Депутаттар мүліктерін жария етеді – Қаржы министрлігі
2019 ж. 07 наурыз
5120
2
2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар мен судьяялардың кірістері туралы ақпарат ашық болады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев мәлімдеді, - деп хабарлайды baq.kz.
«Пилоттық жоба аясында біз декларацияны алдын ала толтыруды сынақтан өткіздік. Пилоттық жоба аясында 2 153 декларация қабылданса, ондағы 114 салық төлеушінің мәліметтері бойынша мемлекеттік органдардағы ақпараттардың сәйкессіздігі анықталды. Бұл 5,4 процентті құрайды. Сонымен қатар, 1 725 жеке тұлғадан осы мәселе бойынша сауалнама алынып, декларанттардың шамамен 80 проценті сәйкес сайт, портал не мобильдік қосымша арқылы декларация тапсырғысы келетіні анықталды», - деді вице-министр.
Ол жаппай декларация тапсырудың пилоттық жобасын жүзеге асыру арқылы бұл жүйедегі кемшіліктер анықталып, оларды түзету бойынша жұмыстар жасалғанын айтты.
«Біз декларация үлгісін оңтайландырдық. Егер, бұған дейін декларация 15 парақты құраса, қазір бұл құжат 2 парақтан тұрады. Сонымен қатар, электронды үкімет порталында декларацияны толтырудың тесттік режимдегі функциясын қостық. Ол электронды цифрлық қолтаңба арқылы мәліметтерді нақтылап, оларды қажет болса түзетуге мүміндік береді», - деді Еңсебаев.
Министрдің орынбасары жалпыға ортақ декларациялау аясындағы түсіндіру жұмыстарын сәйкес жүргізу мақсатында 1414 жедел желісі арқылы call-орталық іске қосылғанын айтты.
«2020 жылдан бастап жаппай ортақ декларациялаудың мәліметтері түрлі ашық дереккөздерде, жұмыс берушінің сайттарында жарияланады деп межеленуде. Жекелеген санаттағы азаматтар, яғни, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар жаңа 750-ші үлгіні толтырып, ондағы мәліметтерді ашық және қолжетімді етеді», - деді вице-министр.