақталуына барлық сайлау учаскелеріне мониторинг жүргізу, сол арқылы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығына қол жеткізуін қамтамасыз ету тапсырылды.

     Уәкіл тұтастай алғанда, медициналық әлеуметтік мекемелерде және тергеу изоляторларында орналасқан сайлау учаскелері дайын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдарға сәйкес келтірілгенін айтты. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының сақталуына, оның ішінде олардың сайлау құқығына қол жеткізуіне мониторинг жалғасуда.

       Сондай-ақ ағымдағы науқан шеңберінде ҚР ОСК партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру үшін Брайль шрифтін пайдалана отырып трафарет дайындады. Сараптаманы «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ, «Еркіндік қанаты» ҚБ. ұйым жүргізді.

         Парламент Мәжілісінің бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын, сондай- ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөніндегі бюллетеньдерге, трафареттер мен аудионұсқалары дайындалды, оларды тыңдағаннан кейін бюллетеньдерді өз бетінше толтыра алады.

           Отырыс соңында Анастасия Щегорцова сайлау науқаны шеңберінде барлық мүдделі тараптардың: саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктердің, кандидаттардың, мемлекеттік органдардың, сайлау комиссиялары мүшелерінің мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне белсенді қатысу қажеттігін атап өтті.

qazaquni.kz