Мемлекет басшысы қаржы ахуалына байланысты инфляция деңгейін төмендету жөніндегі қабылданған шаралардың оң ықпалын атап өтті.
– Бүгін біз Ұлттық банктің былтырғы жұмысы туралы есепті тыңдаймыз. Еліміздегі макроэкономикалық жағдай мейлінше тұрақты. 2018 жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,1% деңгейді көрсетті. Инфляция белгіленген көрсеткіштен аспай 5,3% құрады. Үкімет пен Ұлттық банк жүргізіліп жатқан макроэкономикалық саясаттың сабақтастығы туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық банк төрағасы Қазақстан Президентіне берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде баяндады.
– Ұлттық банктің жақында шығарған шешімінің қорытындысы бойынша базалық мөлшерлеме 9% төмендеді. Бұл тартылған қаржының құнын төмендету үшін қосымша мүмкіндік береді және келешекте кәсіпкерлік, әсіресе, шағын бизнес үшін несие мөлшерлемесіне ықпал етеді деп санаймыз. Сіздің Маңғыстау облысына жұмыс сапарыңыздың барысында берген тапсырмаңызды орындау аясында біз Үкіметпен бірлесіп, алғашқы қадамдарды жасадық, – деп мәлімдеді Ерболат Досаев.
Мемлекет басшысына теңгенің айырбастау бағамының ахуалы мен оған сыртқы және ішкі факторлардың әсері, сондай-ақ, еліміздің сыртқы қарызының азайғаны және шетелден тартылған инвестиция көлемінің артқаны жөнінде мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев банктердің активтерінің сапасына бағалау жүргізудің және «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырудың қажеттігін айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті ұсынылған есепті құптап, қаржы секторын дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.